Дұға қайткенде қабыл болмақ?
Ехоба — “дұғаларды тыңдаушы” Құдай (Зәбүр 65:2). Оған кез келген жерде, кез келген уақытта, дауыстап болсын, іштей болсын ішіміздегіні айта аламыз. Ехоба Құдай бізге өмір сыйлағандықтан, оны “Әке” деп атағанымызды қалайды және расымен де оның қамқорлығы кез келген әкенің қамқорлығынан асып түседі (Матай 6:9). Ол бізді жақсы көргендіктен, қандай дұғалар қабыл болатынын өз Сөзінде айтып кеткен.
ТЕК ЕХОБА ҚҰДАЙҒА ДҰҒА АЙТЫҢЫЗ
“Менен басқа құдайларың болмасын... Еш нәрсенің қашалған мүсінін не бейнесін жасама” (Мұсаның 2-жазбасы 20:3, 4).
Кейбір адамдар Құдайға құлшылық еткенде тас мүсіндерді қолдансақ, періштелердің, марқұм ата-бабалардың, әулиелердің атын атасақ, Құдайға жақын боламыз деп ойлайды. Бірақ Киелі кітапта біздің Құдайға бағыштаған дұғаларымыз Иса пайғамбардың атынан жолдануы керектігі анық айтылған. Өйткені ол біздің күнәларымыз үшін жанын берді. Иса пайғамбардың өзі де бір сөзінде: “Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”,— деген (Жохан 14:6).
ШЫН ЖҮРЕКТЕН АЙТЫЛСЫН
“Оған жүрек сырларыңды ақтарыңдар” (Зәбүр 62:8).
Сіз мейірімді әкеңізге қалай сөйлер едіңіз? Ехоба Құдайға да дұға қылғанда солай сөйлеңіз. Дұғаларыңыз кітаптан оқылмасын, жаттанды да болмасын. Жүректен шығып, құрметпен жеткізілсін.
ДҰҒАҢЫЗ ҚҰДАЙДЫҢ ЕРКІНЕН АСПАСЫН
“Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жоханның 1-хаты 5:14).
Киелі кітапта Ехоба Құдай оның біз үшін не істейтінін және біздің ол үшін не істегенімізді қалайтынын жаздырды. Өтініш-тілеулеріміз Құдайдың құлағына шалыну үшін дұғаңыз оның еркіне сай болу қажет. Ал оның еркін түсіну үшін, Құдайды тану үшін, Киелі кітапты оқуымыз керек. Киелі кітапты терең білген сайын, біздің дұғаларымыз да оның құлағына жағымды бола түседі.
НЕ ЖАЙЫНДА ДҰҒА ҚЫЛСАҚ БОЛАДЫ?
Қажетіңізді сұраңыз. Біз күнделікті қажетіміз жайында дұға қыла аламыз. Мысалы, тамақ, киім, баспана жайлы. Сондай-ақ біз дұрыс шешімдер қабылдау үшін даналық сұрай аламыз және өмірдің қиындықтарына төзу үшін күш сұрай аламыз. Біз Құдайдан “жүрегіме иман бер, күнә-қателіктеріме кешірім бер, көмегіңді бер” деп сұрай аламыз (Лұқа 11:3, 4, 13; Жақып 1:5, 17).
Басқалар үшін сұраңыз. Туған балалары бір-бірін жақсы көрсе, қандай ата-ана бұған қуанбайды?! Құдайдың қолынан шыққан біздердің де бір-біріміз үшін жанымыз ашып тұрса, Құдай да тура солай қуанады. Біз жан жарымыз үшін, балаларымыз үшін, туыстарымыз бен достарымыз үшін дұға қылсақ болады. Киелі кітапта: “Бір-бірің үшін дұға етіңдер”,— делінген (Жақып 5:16).
