Ехоба куәгерлері неге Рождествоны тойламайды?
Көп тараған жаңсақ пікірлер
Жаңсақ пікір: Ехоба куәгерлерінің Рождествоны тойламайтындарының себебі — олар Исаға сенбейді.
Шындық: Біз — мәсіхшіміз және адамзат тек Иса Мәсіх арқылы құтқарылады деп сенеміз (Елшілердің істері 4:12).
Жаңсақ пікір: Сендер Рождествоны тойлауға болмайды деп, отбасының бірлігін бұзасыңдар.
Шындық: Біз үшін отбасы — қасиетті құрылым. Біз Киелі кітап арқылы өзгелерге отбасындағы ынтымақ-бірлікті сақтауға көмектесеміз.
Жаңсақ пікір: Рождество кезінде адамдар бір-біріне жомарт болады, бірлік пен татулыққа шақырып, жақсылық жасайды. Сендер мұның бәрінен құр алақан қалып жатырсыңдар.
Шындық: Біз күніге жомарт болуға, өзгелермен тату болуға тырысамыз (Нақыл сөздер 11:25; Римдіктерге 12:18). Мысалы, қауым кездесулерінде беретін тәліміміз бен айтатын уағызымыз Исаның: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер”,— деген сөздеріне сай (Матай 10:8). Бұған қоса, шынайы бірлік пен татулыққа тек Құдай Патшалығы жеткізеді деп сенеміз (Матай 10:7).
Ехоба куәгерлері неге Рождествоны тойламайды?
Иса оның туған күнін емес, өлген күнін еске алып тұруды бұйырған (Лұқа 22:19, 20).
Исаның елшілері де, ертедегі мәсіхшілер де Рождествоны тойламаған. “Жаңа католик энциклопедиясында” айтылғандай, “адамдар Исаның туған күнін б.з. 243 жылынан кейін тойлай бастады”. Демек, адамдар Рождествоны Исаның елшілерінің соңғысы қайтыс болғаннан 100 жылдан көп уақыт өткен соң ғана тойлай бастаған.
Исаның 25 желтоқсанда туылғанына ешқандай дәлел жоқ. Киелі кітапта оның қай күні туылғаны жазылмаған.
Біз Құдай Рождество мейрамын құптамайды деп сенеміз, себебі бұл мейрам жалған әдет-ғұрыптар мен салт-жоралардан шыққан (Қорынттықтарға 2-хат 6:17).
Рождествоны тойлау-тойламау соншалықты маңызды ма?
Көп адам Рождествоның жалған салт-жоралардан шыққанын, Киелі кітапқа негізделмегенін білсе де, тойлай береді. Олар былай деп ойлауы мүмкін: “Неге мәсіхшілер Рождествоны тойламай, ел-жұрттан қалу керек? Оның қалай бастау алғаны ешкімді қызықтырмайды ғой”.
Киелі кітап бізді “ақыл-ойымызды іске қосуға” шақырады (Римдіктерге 12:1, 2). Сондай-ақ шындықты бағалауға да үйретеді (Жохан 4:23, 24). Әрине, адамдардың біз жайлы қандай ойда екені бізге бәрібір емес. Алайда осындай мәселелерде елден ерекше болып көрінсек те, біз үшін Киелі кітап принциптерін ұстану өте маңызды.
Біз Рождествоны өзіміз тойламасақ та, өзгелердің бұл мәселеде қабылдаған шешімін құрметтейміз. Олар Рождествоны тойлап жатса, біз оларға еш кедергі жасамаймыз.