Сіз білгенсіз бе?
Ежелгі Исраилде музыканың орны қандай болған?
ЕЖЕЛГІ исраилдіктердің мәдениетінде музыка ойып тұрып орын алған. Киелі кітапта музыкалық аспаптарда ойнаған және ән шырқаған адамдар көптеп кездеседі. Ойлап қарасақ, Киелі жазбалардың оннан бір бөлігі әндерден тұрады екен. Ән ретінде жазылған ең әйгілі жазбалардың кейбірі — Зәбүр жырлары, Таңдаулы ән және Еремияның зары кітаптары. Бұл жайында “Киелі кітап заманындағы музыка” атты кітапта былай делінген: “Исраилдіктердің қоғамында музыканың маңызды болғаны сонша — олар күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін онсыз елестете алмайтын”.
Күнделікті өмірдегі музыка. Исраилдіктер аспаптардың үнімен және ән-күймен сезімдерін жеткізген (Ишая 30:29). Исраилде патша тағайындалғанда, мейрамдарда және соғыста жеңіске жеткенде, әйелдер даңғыра қағып, би билеп, қуана ән шырқайтын (Би. 11:34; Сам. 1-ж. 18:6, 7; Пат. 1-ж. 1:39, 40). Исраилдіктер сондай-ақ қайғырған кезде жоқтау жырларын айтатын (Шеж. 2-ж. 35:25). “Макклинток пен Стронг” энциклопедиясында айтылғандай, “еврейлердің музыкаға жақын халық болғаны сөзсіз”.
Патша сарайындағы музыка. Музыка Исраил патшаларына да қуаныш сыйлаған. Мәселен, Саул патша Дәуіттің арфада жақсы ойнайтынын біліп, оны өз сарайына алдыртқан (Сам. 1-ж. 16:18, 23). Кейін Дәуіттің өзі таққа отырғанда, музыкалық аспаптар ойлап тауып, ән шығарды және оркестр құрды. Бұл оркестр кейінірек Ехобаның ғибадатханасында түрлі аспаптарда ойнап, ән салған (Шеж. 2-ж. 7:6; Амос 6:5). Сүлейменнің патша сарайында да әнші қыз-жігіттер болған (Уағ. 2:8).
Музыканың ғибадаттағы орны. Ең маңыздысы, исраилдіктер Ехобаға ғибадат еткенде ән айтып, аспаптарда ойнаған. Мәселен, Иерусалимдегі ғибадатханада аспаптарда ойнап, ән шырқайтын 4000 адам болған (Шеж. 1-ж. 23:5). Олар жез табақшада, ішекті аспапта, арфада және кернейде ойнайтын (Шеж. 2-ж. 5:12). Бірақ Ехобаны әнмен мадақтаған олар ғана емес еді. Исраилдіктердің көбісі жыл сайынғы мейрамдарды тойлау үшін Иерусалимге өрлеп бара жатқанда ән шырқаған (Зәб. 120—134). Сондай-ақ яһудилердің жазбаларына сай, исраилдіктер Құтқарылу мейрамының асы кезінде “Халлел” a деп аталатын зәбүр жырларын айтқан.
Бүгінде де Құдай халқы музыкаға ерекше мән береді (Жақ. 5:13). Ән айту — ғибадатымыздың ажырамас бөлігі (Ефес. 5:19). Музыка Құдай халқының бірлігін нығайтады (Қол. 3:16). Сонымен қатар қиындықтарға кезіккенде, ол бізге күш дарытады (Ел. іс. 16:25). Расымен де, музыка — Ехобаға сенетінімізді әрі оны сүйетінімізді көрсетудің керемет жолы.
a Яһудилер Зәбүр 113—118 тарауларды “Халлел жырлары” деп атаған. Яһудилер бұл жырларды Ехобаны мадақтау үшін айтқан.