ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Құрыш сауытты қоңыз
Құрыш сауытты қоңыз (“Phloeodes diabolicus”) Солтүстік Американың шығысында тіршілік етеді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл қоңыз өз салмағынан 39 000 есе ауыр салмаққа шыдай алады. Оны тіпті көлікпен басып өтсең де, өлтіре алмайсың. Осыншама ауыр салмақты бұл қоңыз қалай ғана көтереді?
Қоңыздың сауытының үстіңгі және астыңғы бөлігі бір-бірімен бүйірінде бірігеді. Сауытының астыңғы бөлігі қысымға түскенде, деформацияға ұшырамайды, яғни майыспайды. Осылай қоңыздың маңызды органдарын қорғайды. Ал сауытының үстіңгі бөлігі қатты емес, майысқақ келеді. Сауытының осындай икемділігінің арқасында қоңыз ағаш қабығының астында, тастардың жарығында қысылып қалмай, оп-оңай тығыла алады.
Бұған қоса, сауыттың үсті екі бөліктен тұрады. Олар өзара доғалармен пазл сияқты қосылған. Пазл сияқты біріккеннің арқасында түскен салмақ қоңыздың денесіне тең бөлінеді. Доғалар ақуызбен (протеин) жабысқан көптеген қабаттардан тұрады. Салмақ түскенде ақуыздардың көмегімен қабаттардың арасында майда-майда жарықтар пайда болады. Солардың арқасында доғалар ауыр салмаққа төзіп, бір-бірінен ажырап кетпейді. Ал кейін сол жарықтар қайтадан қалпына келеді.
Зерттеушілер осы қоңыздың сауытына қызығып, көлік жасағанда, көпірлер мен ғимараттарды салғанда ауыр салмақ пен қысымға төтеп беретіндей, соққыға шыдайтындай етіп жасаудың жолдарын іздестіруде.
Сіз қалай ойлайсыз? Осы қоңыздың сауыты өздігінен пайда болды ма, әлде бұл Жаратушының жасампаздығы ма?