Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялайық

Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялайық

“Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялау арқылы түбегейлі куәлік берейік” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 20:24).

ӘНДЕР: 101, 84

1, 2. Елші Пауыл Құдайдың рақымына деген ризашылығын қалай көрсетті?

ЕЛШІ ПАУЫЛ өз жағдайына қатыстырып: “[Құдайдың] рақымы бекер болған жоқ”,— деп ауыз толтырып айта алған (Қорынттықтарға 1-хат 15:9, 10 оқыңыз). Ол Құдайдың танытқан зор мейірім-шапағатына еш лайықсыз болғанын жақсы түсінген. Өйткені бұрын мәсіхшілерді қатты қудалаған.

2 Өмірінің аяғына таман Пауыл Тімөтеге былай деп жазған: “Мен Иеміз Мәсіх Исаға дән ризамын. Ол маған күш-қуат берді, әрі мені сенімді деп тауып, өз қызметін сеніп тапсырды” (Тімөтеге 1-хат 1:12—14). Бұл қандай қызмет еді? Пауыл Ефестегі қауым ақсақалдарына айтқан сөзінде: “Мен өз жанымды ойламаймын. Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялау арқылы түбегейлі куәлік беріп, Иеміз Иса тапсырған қызметімді ақырына дейін атқарсам және жарысымды аяқтасам болғаны”,— деген (Елшілердің істері 20:24).

3. Пауылға қандай ерекше тапсырма берілді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Пауыл қандай “ізгі хабарды” уағыздаған және ол хабар Ехобаның рақымын қалай паш еткен? Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге: “Өздерің естігендей, Құдайдың рақымын басқару ісі сендердің игіліктерің үшін маған тапсырылды”,— деген (Ефестіктерге 3:1, 2). Иса Пауылға яһуди еместерге ізгі хабарды жеткізуді тапсырған. Осылайша өзге ұлт адамдарына Мәсіх басқаратын Патшалықтың мүшесі болуға мүмкіндік ашылды (Ефестіктерге 3:5—8 оқыңыз). Пауыл құлшыныспен уағыздауымен бүгінгі мәсіхшілерге жақсы үлгі қалдырды. Ол Құдайдың өзіне танытқан рақымы текке кетпегенін көрсетті.

ҚҰДАЙДЫҢ РАҚЫМЫ БІЗДІ НЕ ІСТЕУГЕ ТАЛПЫНДЫРУ КЕРЕК?

4, 5. Неге Патшалық жайлы ізгі хабар мен “Құдайдың рақымы туралы ізгі хабар” бір деуге болады?

4 Осы соңғы күндері Ехобаның халқына “Патшалық жайлы ізгі хабарды барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздау” тапсырмасы жүктелген (Матай 24:14). Патшалық жайлы ізгі хабарды “Құдайдың рақымы туралы ізгі хабар” деп те атауға болады. Неге? Өйткені Құдай Патшалығының бізге төгетін баталарының барлығы Ехобаның рақымының арқасында болады (Ефестіктерге 1:3). Пауыл Ехобаның рақымына деген ризашылығын уағызға ынты-шынтысымен қатысуы арқылы білдірді. Біз де Пауыл сияқты құлшыныспен уағыздап жүрміз бе? (Римдіктерге 1:14—16 оқыңыз).

5 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, біз күнәкар болсақ та, Ехобаның рақымының жан-жақты пайдасын көріп жатырмыз. Сондықтан барлық адамдарға Ехобаның қалай сүйіспеншілік танытып жатқанын және қалай олар мұның игілігін көре алатындарын айтып жеткізуге жауаптымыз. Өзгелерге Құдайдың рақымын бағалауға көмектесудің қандай жолдары бар?

ТӨЛЕМ ҚҰРБАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ ЖАРИЯЛАЙЫҚ

6, 7. Адамдарға төлем жайында түсіндіргенде, қалайша Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды айтамыз?