Алғыс айтыңыз. Киелі кітапта Жаратушы Құдайымыз жайында былай делінген: “Аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңді қуанышқа толтырып келді” (Елшілердің істері 14:17). Жаратушымыздың біз үшін жасаған жақсылығын ой елегінен өткізер болсақ, оған дұғамызда алғыс жаудыруға асық боламыз. Әрине, Құдайға алғысымыз шексіз екені біздің қалай өмір сүріп жатқанымыздан да көрініп тұру керек (Қолостықтарға 3:15).
САБЫР САҚТАП, ӘРДАЙЫМ ДҰҒАДА БОЛЫҢЫЗ
Шын жүректен айтқан дұғамызға бірден жауап алмағанда, көңіліміз құлазитын шығар. Осындайда “әй, осы менің Құдайға керегім жоқ-ау” деп ойлайсыз ба? Бұлай ойлауға асықпаңыз. Мына үш адамның оқиғасы бір рет қана дұға айтудың жеткіліксіз екенін айқын етеді.
Қайта-қайта дұға айту жайында кіріспе мақаладағы Стивен былай дейді: “Бір-ақ рет дұға айтып қоя салғанда, қайтадан бақытты болуым екіталай болар еді”. Бұндай ойға ол қалай келді? Ол Құдайдың сөзі Киелі кітапты зерттей бастаған екен. Сол жерден ол ұдайы дұға етудің маңыздылығын түсініпті. Ол: “Мен Құдайға аяулы достарым үшін алғыс айтудан жалықпаймын. Олар құлап бара жатқан мені қолтығымнан демеп тұрғызды. Енді мен шексіз бақыттымын”,— дейді.
Құдай мендей адамды қайдан тыңдасын деп ойлаған Дженни есіңізде ме? Ол былай дейді: “Мен өзімді әбден тапталған сорлы бейшара сезінгенде, Құдайдан неге бұндай күй кешіп жатырмын деп сұраумен болдым”. Құдай оған қалай көмектесті дейсіздер ғой?! Дженни былай дейді: “Ішімдегіні ақтара дұға еткенімнің арқасында өзіме өз көзіммен емес, Құдайдың көзімен қарай бастадым. Жүрегім мені жазғырса да, Жаратушым мені жазғырмайтынын түсіндім. Сондай-ақ бұл жарты жолдан тоқтап қалмай, алға ұмтылуға көмектесті. Дұға маған Ехобаның тірі, қамқор, жанашыр Құдай, әке, дос екенін көрсетті. Мен оның қалауын орындауды доғармасам, ол да менің қасымнан табылуын ешқашан доғармайды”.
Изабель деген әйелдің оқиғасын да айта кеткіміз келіп тұр. Ол жүкті кезінде дәрігерлер баласының кеміс болып туылатынын айтады. Ол жан дүниесі опырылып қалғандай сезінеді. Кейбіреулер оған баланы алдыртып тастауға кеңес береді. “Ішім толған қайғыдан тұншығып өліп қалам ба деп ойладым”,— дейді ол. Ол не істеді? “Мен Құдайым көмектесе гөр деген дұғамды айта бердім, айта бердім”,— дейді ол. Мерзімі келгенде ол Герард деген ұлын дүниеге әкелді. Дәрігерлер айтқандай, ол мүмкіндігі шектеулі болып туылды. Изабель дұғасының жауабын көрді ме? Ол былай дейді: “Ұлым қазір 14 жаста, мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан ол бақытты. Бұл бала — Жаратушымның берген ең керемет сыйы. Оған қарап, ол Ехоба Құдайымның дұғаларыма берген ең керемет жауабы екенін түсінемін”.
Осындай жүрекжарды сөздер зәбүр жыршысының мына сөздерімен үндеседі: “Сен, уа, Ехоба, момындардың жалбарынған үнін естисің, Жүректерін нығайтасың, оларға мұқият құлақ асасың” (Зәбүр 10:17). Әрдайым дұғада болудың бұдан артық себебі бар ма?!
Киелі кітапта Иса пайғамбардың көп дұғасы жазылған. Солардың ішіндегі біреуі өте танымал. Сол дұғадан не білсек болады?