Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жеккөрушілік қайдан пайда болады?

Жеккөрушілік қайдан пайда болады?

Әлемде жеккөрушілік шеңберінің пайда болуына не себеп? Мұның жауабын білу үшін, алдымен, жеккөрушілік деген не екенін, адамдар неге бір-бірін жек көретінін және ол қалай жайылатынын түсініп алғанымыз жөн.

Жеккөрушілік деген не?

Жеккөрушілік — біреуді мүлдем жақтырмау, өлердей өш болу сезімі. Ол жекелеген адамға я адамдар тобына бағытталуы мүмкін. Жеккөрушілік — адамның бойынан кетпей тұрып алатын өте жағымсыз қасиет.

АДАМДАР НЕГЕ БІР-БІРІН ЖЕК КӨРЕДІ?

Жек көрудің себебі көп. Ең жиі кездесетіні — адамдар өзіне ешқандай жамандық жасалмаса да, біреуді шыққан тегіне, ұлтына я дініне бола жек көріп жатады. Өйткені олар маған қиянат жасайды-ау, олардан еш қайыр жоқ, жақсылық күтуге болмайды деп қорқуы мүмкін. Сондықтан оларды кемсітіп, менсінбей қарайды. Көп жағдайда өшпенділік оты өздері зорлық-зомбылық, әділетсіздік көрген немесе қандай да бір жағдайдан зардап шеккен адамдардың бойында тұтанады.

ҚАЛАЙ ЖАЙЫЛАДЫ?

Адам тіпті өзі танымайтын адамды жек көруі мүмкін. Мысалы, кейбіреулер туған-туыстары немесе өзі сыйлайтын адамдары біреулерді жақтырмайтын болса, олар да солай етуі мүмкін. Сөйтіп, “бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, бір адамның жақтырмаушылығы мың адамға жұғады.

Жеккөрушілік тез жайылатындықтан, көп адам оның шырмауынан шыға алмай жүр. Одан шығу үшін біз жеккөрушіліктің түбі қайдан шыққанын білуіміз керек. Бұны Киелі жазбалардан ғана біле аламыз.

ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

БАСТАУЫ. Жеккөрушілік көкте бір періште Құдайға қарсы шыққанда пайда болды. Бұл періште кейінірек Шайтан Ібіліс деп аталды. Киелі жазбаларда ол Құдайға қарсы шыққан кезден бастап “кісі өлтіруші” болғаны айтылған. Сондай-ақ ол “өтірікші әрі өтіріктің әкесі” деп аталған. Сондықтан Шайтан адамдардың бойында жеккөрушілік пен өшпенділіктің отын жандырып келеді (Жохан 8:44; Жоханның 1-хаты 3:11, 12). Құдай Сөзінде ол “залым, ашулы, қатыгез” деп сипатталады (Әйүп 2:7; Аян 12:9, 12, 17).

КҮНӘКАР АДАМДАР ЖЕККӨРУШІЛІККЕ БІР ТАБАН ЖАҚЫН. Адам ата Шайтанның жолына түсіп, күнәға батты. Сол күнәсі бүкіл ұрпағына тарады, сондықтан бәріміз күнәкармыз (Римдіктерге 5:12). Адам атаның тұңғыш ұлы Қабыл туған інісі Әбілді жеккөрушіліктен өлтірді (Жоханның 1-хаты 3:12). Әрине, сүйіспеншілік пен жанашырлық танытып жүргендер жоқ емес. Бірақ күнәкар пенде болғандықтан басым көпшілігі өзімшілдікке, көреалмаушылық пен өркөкіректікке жақын. Ал мұндай жағымсыз қасиеттер жеккөрушіліктің отын лаулатады (Тімөтеге 2-хат 3:1—5).

ТӨЗІМСІЗ ӘЛЕМ. Бүгінгі заманда адамдар мейірімсіз, тасжүрек болып кеткен, небір жаман қылықтар жасайды. Соның кесірінен дүниеде жеккөрушілік дендеп барады. “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде” жатыр (Жоханның 1-хаты 5:19). Сол себепті әлемде төзімсіздік, алалаушылық, кемсітушілік, мүлікті қасақана бүлдірушілік пен әлімжеттік үдеп тұр.

Бірақ Киелі жазбалар жеккөрушіліктің түбін ғана емес, оның шешімін де айтады.