Келешегіміз не нәрсеге тәуелді?
Көбісі адамның болашағы көрінбейтін күштердің билігінде деп сенеді. Сондықтан олар болашағымызды жақсартамыз деп небір істерге барып жатады.
КӨПШІЛІК НЕ НӘРСЕГЕ СЕНЕДІ?
АСТРОЛОГИЯ. Кейбіреулер адамның алдағы өмірі туылған кезде жұлдыздардың қалай орналасқанына байланысты деп ойлайды. Сондықтан олар жұлдызжорамалды оқып-тыңдайды. Жамандықтан қашып, жақсылыққа жету үшін, олар алдын ала болашағын біліп алғысы келеді.
КӨРІПКЕЛ. Біреулер “көріпкелге барсам, ол басыма түскен жағдайдың себебін, не істеуім керектігін айтып береді” деп ойлайды. Себебін біліп алсам, төнгелі тұрған пәледен қашып, қиындығымды шешіп, жетістікке жетемін дегенге сенеді.
АРУАҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ. Кейбіреулер аруақтар қорғап, жебеп жүру үшін оларды разы қылу керек деп сенеді. Вьетнамдық Ван * деген әйел: “Ата-бабаларымның аруағын разы қылып, құрметтесем, менің де, отбасымның да қазіргі, алдағы өмірі жақсы болады деп сендім”,— дейді.
РЕИНКАРНАЦИЯ. Көпшіліктің сенуінше, адам қайтыс болған соң қайта туылады және бұл үздіксіз қайталана береді. Қазіргі өміріндегі жақсылық болсын, жамандық болсын, сол өткен өмірінің нәтижесі деп сенеді.
Алайда бұның бәріне сенбейтіндер де баршылық. Сөйтсе де олар бақсы-балгерлерге барып бал аштырады, нумерологтар мен экстрасенстерге жүгінеді. Осылай олар болашағым жайлы әйтеуір бір нәрсе біліп алармын деп үміттенеді.
СЕНІМДЕРІ АҚТАЛДЫ МА?
Осының бәрі жақсы өмірге, қамсыз болашаққа кепілдік бере ала ма?
Вьетнамда тұратын Хао деген ер кісі жұлдызжорамалшыларға барды, фэншуйды да көрді, ата-бабасының аруағына да табынды. Енді соның бәрінің көмегі тиді ме? Ол былай дейді: “Ісім жүрмей, қарызға белшеден баттым, отбасымның берекесі қашты. Сол кездері өмірден қатты түңілдім”.
Тайвандық Цюмин деген ер кісі де астрологияға, реинкарнацияға, тағдырға, фэншуйға сенген, аруақтарды да риза қылған. Осының бәрін мұқият зерттей келе, ол мынадай тұжырымға келді: “Бұндай ілімдер мен салт-жоралар бір-біріне қайшы келіп, адамды шатастырады. Байқағаным, астрологтардың айтқан жорамалдары көбіне тура келмейді. Ал реинкарнация мүлдем ақылға сыймайды. Адамның өткен өмірі есінде болмаса, ол қайта туылғанда өзінің өмірін қалай жақсарта алады?”
“Бұндай ілімдер мен салт-жоралар бір-біріне қайшы келіп, адамды шатастырады” (ЦЮМИН, ТАЙВАНЬ).
Хао мен Цюмин сияқты басқа адамдар да біздің болашағымыз тағдырға, жұлдыздарға, марқұм болған ата-бабаларымызға я реинкарнацияға байланысты емес екенін түсінген. Сонда болашағымызға әсер етіп, оны ешқалай жақсарта алмаймыз ба?
Көбісі жақсы болашақтың кепілі жоғары білім мен байлық деп жатады. Бұл солай ма? Осыларға қол жеткізіп көрген адамдар өздері айтып берсін.
^ 6-абзац Осы және келесі мақалаларда кейбір есімдер өзгертілген.
^ 16-абзац Бұл сөздер Киелі жазбаларда Ғалаттықтарға 6:7-де жазылған. Шығыс елдерінде осыған ұқсас мынадай сөздер бар: “Қауын ексең, қауын өсіп шығады, бұршақ ексең, бұршақ өсіп шығады”.