Ехоба куәгерлері неліктен соғысқа қатыспайды?
Келесі себептермен Ехоба куәгерлері соғысқа қатыспайды:
Құдайға мойынсұнады. Киелі кітапта Құдайдың қызметшілері жайлы “найзаларын ораққа айналдырады” және “соғысуды тіптен үйренбейді” деп жазылған (Ишая 2:4).
Иса пайғамбарға мойынсұнады. Иса пайғамбар бір елшісіне былай деген: “Семсеріңді қынабына сал! Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өлер” (Матай 26:52). Осылайша ол соңынан ерген ізбасарлары қару ұстамайтынын көрсетті.
Иса пайғамбар шәкірттерінің “осы дүниелік емес” екенін айтқан. Сондықтан олар саяси мәселеде бейтараптық ұстанымды берік сақтайды (Жохан 17:16). Олар әскери шараларға қарсылық көрсетпейді және әскерде қызмет етуді таңдағандарға да кедергі жасамайды.
Адамдарды жақсы көреді. Иса пайғамбар шәкірттеріне: “Бір-біріңді сүйіңдер”,— деп бұйырған (Жохан 13:34, 35). Олар өзара сүйіспеншілік таныта отырып, дүниежүзілік бауырластықты құрау керек болды. Мұндай бауырластар бір-бірімен ешқашан соғыспайды (Жоханның 1-хаты 3:10—12).
Исаның І ғасырдағы ізбасарларын үлгі етеді. “Дін мен соғыс энциклопедиясында” Исаның І ғасырдағы ізбасарларының соғысқа қатысудан және әскерде қызмет етуден бас тартқаны баяндалған. Олар соғысса, Исаның “жауларыңды жақсы көріңдер” деген өсиетіне қайшы келетіндерін түсінген. Петер Майнхольд деген неміс дін маманы І ғасырдағы шәкірттер үшін Исаның ізбасары болу мен әскери істерге қатысу үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын ұғым болғанын айтқан.
Қоғамның игілігі үшін
Ехоба куәгерлерінің қоғам үшін қосып жатқан үлестері зор, әрі тұрып жатқан елдеріне еш қауіп төндірмейді. Олар мемлекеттік билікке құрмет көрсетіп, Киелі кітаптың төмендегі нұсқауларын орындайды:
“Әрбір жан билігі барларға бағынсын” (Римдіктерге 13:1)
“Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер!” (Матай 22:21)
Міне, сондықтан да біз заңға бағынамыз, салық төлеп тұрамыз және қоғамның игілігі үшін мемлекеттің тарапынан жасалып жатқан істерге үлес қосамыз.