Бірлігі жарасқан халық: Франкфуртта өткен халықаралық конгресс
“Франкфуртер Рундшау” газетінде “Бұл бір отбасылық мереке сияқты болды” деген мақала жарық көрді. Жиынға келгендердің мұнымен келісері анық.
Пуэрто-Рикодан келген Карла: “Бізді бәрі құшақ жая қарсы алды!”— деп қуанышын жасыра алмады.
Австралиялық Сара болса былай деді: “Мен жердің басқа шетінде тұратын өз туыстарымды көргендей болдым”.
Бұл адамдардың осылай жылы лебіз білдіруіне не себеп болды? Ехоба куәгерлерінің халықаралық конгресі. Бұл жиын Германияның Франкфурт қаласындағы Коммерцбанк-Аренада 2014 жылы шілденің 18—20 аралығында өтті. Оған 37 000-дай адам келді.
Жұрт Киелі кітаптан тәлім алуға жиналған болатын. Конгресте Киелі кітап оқылды, әндер мен дұғалар айтылды, екі сахналық қойылым болды және Киелі кітапқа негізделген қызықты баяндамалар айтылды.
Конгресте жергілікті Куәгерлермен қоса, Австралия, Британия, Грекия, Ливан, Оңтүстік Африка, Сербия және Құрама Штаттардан келген 3000-нан астам делегат болды. Сондай-ақ тағы да 70 елде арнайы қызмет атқаратын 234 Куәгер келді.
Бағдарламаның кейбір бөліктері Германияның басқа да 19 жерінде және Австрия мен Швейцарияда онлайн трансляция арқылы көрсетілді. Конгресті жалпы алғанда 204 046 адам тыңдады.
Арадағы бөгетті жою
Франкфуртта бағдарлама ағылшын, неміс және грек тілдерінде өтті. Ал басқа жерлерде баяндамалар бірден 17 тілге, мысалы, араб, қытай, тамил, түрік тілдері мен екі ым тіліне аударылып тұрды.
Жиналған Куәгерлер әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі елдерден келсе де, оларды сүйіспеншілік біріктірді (Жохан 13:34, 35). Олар бір-біріне бір үйдің балаларындай қарады.
Британиядан келген Тобиястың айтуынша, олар еларалық шегаралар халықаралық бауырластыққа еш бөгет жасай алмайтынына көз жеткізді.
“Мен 20-дан астам елден келген бауырластармен таныстым. Бізді Құдайға және бір-бірімізге деген сүйіспеншілік біріктіреді”,— деді Пуэрто-Рикодан келген Давианна.
Австралиялық Малком былай деді: “Мен шындықты кішкентай қалада біліп, Ехоба куәгері болдым. Бірлігі жарасқан дүниежүлік бауырластығымыз туралы әдебиеттер оқып, бейнефильмдер көргенмін. Бірақ оны өз көзіңмен көргенге ештеңе жетпейді екен. Осында келгеннің арқасында сенімім қатты нығайып қалды”.
Естен кетпес қонақжайлылық
Франкфурт пен оның айналасындағы 58 қауымнан жиналған Куәгерлер делегаттарға сыйлықтар жасап, кешкісін қызықты бағдарламалар ұйымдастырды.
“Мұндағы бауырластар өте қонақжай екен,— деді Құрама Штаттардан келген Синтия.— Олардың зор сүйіспеншілігін, мейірімділігін, жомарттығын ешқашан ұмытпаспын”.
Германияда тұратын Зимон былай деді: “Барлығы күліп-ойнап, бір-біріне жылулық пен бауырмалдық танытты. Біз бір-бірімізден үйренеріміз көп екен”.
“Кешкісін өткен ойын-сауық бағдарламасын көргенде, мен Ехоба куәгерлерінің өмірдің қызығынан бас тартқан адамдар еместігіне тағы бір көз жеткіздім,— деді австралиялық Эми.— Біз әдепті де қызықты түрде көңіл көтере аламыз”.
Жүрек жылытар естеліктер
Франкфурттағы конгресс — дүниежүзі бойынша өткен тоғыз халықаралық конгрестің бірі ғана.
Сонда болған бір бауырластан конгресс туралы не ойлайтынын сұрағанда, ол былай деген еді: “Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: бір күні сіз күтпеген жаңалық естисіз. Сіздің ешқашан көрмеген бауырыңыз бар болып шығады. Екеуіңіз кездескескенде, бауырыңыз сізді құшақ жая қарсы алады. Сіз қуанышыңыз қойныңызға сыймай қуанасыз. Ал енді осы қуанышты 37 000-ға көбейтіңіз. Міне, мен өзімді дәл осылай сезіндім!”