Челмсфордтың табиғатын қорғау
Ұлыбританиядағы Ехоба куәгерлері Челмсфорд қаласының төңірегінде (Эссекс графтығы) өздерінің жаңа филиалдарын соғуды бастады. Бұл әдемі жерде жабайы өсімдіктер мен жануарлар көптеп кездеседі. Оларды қорғау үшін 1981 жылы “Жабайы табиғат пен ауылды аймақтардың табиғатын қорғау туралы заң” қабылданған. Құрылыс кезінде Ехоба куәгерлері бұл заңды қалай ұстанып жүр?
Куәгерлер кеміргіштер отрядына жататын қарақастарды құрылыс алаңына жолатпау үшін, оларға арнап алысырақ жерлерде ағаш қалдықтарынан үйшіктер соққан. Сондай-ақ қарақастар ағаштар мен бұталы қоршаулардың арасында еркін жүре алу үшін, филиалға апаратын негізгі жолдың үстінен арнайы көпір жасалды. Куәгерлер қарақастарды қорғау мақсатымен құрылған бұталы қоршауларды күтіп-баптау бағдарламасын мықтап ұстанып келеді. Мысалы, жыл сайынғы бұталарды кесу жұмысы қарақастар қысқы ұйқыға кеткен кезде жүргізіледі. Кесу жұмысы жаппай емес, аймақтан аймаққа жүргізілетіндіктен, қарақастардың мекендейтін ортасы мен жейтін қорегі айтарлықтай бүлінбейді.
Куәгерлер жыландарға, кесірткелер мен құрттектес кесірткелерге де зақым келтірмеді. Бұл бауырымен жорғалаушылар уақытша қойылған шатырдың қыш тақтайшаларының астына үймелеп жиналды. Кейін оларды экологтар жинап алып, құрылыс алаңынан қауіпсіз жерге көшірді. Олардың жаңа тұрағына қыстайтын камералар мен арнайы қоршаулар орнатылды. Жәндіктер құрылыс алаңына шығып, жапа шегіп қалмас үшін, Куәгерлер бұл қоршауларды жиі тексеріп тұрады.
Өмірлері түнде қыз-қыз қайнайтын жарғанаттардың тыныштығын бұзбас үшін, осы аймақта қатты жарқырамайтын диодты шамдар қойылды. Бұл шамдар көлік қозғалғанда ғана іске қосылады, ал басқа уақытта айнала қап-қараңғы болып тұрады. Жарғанаттар қоректерін құрылыс алаңының айналасындағы бұталы қоршаулардан іздейтіндіктен, бұталардың басым бөлігі сақталып, тіпті аумағы екі жарым километрге дейін ұлғайтылмақ. Куәгерлер жарғанаттар мекендеген кейбір ағаштарды кесіп тастауға мәжбүр болғандықтан, оларға арнап қосымша үйшіктер соқты.
Ехоба куәгерлері “ардагер ағаштар” деп аталып кеткен ағаштардың да қамын ойлайды. Құрылысқа қатысатын көліктер олардың тамырын басып кетпеуге тырысуда. Бұл “ардагер ағаштар” жарғанаттардың, омыртқасыздар мен құстардың тұрақты мекеніне айналған. Осы шаралардан Ехоба куәгерлері Челмсфордтың табиғатын әрі қарай да қорғай беруге дайын екені көрінеді.