Олар қарт жандарға үміт пен жұбаныш сыйлауда
Көп елдерде сияқты Австралияда қарт кісілердің қатары қалың. Олардың кейбірі қарттар үйін паналайды. Сол жерде қызмет етушілер қамқорлықпен олардың денсаулығын күтіп, күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандырады.
Қарттар үйінде тұратындарға тәндік жағынан ғана емес, басқа жағынан да көмек қажет. Олар арагідік зерігеді, жалғыздық сезінеді, тіпті шарасыз күй кешеді. Ехоба куәгерлері апта сайын Портленд қаласындағы (Виктория, Австралия) екі қарттар үйіне барып, егде тартқан жандарға үміт пен жұбаныш сыйлап кетеді.
Қарттар үйінде өткізілетін Киелі кітапқа негізделген талқылаулар
Жергілікті Ехоба куәгерлері қарт кісілермен кездесіп, Киелі кітапқа негізделген тақырыптарды, мысалы Исаның өмірінде болған қызықты оқиғаларды, қарастырады. Джейсон деген Куәгер былай дейді: “Біз егде тартқан кісілерге Киелі кітаптан үзінді оқып береміз. Кейін соны олармен бірге талқылаймыз”. Кездесуге келгендердің көбісінің денсаулықтары нашар. Сондықтан Куәгерлер Құдайдың ауру мен өлімді жоюды уәде еткенін айтып, оларға үміт пен жігер береді.
Тони есімді жергілікті Куәгер былай дейді: “Біз басында бұл кездесуді жарты сағат өткізетінбіз. Бірақ олар біздің өздеріне көбірек уақыт бөлгенімізді қалады. Сондықтан қазір кездесуіміз бір сағатқа созылады. Бір қарт әйел тіпті екі сағатқа қалғанымызды қалады!” Егде тартқан кісілердің арасында көздері көрмейтін, төсектен тұра алмайтын, қолдарына ештеңе ұстай алмайтындар да бар. Куәгерлер талқылау барысында мұндай қарттарға көмектесіп, оларды мүмкіндігінше атсалысуға талпындырады.
Куәгерлер қарттармен бірге Құдайды мадақтайтын бірнеше ән айтады. Жиі олар көбірек ән айтуды сұрап жатады. Джон * есімді қария былай деген: “Сендер айтқызатын әндерді біз қатты жақсы көреміз. Олар бізге Құдайды танып-білуге және оны құрметтеуге көмектеседі”. Көзі көрмейтін Джудит есімді қарт әйел болса өзінің сүйікті әндерінің сөзін жаттап алған!
Куәгерлер егде тартқан жандардың әрқайсысының қамын ойлайды. Брайан есімді еріктінің айтуынша, қарт кісілердің бірі ауырып қалса, Куәгерлер оның бөлмесіне кіріп шығады екен. “Біз олармен сөйлесіп, хал-жағдайын сұраймыз. Кейде бірер күнде қайтып келіп, жағдайының жақсарған-жақсармағанын біліп кетеміз”,— деді ол.
“Сендерді бізге Құдай жіберді!”
Қарттар үйіндегі кісілер Куәгерлердің келгеніне қатты қуанады. Апта сайынғы Киелі кітапқа негізделген талқылауға қатысатын Питер деген қария: “Мен кездесу өтетін күнді тағатсыздана күтемін”,— дейді. Ал Джудит әжей болса қызмет көрсетушілерге: “Бүгін сәрсенбі ғой! Мені кездесуге дайындаңдаршы, кешігіп қалмайын”,— дейді екен.
Біліп жатқандары қарт кісілерге қатты ұнайды. Олар өздерінің Құдайға әлдеқайда жақын бола түскендерін байқаған. Исаның бір тәлімін қарастырғаннан кейін Роберт деген егде кісі былай деген: “Киелі кітаптың осы бір үзіндісін ешқашан түсінбеген едім. Енді түсіндім!” Ал Дэйвид деген қарт кісі дұға етудің маңыздылығы туралы біліп, былай дейді: “Дұғаның арқасында Құдаймен қарым-қатынасым нығайды және ол мен үшін тірі тұлға болды”.
Киелі кітаптың болашаққа қатысты қандай үміт беретіні қарттарға өте қызықты болды. Егде тартқан Линет есімді әйел Кәугерлерге: “Киелі кітаптың көмегімен бізді осылай жұбатып жатқандарыңа көп рақмет”,— деген. Тағы бір қарт әйел: “Сендерді бізге Құдай жіберді!”— деді.
Куәгерлердің келгені жасы ұлғайған Маргаретке қатты әсер еткені сонша — қазір ол Ехоба куәгерлерінің жергілікті Патшалық сарайына жүйелі түрде барып тұрады. Денсаулығы нашар, қозғалуы қиын болғандықтан, оған көп күш салуға тура келеді. Ол Куәгерлерге: “Сендердің бізге үйретіп жүргендерің өмір сүруге күш береді”,— деген.
“Жасап жүргендерің тамаша іс”
Қарттар үйінің қызметшілері де Куәгерлердің келіп жүргендеріне қатты қуанады. Анна есімді жергілікті Куәгер былай дейді: “Қызмет көрсетушілер қарттарды Киелі кітапқа негізделген талқылауларға қатысуға талпындырады екен. Өйткені соған қатысатындардың әлдеқайда бақытты екенін байқаған”. Жоғарыда аталып кеткен Брайан былай дейді: “Қызмет көрсетушілер жылы шырайлы және көмектесуге дайын. Олар көмектесудің мүмкіндігін жібермейді”.
Киелі кітап жайлы талқылаулардың қарттарға қатты ұнайтынын көрген туыстары дән риза. Бір қарт кісінің қызы Куәгерлерді мақтап, былай деген: “Анам үшін жасап жүргендерің тамаша іс”.
^ 7-абзац Қарттар үйінде тұрып жатқан кісілердің есімдері өзгертілген.