Киелі кітапта түсік жасату жайлы не айтылған?
Киелі кітаптың жауабы
Құдай Сөзі — Киелі кітапта “түсік жасату” деген сөз жатырдағы ұрықты әдейі алып тастау деген мағынада қолданылмаған. Алайда Киелі кітаптағы көптеген жазба орындарынан Жаратушымыздың адам өміріне, соның ішінде әлі туылмаған баланың өміріне қалай қарайтынын түсінуге болады.
Өмір — Құдайдың бізге берген сыйы (Мұсаның 1-жазбасы 9:6; Зәбүр 36:9). Ол барлық тірі жанның, ана құрсағындағы баланың да, өмірін өте қымбат санайды. Сондықтан әлі жарық дүниеге келмеген баланың өмірін үзу кісі өлтірумен тең.
Құдайдың ежелгі Исраил халқына берген Заңында былай деп жазылған: “Төбелесіп жатқан ер адамдар жүкті әйелді ұрып жіберіп, ол мезгілінен бұрын босанса, алайда бала да, ана да аман қалса, онда айыпты адам әйелдің күйеуі сұраған құнды берсін. Бұл құн билердің шешімімен төленсін. Ал егер біреуі өліп қалса, жан үшін жан алынсын” (Мұсаның 2-жазбасы 21:22, 23) a.
Адамның өмірі қашан басталады?
Құдайдың көзқарасы бойынша, адам өмірі ананың бойына бала біткенде-ақ басталады. Құдай Тағала әлі туылмаған баланы тірі адам деп есептейтінін Киелі кітаптың бір емес, бірталай жерінен көруге болады. Оның көз алдында құрсақтағы бала мен дүниеге келген баланың бірдей екенін көрсететін кейбір мысалдарды қарап көрейік.
Дәуіт патша киелі рухтың қозғау салуымен Құдайға: “Тіпті ұрық күйімді көздерің көрді”,— деген (Зәбүр 139:16). Иә, Дәуіт туылмай тұрған кезде-ақ Құдай оны тірі адам деп есептеген.
Еремия пайғамбар дүниеге әлі келмей тұрғанда, Құдай оның ерекше тапсырма орындайтынын білген. Ол Еремия пайғамбарға: “Ана құрсағында қалыптастырмай тұрып-ақ мен сені білгенмін, Құрсақтан шықпай тұрғаныңда-ақ сені қасиетті еткенмін. Халықтарға сені пайғамбар етіп қойғанмын”,— деп айтқан (Еремия 1:5).
Киелі кітапты жазған әрі дәрігер болған Лұқа әлі туылмаған балаға да, жаңа туылған шақалаққа да бірдей грек сөзін қолданған (Лұқа 1:41; 2:12, 16).
Түсік жасатуды Құдай кешіре ме?
Түсік жасатқандар Құдайдың кешіріміне ие бола алады. Егер ол Жаратушының өмірге қатысты көзқарасын қабыл алса, онда оған өзін кінәлі сезініп, жанын жегідей жей берудің қажеті жоқ. Неге десеңіз, “Ехоба b мейірімді де жанашыр... Шығыс батыстан қанша қашық болса, Ол бізден қылмыстарымызды сонша қашықтатты” (Зәбүр 103:8—12). Ехоба Құдай бұрын жасаған күнәлары үшін, соның ішінде түсік жасатқаны үшін шын өкінетіндердің бәрін кешіреді (Зәбүр 86:5).
Ананың я баланың өміріне қауіп төніп тұрса, түсік жасатуға бола ма?
Құрсақтағы баланың өміріне қатысты Киелі кітапта не айтылғанын ескерсек, ананың я баланың өміріне қауіп төнуі ықтимал болғаны үшін ғана баланы алдырып тастау дұрыс болмас еді.
Алайда ананың я баланың өміріне шынымен қауіп төнген жағдай болса ше? Мұндай кезде кімнің өмірін сақтап қалуды осыған құқығы бар адамдар ғана шешу керек.
a Киелі кітаптың кей аудармаларында бұл заң ұрықтың емес, ананың ғана өміріне қатысы бар сияқты аударылған. Бірақ еврей тіліндегі түпнұсқада “егер біреуі өліп қалса” деген сөздер анаға да, құрсақтағы балаға да қатысты айтылғаны білінеді.
b Ехоба – Киелі кітапқа сай, Құдайдың адамзатқа ашқан есімі (Зәбүр 83:18).