Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жұбайым порнография көретін болса, не істеуім керек?

Жұбайым порнография көретін болса, не істеуім керек?
  • “Күйеуім қайта-қайта көзіме шөп салғандай сезіндім”.

  • “Мен өзімді қорланғандай, ұсқынсыз әрі түкке тұрғысыз сезіндім”.

  • “Күйеуімнің бұл әдеті жайлы ешкімге айта алмадым. Іштен тынып, қиналып жүрдім”.

  • “Ехобаға бәрібір сияқты, ол мені ойламайды” деген сезімде болдым”.

Бұл сөздерден күйеуі порнография көретін әйелдердің қатты қиналатынын байқаймыз. Күйеуі бұндай жаман әдетін айлар, тіпті жылдар бойы жасырып келген болса, әйелі енді оған сенуден қалатын шығар. “Мен “жанымда жүрген мынау қандай адам өзі, ол менен тағы не жасырып жүр екен” деп күмәндана бастадым”,— дейді бір әйел.

Бұл мақала күйеуі порнография көруге әуестенген әйелдерге арналады a. Мақалада жандарыңызға жұбаныш болатын Киелі кітап принциптері айтылады. Сондай-ақ Ехоба сіздерді сүйетініне әрі көмектескісі келетініне сендіреді, рухани әрі эмоциялық күш жинауға көмектеседі b.

ӘЙЕЛІ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

Әрине, күйеуіңіздің әрбір әрекетін қадағалау мүмкін емес. Бірақ сіз жаныңыздың жарасын жеңілдетіп, жантыныштығына кенеле аласыз. Бұған төмендегі кеңестер көмектеседі.

Өзіңізді кінәламаңыз. Кейбір әйелдер күйеуінің порнография көретініне өзін кінәлі санайды. Мысалы, Элис c есімді әйел: “Неге менің күйеуім маған емес, басқа әйелдерге қарайды? Демек, менің бір жерім кем болғаны ғой”,— деп ойлапты. Ал кейбір әйелдер күйеуінің осы қылығын қалай қабылдап, қалай әрекет еткендері үшін өздерін айыпты сезінеді, себебі жағдайды одан сайын ушықтырып жібердім деп уайымдайды. Даниэль деген әйел былай дейді: “Ызадан күйіп-жанған мен ашу шақырып, өз некемнің шырқын өзім бұзып жатқандай сезіндім”.

Сіз де осындай күй кешіп жүрсеңіз, мынаны білгейсіз: күйеуіңіздің ісі үшін сіз Ехобаның алдында айыпты емессіз. Жақып 1:14-те: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады”,— делінген (Рим. 14:12; Філіп. 2:12). Ехоба сізді кінәламайды. Қайта, оған деген адалдығыңызды бағалайды (Шеж. 2-ж. 16:9).

Күйеуі порнография көрсе, әйелінің бір жері кем, тартымсыз деген сөз емес. Зерттеушілердің айтуынша, ер адам порнография көргенде, бойында тойымсыз әрі табиғи емес қалаулар оянады. Ал ондай қалауды ешбір әйел қанағаттандыра алмайды.

Шектен тыс уайымдай бермеңіз. Кэтрин күйеуінің порнография көретінін жатса да, тұрса да ойлай беріп, әбден мазасы кеткен екен. Ал Фрэнсис былай дейді: “Күйеуімнің қайда жүргенін білмесем, күні бойы күйгелектеп, өзімді қоярға жер таппаймын”. Кейбір әйелдер күйеуінің проблемасы жайлы білетіндердің арасында отырғанда қатты ұялып, өздерін ыңғайсыз сезінеді екен. Ал басқа әйелдер “менің жағдайымды ешкім түсінбейді” деп ойлап, өздерін жалғыз сезінеді.

Бұндай сезімдердің болатыны түсінікті, әрине. Бірақ олардан тез арылмасаңыз, уайымыңыз басқан үстіне баса береді. Сондықтан назарыңызды бұрып, Ехобамен қарым-қатынасыңызды ойлаңыз. Сонда бойыңызға күш-жігер бітеді (Зәб. 62:2; Ефес. 6:10).