6 Бетімен кеткен мына дүниеде адамдардың көбісі жасаған күнәлары үшін өздерін айыпты сезінуден қалған. Сондықтан күнәларын өтеу үшін төлемге мұқтаж екендері олардың қаперлеріне кіріп те шықпайды. Алайда өмір салттарына көңілдері көншімей, өздерін бақытсыз сезінетіндер күн санап артып келеді. Ехоба куәгерлерімен сөйлеспейінше, көбісі күнәнің не екенін, бізге қалай ықпал ететінін және оның тұсауынан босау үшін не істеуіміз керектігін білмейді. Ақжүрек адамдар Ехоба өзінің зор сүйіспеншілігі мен рақымының арқасында бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін жер бетіне өз Ұлын жібергенін білгенде, жүректері ризашылыққа толып жатады (Жоханның 1-хаты 4:9, 10).

7 Ехобаның сүйікті Ұлы турасында Пауыл не дегеніне назар аударыңызшы: “Құдайдың зор рақымының арқасында Ұлының қанымен төленген құн арқылы азат етілуімізге, яғни күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды” (Ефестіктерге 1:7). Мәсіхтің төлем құрбандығы — Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігінің ең күшті дәлелі, әрі бұл құрбандық оның рақымы қаншалықты зор екенін паш етеді. Исаның төгілген қанына сенсек, күнәларымыз кешіріліп, таза ар-ұжданға ие болатынымызды білу жанымызға жай береді! (Еврейлерге 9:14). Бұл, расында да, өзгелер естуі керек ізгі хабар емес пе?!

ҚҰДАЙМЕН ДОС БОЛУҒА КӨМЕКТЕСЕЙІК

8. Неге күнәкар пенделерге Құдаймен татуласу керек?

8 Адамдар Исаның құрбандығына сенім танытпаса, Құдай оларды жаулары деп қарастырады. Сол себептен де оларға Құдаймен дос бола алатындарын айтуға борыштымыз. Елші Жохан былай деген: “Кім Ұлға сенсе, мәңгілік өмірді иеленеді, ал кім оған мойынсұнбаса, өмірге ие болмай, Құдайдың қаһарына ұшырайды” (Жохан 3:36). Бақытымызға орай, Мәсіхтің құрбандығының арқасында Құдаймен татуласуға мүмкіндігіміз бар. Пауыл мұны былай түсіндірді: “Кезінде Құдайдан алшақ болған әрі зұлым істер жөнінде ойлап онымен жауласып жүрген сендерді енді ол Ұлының тәндік денесі, яғни өлімі, арқылы өзімен татуластырды” (Қолостықтарға 1:21, 22).

Бізде адамдарға Құдаймен дос бола алатындарын айту жауапкершілігі бар

9, 10. а) Мәсіх майланған бауырларына қандай жауапкершілік табыстаған? ә) “Басқа қойлар” қалай майланғандарға қолдау көрсетуде?

9 Мәсіх жердегі майланған бауырларына “татуластыру қызметін” табыстаған. Осы ретте елші Пауыл І ғасырдағы майланғандарға былай деп жазған: “Бұның бәрі Құдайдан. Ол бізді Мәсіх арқылы өзімен татуластырып, бізге татуластыру қызметін тапсырды. Атап айтқанда, Құдай дүниенің күнәларын есепке алмай, Мәсіх арқылы оны өзімен татуластырды, ал бізге осы татуластыру хабарын сеніп тапсырды. Біз Мәсіхтің орнына өкілміз. Сондықтан оның орнына өкіл болғандар ретінде, біз арқылы Құдай өтініп жатқандай: “Құдаймен татуласыңдар”,— деп өтінеміз” (Қорынттықтарға 2-хат 5:18—20).

