Ехоба куәгерлері Киелі кітапты өз нанымдарына сай өзгертіп алған ба?
Жоқ, олай емес. Қайта, нанымдарымыз Киелі кітапқа сай еместігін түсінгенде, оларды өзгерткенбіз.
Біз Киелі кітапты 1950 жылы “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасын” тәржімелене бастағаннан ұзақ уақыт бұрын зерттегенбіз. Біз қолда бар аударманың бәрін қолданып, соларға сәйкес нанымдарымызды қалыптастырдық. Ехоба куәгерлерінің бұрыннан ұстанып келе жатқан бірнеше нанымын қарастырып, олар Киелі кітапқа сай келе ме, жоқ па — соны байқап көріңіз.
Құдай үштік емес. “Сион күзет мұнарасы” журналында (ағ., 1882 жыл, шілде) былай делінген болатын: “Оқырмандарымыз білетініндей, біз Ехобаға, Исаға және Киелі рухқа сенеміз. Бірақ бұлар бір тұлғадағы үш Құдай, немесе тағы біреулер айтатындай, үш тұлғадан тұратын бір Құдай деген ілімнен бас тартамыз, өйткені бұл Киелі кітапқа мүлдем қайшы”.
Киелі кітапта не делінген? “Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!” (Заңды қайталау 6:4, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы). “Біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де сол арқылы пайда болдық” (Қорынттықтарға 1-хат 8:6, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы). Исаның өзі: “Әкем Менен де Ұлы”,— деген (Иоаннан 14:28, “Таурат” аудармасы).
Мәңгі азаптайтын тозақ оты жоқ. “Сион күзет мұнарасындағы” (ағ., 1882 жыл, маусым) “Күнә үшін жаза — өлім” (Римдіктерге 6:23, “Таурат” аудармасы) деген мақалада былай делінген: “Неткен қарапайым да түсінікті сөздер! Киелі кітапты Құдай Сөзі деп мойындайтын көп адамның осы сөздерді жоққа шығаратыны, Киелі кітап күнәнің беретіні — мәңгі азапталу деп үйретеді деп айтатыны әрі осыған сенетіні неткен қисынсыз!”
Киелі кітапта не делінген? “Күнә істейтін пенде қаза табады” (Иезекииль 18:20, “Таурат” аудармасы). Құдайға қарсы шығатындарды күтіп тұрған соңғы жаза — мәңгі азапталу емес, “мәңгілікке жойылу” (Салоникалықтарға 2-хат 1:9, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы).
Құдай Патшалығы — жай ғана жүректің күйі емес, шынымен бар үкімет. Құдай Патшалығы жайында 1881 жылғы “Сион күзет мұнарасында” (ағ.) былай делінген болатын: “Бұл патшалықтың орнағаны оның жер бетіндегі патшалықтардың бәрін сөзсіз жоятынын білдіреді”.
Киелі кітапта не делінген? “Сол патшалардың заманында көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол патшалық ешқашан күйремейді, Құдай бөтен халықтың оны жаулап алуына да жол бермейді. Қайта, осы Патшалық басқа барлық патшалықтарды біржола қиратып, өзі мәңгі берік тұрады” (Даниял 2:44, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы).
Ехоба куәгерлері “Жаңа дүние аудармасын” ғана қолдана ма?
Жоқ. Біз уағыздау қызметімізде әлі де Киелі кітаптың көптеген аудармасын қолданамыз. “Жаңа дүние аудармасын” көпшілікке тегін ұсынғанымызбен, кімде-кім өзінде бар аударманың көмегімен Киелі зерттеймін десе, мұнысын тек құп көреміз.