Киелі кітапта уайым-қайғыдан қиналған, бірақ Ехобаға дұға еткен соң жұбаныш тапқан әйелдердің оқиғалары жазылған. Ехоба барлық кезде олардың жағдайына араласып, қиындықтарын алып тастамағанымен, жандарына тыныштық сыйлаған. Сол әйелдердің бірі — Ханна. Қиындығынан оның “жүрегі қарс айырылған”. Бірақ “Ехобаға ұзақ дұға еткен” соң, ол жағдайының алда оңалар-оңалмасын білмесе де, еңсесі көтеріліп, көңілі жай тапқан. Киелі кітаптан осындай оқиғаларды оқып, ой жүгірткеніңіз жаныңызға шипа береді (Сам. 1-ж. 1:10, 12, 18; Қор. 2-х. 1:3, 4).

Ақсақалдардың көмегі күйеуіне де, әйеліне де қажет боп жатады

Қауымдағы ақсақалдардың көмегіне жүгінуді де ұмытпаңыз. Олар “желден қорғайтын сая, жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана сияқты” (Ишая 32:2). Бәлкім, олар сізге сырласып, жұбаныш табуға көмектесетін бір әйел бауырласты ұсынар (Нақ. с. 17:17).

СІЗ ОҒАН ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАСЫЗ?

Жұбайлардың бірі порнографияның құрығына түссе, оны шығарып алу мүмкін бе? Екеуі жұмыла әрекет ететін болса, әбден мүмкін. Киелі кітапта жауға қарсы шыққанда не қандай да бір қиындықпен күрескенде, “жалғыз болғаннан екеу болған жақсы” деп айтылған (Уағ. 4:9—12). Бұны өмірде болған жағдайлар да растайды. Порнографияға деген әуестікпен бірге күрескеннің арқасында түбінде жеңіске жетіп, бір-біріне қайта сенім арта бастаған жұбайлар аз емес.

Әрине, көп нәрсе күйеуіңізге байланысты. Ол осы жаман әдетімен күресуге шындап бекінген бе? Ехобадан жалбарынып күш сұрай ма? Ақсақалдардың көмегіне жүгінді ме? (Қор. 2-х. 4:7; Жақ. 5:14, 15). Сондай-ақ электронды құрылғыны пайдалануды шектеп, азғыратын жағдайларды айналып өтіп, порнографиямен күресу дағдысын қалыптастырып жатыр ма? (Нақ. с. 27:12). Сіздің көмегіңізді қабылдауға және бәрін ашық айтып, шыншыл болуға ықыласты ма? Олай болса, сіз оған көмектесе аласыз.

Фелисия деген бір әйел күйеуіне қалай көмектескенін қарастырайық. Күйеуі Итан порнография көруге бала кезінен тәуелді болып қалған екен. Фелисия оған түсінікпен қарайды әрі әрдайым ашық сөйлесуге дайын. Сондықтан жаман қылығы қайтадан қылаң берсе, күйеуі оған бұл жайлы ашық айта алады. Итан былай дейді: “Әйелімнен ештеңені жасырмай, бәрін ашық айтамын. Ол интернетті қаншалықты қолданатынымды қадағалап, өзіме қойған шектеулерден шықпауға мейіріммен көмектеседі. Ара-арасында “қалай болып жатырсың?” деп сұрап, жағдайымды біліп тұрады”. Әрине, күйеуінің мұндай жаман әдеті оның жанына қатты батады. Бірақ ол былай дейді: “Менің қиналғанымнан, ашуланғанымнан ол тәуелділігін қойып кетпейді. Бірақ екеуміз отырып, оның қиындығын талқылап алған соң, мен оған бұл нәрсенің жаныма қалай бататынын айта аламын. Сонда ол талмай күресіп, қайтадан менің сеніміме ие болуға бекіне түседі”.

Осындай ашық әңгімелер күйеуіне жаман әдетіне берілмеуге көмектесіп қана қоймай, әйелі үшін де пайдалы болмақ. Себебі күйеуі әлсіздіктерін жасырмаса, күні бойы не істегенін, қайда жүргенін айтып отырса, әйелі оған сенім артып, жаны тыныш болады.

Сіз де күйеуіңізге осындай жолмен көмектескіңіз келе ме? Онда бірге отырып осы мақаланы талқылаңыздар. Күйеуіңіз порнография көруді қоямын және сеніміңізге ие боламын деп бекінгені жөн. Осы жаман әдеті жайлы сөз қозғағаныңызда ол ашуланудың орнына, жаныңыз қалай қиналып жүргенін түсінгені жақсы. Ал сіз күш салып жатқан күйеуіңізге қолдау көрсетіңіз. Қайтадан сеніміңізге ие болуына мүмкіндік беріңіз. Екеуіңіз бірге порнографияға тәуелділік неден пайда болады және оны қалай жеңуге болатынын зерттеңіздер d.