10 “Басқа қойлар” осы қызмет түрінде майланғандарға қолдау көрсетуді мәртебе тұтады (Жохан 10:16). Мәсіхтің өкілдері, не хабаршылары, ретінде олар уағыз ісінің басым бөлігін атқаруда, яғни жұртқа ақиқатты үйретіп, Ехобаға жақындауға көмектесуде. Ал бұл — Құдай рақымы жайлы ізгі хабарды түбегейлі уағыздаудың маңызды бөлігі.

ҚҰДАЙ ДҰҒАНЫ ТЫҢДАЙТЫНЫ ЖАЙЛЫ АЙТАЙЫҚ

11, 12. Ехобаға дұға ете алатындарын білу адамдар үшін неге ізгі хабар дей аламыз?

11 Көп адам дұғаны көңілдері тынышталып не жеңілдеп қалу үшін айтады, бірақ Құдай олардың дұғасын еститініне онша нанбайды. Олар Ехобаның “дұғаларды тыңдайтын” Құдай екенін білулері қажет. Зәбүр жыршысы Дәуіт: “Сен дұғаларды тыңдайсың; Өзіңе мінажат етуге әртүрлі адам келеді. Күнәларым өне бойымды биледі, Бірақ сен қылмыстарымызды кешіресің”,— деп жазған (Зәбүр 65:2, 3).

Адамдарға қалай дұға ету керектігін үйреткенде, Ехобаның досы болуға көмектесеміз

12 Иса шәкірттеріне: “Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, ол соны береді”,— деген (Жохан 16:23). Бұл Ехобаның еркіне сай келетін кез келген нәрсені сұрай алатынымызды білдіреді. Жохан осыған сенімділік беріп: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 5:14). Адамдарға дұғаның жанды жайландырып қана қоятын шара емес, Ехобаның “рақымдылық тағына” жетелейтін жол екенін ұғындыру — неткен игі іс! (Еврейлерге 4:16, сілтеме). Оларға қалай, кімге және не жайында дұға ету дұрыс екенін үйреткенде, Ехобамен достасуға және де қиналған шақта көңілдеріне медет табуға жәрдемдесеміз (Зәбүр 4:1; 145:18).

ҚҰДАЙДЫҢ ЖАҢА ДҮНИЕДЕГІ РАҚЫМЫ

13, 14. а) Келешекте майланғандар қандай керемет мәртебелерге ие болады? ә) Майланғандар адамзат үшін қандай тамаша іс атқарады?

13 Ехоба өзінің рақымын “келер замандарда” бұдан да молынан төгеді. Мәсіхпен көкте билік етуге таңдалған 144 000-ға Құдайдың берген ерекше мәртебесі туралы айтып, Пауыл былай деген: “Аса мейірімді Құдай бізге зор сүйіспеншілігін көрсетіп, күнәларымыздың кесірінен өлі болған біздерді тірілтіп, Мәсіхпен біріктірді. (Сендер рақым көрсетілгеннің арқасында ғана құтқарылдыңдар.) Ол Мәсіх Исамен бірліктегі бізді онымен бірге тірілтіп, көкте онымен бірге отырғызды. Осылайша аса жомарт Құдай келер замандарда Мәсіх Исамен бірліктегі бізге теңдесі жоқ рақымын көрсетпек” (Ефестіктерге 2:4—7).

14 Мәсіхпен бірге таққа отыратын майланған мәсіхшілерге Ехоба көкте қандай таңғажайып нәрселер дайындап қойғанын елестете де алмаймыз (Лұқа 22:28—30; Філіпіліктерге 3:20, 21; Жоханның 1-хаты 3:2). Ехоба оларға “теңдесі жоқ рақымын” ерекше жолмен көрсетпек. Олар “жаңа Иерусалимді” құрап, Мәсіхтің қалыңдығы болады (Аян 3:12; 17:14; 21:2, 9, 10). Сондай-ақ Исамен бірге “халықтарды сауықтыру” ісіне атсалысып, мойынсұнғыш адамдарды күнә мен өлімнің құрсауынан азат етіп, кемелділікке жеткізеді (Аян 22:1, 2, 17 оқыңыз).

