Ехоба куәгерлері білім алуға қалай қарайды?
Біздің білім алуға деген көзқарасымыз Киелі кітаптағы қағидаларға негізделген. Төмендегідей қағидаларды қалай қолдануды әрбір Ехоба куәгері өзінің Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сай шешеді a.
Білім алу аса маңызды
Білім адамды “даналық пен саналылыққа” баулиды. Киелі кітапта бұл екі қасиет жоғары бағаланады (Нақыл сөздер 2:10, 11; 3:21, 22). Оның үстіне, Иса пайғамбар да ізбасарларына өзінің бұйырғандарын өзгелерге үйретуді тапсырған (Матай 28:19, 20). Сол үшін біз бір сенімдегілерді жан-жақты білім алуға, мысалы оқу, жазу, өзгелермен пікірлесе білу b сияқты қабілеттерін шыңдауға, сондай-ақ басқа діндер мен түрлі мәдениет жайында білуге талпындырамыз (Қорынттықтарға 1-хат 9:20—22; Тімөтеге 1-хат 4:13).
Үкіметтер де білім алудың маңыздылығын түсінеді. Сондықтан жиі олар мектепте бастауыш, негізгі орта білім және жалпы орта білім алуды талап етеді. Біз осындай заңдарды орындап, Киелі кітаптағы: “Әрбір адам билік басындағыларға бағынсын”,— деген сөздерге құлақ асамыз (Римдіктерге 13:1). Бұған қоса, балаларымызды сабаққа жеңіл-желпі қарамай, мектепте мейлінше жақсы оқуға талпындырамыз c. Өйткені Киелі жазбаларда: “Қандай іс болмасын, адамдар үшін емес, Ехоба [Құдай] үшін істегендей жан-тәндеріңмен істеңдер”,— делінген (Қолостықтарға 3:23).
Білім отбасын асырауға көмектеседі. Киелі кітапта: “Туыстарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімнен бас тартқан, ол Құдайға сенбейтін адамнан да жаман”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 5:8). Зайырлы білім отбасымыздың алдындағы қасиетті парызымызды орындап, олардың қамын ойлауға мүмкіндік береді. “Уорлд бук” энциклопедиясында айтылғандай, білім алудың басты мақсаты — “адамдарды жұмыс істейтін... қоғамға пайдасын тигізетін азаматтар ету”. Өз ісіне шебер, білімді адам қолынан ештеңе келмейтін әрі негізгі білім алмаған адамға қарағанда отбасына жақсы әрі тұрақты түрде қамқорлық көрсете алады (Нақыл сөздер 22:29).
Ата-аналар балаларын ересек өмірге дайындау арқылы да олардың қамын ойлайды. Бұл ретте балаларды мектепте оқыту таптырмас көмек екені анық (Қорынттықтарға 2-хат 12:14). Біз ата-аналарды тұратын жерлерінде білім алу қиын, ақылы, мәдениетке қайшы келсе де, балаларына негізгі білім алуға жағдай жасауға шақырамыз d. Сонымен қатар балаларына жақсы оқуға қалай көмектесе алатынына қатысты ақыл-кеңестер беріп тұрамыз e.
Білім алуды шешкенде жан-жақты салмақтап-саралау қажет
Білім алуды шешкенде бәрін салмақтап-саралаймыз. Құдай Сөзінде: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады”,— делінген (Нақыл сөздер 14:15). Қандай білім алатынымызды шешкенде және оның бағасын, сапасын қарастырғанда, біз осы қағидаға жүгінеміз. Мысал үшін, кәсіптік даярлау курстары уақытты тиімді пайдаланып, сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Құдай жайлы білім зайырлы білімнен әлдеқайда асып түседі. Зайырлы білімнен ерекшелігі — Киелі кітаптағы білім Құдайды танып-білуге әрі мәңгі өмір сүруге жол ашады (Жохан 17:3). Сондай-ақ бұл білім моральдық құндылықтарды — “әділдік, әділет пен туралықты... жақсылық атаулыны” үйретеді (Нақыл сөздер 2:9). Елші Пауыл, қазіргі тілмен айтқанда, университетті бітірген. Сөйтсе де ол Мәсіх Иса туралы білімді “аса құнды білім” деп атаған (Філіпіліктерге 3:8; Елшілердің істері 22:3). Бүгінгі таңда да Ехоба куәгерлерінің көбісі жоғары білім алған, десе де олар Құдай жайлы білімнің әлдеқайда құнды екеніне сенімді f.
Жоғары білім адамның өнегелік құндылықтарына және Құдаймен қарым-қатынасына қауіп төндіруі мүмкін
Киелі кітапта мынадай нақыл сөз бар: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар” (Нақыл сөздер 22:3). Ехоба куәгерлері кейбір жоғары оқу орындарында білім алу олардың өнегелік құндылықтарына, Құдаймен қарым-қатынасына кері ықпал етеді деп есептейді. Сондықтан көбісі осындай ортада білім алмауды я балаларын оқытпауды жөн көреді. Оның үстіне, олар жоғары оқу орындары жиі төмендегідей қате пікірлерді алға тартатынын біледі:
Қате пікір: Ақша бақыт пен қауіпсіздікке жеткізеді
Жоғарғы білім алу табысы мол жұмысқа тұрудың бірден-бір жолы деген көзқарас кең тарағандықтан, көп ақша табу мақсатымен ғана оқуға түсетіндер саны күн санап өсуде. Кейбіреулер ақшаң болса, бақытты да қауіпсіз өмір кешесің деген ойда. Алайда Киелі кітаптан мұндай көзқарастың бос әурешілік екені көрінеді (Уағыздаушы 5:10). Бұдан да маңыздысы, онда “ақшақұмарлық — бар жамандықтың түптамыры” екені әрі ақшаның кесірінен адамдар Құдайға деген сенімін жоғалтып алуы мүмкін екені айтылған (Тімөтеге 1-хат 6:10). Ехоба куәгерлері “алдамшы байлықтың” тұзағына түсіп қалмау үшін барын салады (Матай 13:22).
