Сіз білгенсіз бе?
Белшазардың өмір сүргенін және Бабылдың билеушісі болғанын археология қалай растайды?
КИЕЛІ КІТАПТЫ сынға алушылар жылдар бойы Даниял кітабында аты аталған Белшазар патшаны өмірде болмаған деп келді (Дан. 5:1). Өйткені оның шын мәнінде өмір сүргеніне археологтар ешқандай айғақ таба алмаған еді. Алайда 1854 жылы бұл көзқарас өзгерді. Неліктен?
Сол жылы британдық елші Джон Джордж Тейлор қазіргі Ирактың оңтүстігінде орналасқан ежелгі Ур қаласының үйіндісін зерттейді. Ол сондағы үлкен мұнара орналасқан жерден саздан жасалған бірнеше цилиндр табады. Әр цилиндрдің биіктігі — шамамен 10 см. Олардың бетінде қашалып жазылған сына жазуы бар. Цилиндрлердің бірінде Бабыл патшасы Набонид пен оның тұңғыш ұлы Белшазарға ұзақ өмір тілеп жазылған дұға болған. Бұл Белшазардың шынымен өмір сүргенін дәлелдейді. Мұны тіпті сыншылардың да мойындауына тура келді.
Алайда Киелі кітапта Белшазардың өмір сүргені ғана емес, оның патша болғаны да айтылған. Бұған да сыншылар күмәнмен қарайтын. Мысалы, ХІХ ғасырда ағылшын ғалымы Уильям Тальбот: “Белшазар мен оның әкесі Набонид бір уақытта билік еткен. Бірақ бұған титтей де дәлел жоқ”,— деп жазды.
Алайда өзге жазбалардан Белшазардың әкесі Набонид патша біраз жыл елдің астанасында болмағаны анықталғанда, бұл дау-дамай да басылды. Набонид елінен жырақта жүргенде, елді кім басқарды? “Британ энциклопедиясында”: “Набонид басқа елге кеткенде, өз тағын және әскерінің басым бөлігін Белшазарға табыстаған”,— деп жазылған. Демек, Белшазар осы уақытта Бабылда патшаның рөлін атқарған. Сондықтан да археолог және тіл ғалымы Алан Миллард “Белшазардың Даниял кітабында патша деп аталғаны” орынды болғанын айтты.
Алайда Құдай қызметшілері үшін Даниял кітабының сенуге тұрарлық және Құдай рухымен жазылғанын дәлелдейтін ең мықты айғақ — Киелі кітаптың өзі (Тім. 2-х. 3:16).