15, 16. Болашақта Ехоба “басқа қойларға” рақымын қалай төгеді?

15 Ефестіктерге 2:7-де Құдайдың “келер замандарда” өз рақымын көрсететіні айтылған. Ол кезде жер бетіндегі әрбір жан оның “теңдесі жоқ рақымын” сезінеді (Лұқа 18:29, 30). Ехобаның жердегілерге төгетін рақымының ең керемет көріністерінің бірі — “көрдегі” адамдардың қайта тірілуі (Әйүп 14:13—15; Жохан 5:28, 29). Қайта тірілетіндер кімдер? Мәсіхтің өліміне дейін дүниеден озған адал ерлер мен әйелдер және соңғы күндерде Ехобаға адалдығын сақтап көз жұмған “басқа қойлар”. Бұл адал жандардың барлығы қайта өмір сүріп, Ехобаға әрі қарай қызмет ететін болады.

16 Бұдан бөлек, Құдайды танып-білмей кеткен миллиондаған адамдар да тіріледі. Жохан былай деген: “Тақ алдында өлген адамдардың — ұлығы бар, кішігі бар — тұрғанын көрдім. Шиыршықтар ашылды. Сосын тағы бір шиыршық ашылды, бұл — өмір шиыршығы. Сол шиыршықтарда жазылғандарға сай, өлгендер істеріне қарай сотталды. Сонда теңіз өзіндегі өлілерді берді, өлім мен көр де өздеріндегі өлілерді берді, сөйтіп, олардың әрқайсысы істеріне қарай сотталды” (Аян 20:12, 13). Әрине, өмірге қайта оралғандарға Киелі кітаптағы Құдай принциптерін біліп, соған сай әрекет етуді үйрену керек болады. Сонымен қатар олар Ехобаның жаңа дүниеде өмір сүруге қатысты нұсқаулары жазылған “шиыршықтарға” құлақ асуы тиіс. Бұл жаңа нұсқаулар Ехобаның рақымының тағы бір көрінісі болмақ.

ІЗГІ ХАБАРДЫ ЖАРИЯЛАЙ БЕРЕЙІК

17. Уағыздау ісіне атсалысқанда нені естен шығармауымыз керек?

17 Қазір Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздау бұрын-соңды болмағандай шұғыл, себебі осы дүниенің соңы жақын қалды! (Марқа 13:10). Ізгі хабар Ехобаның рақымдылығына баса назар аударатыны анық. Жұртқа куәлік еткенде осыны жадымыздан шығармайық. Уағыздағандағы мақсатымыз — Ехобаны дәріптеу. Бұл үшін жаңа дүниеде кенелетін баталардың барлығы тек Ехобаның асқан рақымдылығының арқасында ғана екенін жұртқа айтуымыз керек.

Құдай рақымының “үлгілі басқарушысы” ретінде құлшына қызмет етейік (Петірдің 1-хаты 4:10) (17—19 абзацтарды қараңыз)

18, 19. Ехобаның рақымын қалай мадақтай аламыз?

18 Адамдарға куәлік еткенде, Мәсіхтің Патшалығының қол астында адамзат төлем құрбандығының толық игілігін көріп, біртіндеп кемелділікке жететінін түсіндірсек болады. Құдай Сөзінде: “Жаратылыстың да күнә мен өлімнің құлдығынан босап, Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетуге үміті бар”,— делінген (Римдіктерге 8:21). Бұл Ехобаның ерекше рақымының арқасында ғана мүмкін болмақ.

19 Біз баршамен Аян 21:4, 5-тегі тамаша уәдемен бөлісе аламыз. Онда былай делінген: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды. Тақта отырған [Ехоба]: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деді. Артынан: “Жазып қой, өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деп қосты”. Осынау ізгі хабарды өзгелерге жан-тәнімізбен айтып жеткізсек, Ехобаның рақымын мадақтаймыз!