Қате пікір: Адам жоғары білім беретін атақ-дәрежеге ұмтылу керек
Мысалы, Грузияның бұрынғы премьер-министрі Ника Гилаури өз жерлестерінің көзқарасы туралы былай деген: “Грузияда университеттік диплом адамның қоғамда сыйлы болуы үшін қажет-ақ... [Бұрын] дипломы жоқ жастар өз отбасыларын ұятқа қалдыратын болған” g. Алайда Киелі кітап осы әлемде атақ-даңқ іздемеу керектігін ескертеді. Кезінде Иса пайғамбар осылай құрмет-даңқ іздеген дінбасыларына: “Бір-біріңнен құрмет күтсеңдер, қалай маған сенбексіңдер?”— деген (Жохан 5:44). Жоғарғы оқу орындары адамды менмен, тәкаппар етіп жіберуі мүмкін, ал Құдай бұны жек көреді (Нақыл сөздер 6:16, 17; Петірдің 1-хаты 5:5).
Қате пікір: Ненің жақсы, ненің жаман екенін әр адам өзі шешеді
Ехоба куәгерлері ненің жақсы, ненің жаман екеніне қатысты Құдайдың нормаларын ұстанады (Ишая 5:20). Ал, ішімдік пен есірткі жөніндегі бір журналда айтылғандай, құрдастары қысым көрсеткендіктен көптеген университет студенттері “жақсы мен жаманға қатысты қалыптасқан көзқарастарына қайшы нәрселерді істей бастайды” h. Бұл Киелі кітаптағы “жаман орта жақсы әдеттен айырады” деген сөздердің қалт айтылмағанын айғақтайды (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Жоғарғы оқу орындарында оқитындар жиі маскүнемдік, есірткі қабылдау, некеге дейінгі жыныстық қатынас сияқты Құдай айыптайтын істерге барып жатады, тіпті өзгелерді де осыған үгіттейді (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Қорынттықтарға 2-хат 7:1).
Қате пікір: Жоғарғы білім — әлемдегі ахуалды жақсартудың ең жақсы жолы
Әрине, көп адам жоғарғы білімге байлық қуып, атақ-дәрежеге я ләззат-ермекке қол жеткізу үшін емес, өздерін жетілдіру үшін және әлемнің ахуалын жақсарту үшін ұмтылады. Бұл игі мақсат болғанмен, Ехоба куәгерлері басқа көзқарасты ұстанады. Иса пайғамбар сияқты, олар да дүниедегі жағдайды тек Құдай Патшалығы, немесе үкіметі, ғана жақсарта алады деп сенеді (Матай 6:9, 10). Алайда біз әлемдегі қиыншылықтардың бәрін Құдай Патшалығы шешіп береді деп қол қусырып отыра бермейміз. Иса пайғамбар секілді біз де “Патшалық жайлы ізгі хабарды” бүкіл жержүзіне жариялап, жыл сайын жүз мыңдаған адамға өмірлерін жақсы жаққа өзгертуге көмектесудеміз i (Матай 24:14).
a Ата-анасымен тұратын Куәгер жастар, Құдайдың заңдарына қайшы келмесе, білім алу мәселесінде ата-анасына мойынсұнады (Қолостықтарға 3:20).
b Осы орайда біз “Оқу-жазуды үйренейік” сияқты сауат ашу құралдарының 11 миллионнан астам данасын басып шығардық. Сондай-ақ дүниежүзі бойынша 120 тілде сауат ашу курстарын тегін өткіземіз. 2003—2017 жылдар аралығында біз 70 000-дай адамға оқу мен жазуды үйреттік.
c “Мектепті тастағаным дұрыс па?” (орыс тілінде) деген мақаланы қараңыз.
d Мысалы, ата-аналарды ұлдарын да, қыздарын да мектепке беруге талпындырамыз. “Баламды мектепке беруім керек пе?” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, (орыс тілінде) 2003 жыл, 15 наурыз).
e “Балаңыздың үлгерімін қалай жақсарта аласыз?” деген мақаланы қараңыз.
f Біздің jw.org сайтымыздағы “Тіршіліктің пайда болуына қатысты пікірлер” деген айдарды қараңыз.
g “Practical Economics: Economic Transformation and Government Reform in Georgia 2004—2012”, 170-б.
h “Journal of Alcohol and Drug Education”, 61-том, №1 саны, сәуір, 2017 жыл, 72-бет.
i Киелі кітап пен Құдай Патшалығы туралы хабардың керемет әсері туралы jw.org сайтындағы “Киелі кітап адам өмірін өзгертеді” деген айдардан оқып көріңіз.