Күйеуіммен осы проблема жайлы сөйлессек, ұрысып тынамыз деп қорықсаңыз, екеуіңіз де сенім артатын ақсақалды шақырып, соның көзінше сөйлессеңіздер болады. Күйеуіңіз жаман әдетін қойғанның өзінде, қайтадан сеніміңізге кіру үшін оған біраз уақыт керек екенін де ескеріңіз. Еш берілмеңіз. Кішігірім өзгерістердің өзін де байқап, қуана біліңіз. Шыдамдылықпен күресе берсеңіздер, некелеріңіз қайтадан бақытты болатынына сенімді болыңыздар (Уағ. 7:8; Қор. 1-х. 13:4).

ОЛ ӘДЕТІН ҚОЙМАСА ШЕ?

Күйеуіңіз қайтадан сол әдетіне басса, “ол өкінбепті” немесе “ол ешқашан өзгермейді” деп күдер үзуге асықпаңыз. Өйткені порнографияға тәуелді болып қалса, ол бұл әдетімен өмір бақи күресуі мүмкін. Біраз жылдар өткеннен кейін де адам жаман қалауына қайтадан бой алдыруы мүмкін. Оны болдырмау үшін, оған өзіне қатаң шектеулер орнатып, тіпті жаман әдетінен құтылдым дегеннің өзінде, орнатқан ережелерді әрі қарай да ұстану керек болар (Нақ. с. 28:14; Мат. 5:29; Қор. 1-х. 10:12). Сондай-ақ оған “ой-санасын жаңартып”, порнография мен арам іске жататын мастурбацияны “жек көруді” үйрену керек болады (Ефес. 4:23; Зәб. 97:10; Рим. 12:9). Күйеуіңіз осының бәріне күш салуға дайын ба? Онда жағдайы жақсаратынына үміт бар e.

Бар назарыңызды Ехобамен қарым-қатынасыңызға аударыңыз

Ал егер күйеуіңіз жаман әдетін тастауға ешқандай күш салмаса ше? Онда жүрегіңіз ауырып, қатты ашуланып, сізге сатқындық жасағандай сезінетін шығарсыз. Мұндайда Ехоба сізді жұбата алады. Бар уайымыңызды оған тапсырыңыз, ол жаныңызды тыныштандыра алады (Пет. 1-х. 5:7). Оның Сөзін зерттеп, ой жүгіртіп, дұға етіп, оған жақындай беріңіз. Сонда ол да сізге жақындай түсетініне еш күмәнданбаңыз. Ишая 57:15-те: “Құдай... бейшараның рухын, күйрегендердің жүрегін жандандыру үшін, солардың арасында мекендейді”,— делінген. Қасиеттер дамытып, мәсіхші ретінде одан сайын жақсара беріңіз. Ақсақалдардың көмегіне жүгініңіз. Ертелі-кеш күйеуіңіздің “өзгергім келеді” деп айтатын күні келетінінен үміт үзбеңіз (Рим. 2:4; Пет. 2-х. 3:9).

a Бұл мақала, негізінен, күйеуі порнография көретін әйелдерге арналғанымен, ішіндегі принциптердің көбі әйелі порнография көретін күйеулер үшін де тиімді.

b Жұбайының порнография көргені Жазбалар бойынша ажырасуға негіз бола алмайды (Мат. 19:9).

c Есімдер өзгертілген.

d jw.org сайтында және біздің басылымдарда жақсы мәліметтер бар. Мысалы, сайтта “Порнография некені бұзады ма?” деген мақала; 2014 жыл, 1 сәуірдегі “Күзет мұнарасының” 10—12 беттерінде “Сіз азғыруға қарсы тұра аласыз!” мақаласы; 2013 жыл, 1 тамыздағы “Күзет мұнарасының” 3—7 беттерінде “Порнография жай ғана су ма, әлде у ма?” деген мақала бар.

e Порнография тәуелділік тудыратындықтан, кейбір жұбайлар ақсақалдардың рухани көмегінен бөлек, мамандардың көмегіне жүгінуді де шешкен.