Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Берегеннің берері бар

Берегеннің берері бар

“АВТОБУС жүре берсін, ал мына қытай жігіт мінбейді!” Бұл сөздерді автобустың ішінде отырған Александра есімді әйел естіп қалады. Бұл көлік Оңтүстік Америкадағы екі елдің шегарасында тұрған еді. Ал қытай жігіті болса шегара қызметкеріне жарым-жартылай испан тілінде өзімен болған жағдайды түсіндірумен әлек болып жатты. Сырттан бақылап тұрған Александра аудармашы болуға ниет танытты. Ол Ехоба куәгерлерінің қытай тіліндегі қауымына барып жүргендіктен, тілді білетін.

Әлгі қытай жігіт өзінің заңды азамат екенін, бірақ құжаттары мен ақшасын ұрлатып алғанын айтады. Қызметкер оған сенбей, тіпті Александраны адам саудасымен айналысады деп күдіктенеді. Ақырында шегара қызметкері жігіттің айтқанына сенеді. Бірақ қажетті құжаты болмағандықтан, ол 20 доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Көк тиыны қалмағандықтан, Александра 20 долларды өз қалтасынан береді. Бұл ісіне ризашылығын қалай білдірерін білмей, жігіт ақшаны артығымен қайтаруды уәде етеді. Сонда Александра ешқандай сыйақы күтпейтінін, оның бар ойы тек көмектесу екенін айтады. Сосын жігітке Киелі кітапқа негізделген бірнеше әдебиет беріп, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап сабағын бастауды ұсынады.

Қай дінге жатпасын, бейтаныс кісілерге мырзалық танытатын адамдар бүгінде көп. Тегінде, осындай оқиғалар ешкімді бейжай қалдырмайды. Сіз де адамдарға қолыңыздан келгенше жақсылық жасағыңыз келе ме? Бұл көңіл қоюға тұрарлық сұрақ, өйткені Иса пайғамбар былай деген: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Мұның растығын бүгінгі күні ғылым да дәлелдеп отыр. Ғалымдардың айтуынша, берегендіктің адамның денсаулығына тигізер пайдасы көп екен. Қазір осыған толығырақ тоқталып өтейік.

БЕРЕГЕНДЕР БАҚЫТТЫ

Жүргізілген тәжірибенің нәтижесі бойынша, жомарттық қасиетінің бақытпен қатар иықтаса жүретіні анықталды. Елші Пауыл: “Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”,— деп жазған. Бұл жерде ол жомарттықпен сый-тарту жасап, қиындықта жүрген бауырластарына көмектескен мәсіхшілерге меңзеген (Қорынттықтарға 2-хат 8:4; 9:7). Пауыл олар бақытты болғандықтан берді деген жоқ. Қайта, олар бергендіктен бақытты болды дегісі келді.

Бір зерттеуге сай, өзгелерге бергенде, “миымыздың рақатқа бөленуге, қарым-қатынас орнату, біреуге сенім артуға жауап беретін бөлігі іске қосылып, бойымызды қанағат сезімі билейді” екен. Ал басқа бір зерттеуге сай, “әлдебіреуге қаржылай көмектескенде, адам ақшаны өзіне жаратқан кезден де мол бақыт сезінетіні” анықталған.

Өз жағдайыңызды ескеріп, менің берер аса ештеңем жоқ деп ойлағансыз ба? Шындығына келгенде, “қуанышпен беретіндердің” қатарында кез келген адам бола алады. Өйткені сыйдың қымбат тұратыны емес, ақ ниетпен берілгені маңызды. Бірде Ехоба куәгерлерінің бірі осы журналдың редакциясына былай деп хат жазып, ішіне ақша салып жіберіпті: “Бірталай жыл бойы Патшалық сарайында болмашы ғана садақа салып жүрдім. Ал Ехоба Құдай менің бергенімді он еселеп қайтарды... Ехобаның ісі үшін сый-тарту жібере алуыма жол ашып қойғандарыңызға рақмет. Мен бұдан зор жұбаныш табамын”.

Жомарттық тек ақшаға келіп тірелмейді. Берудің басқа да сан түрлі жолы бар.

БЕРЕГЕНДІК — ЖАНҒА ШИПА

Берегендіктің өзіңізге де, өзгеге де берер пайдасы зор

Киелі кітапта: “Мейірімді өз жанына игілік жасайды, қатыгез өз-өзін қиындыққа душар етеді”,— деген сөздер бар (Нақыл сөздер 11:17). Мейірімділер — уақытын, күш-қуатын, көмегін аямайтын жомарт жандар. Осындай болғандары оларға көп жағынан пайдасын тигізеді. Әсіресе денсаулықтарына берері мол.

Зерттеулер көрсеткендей, өзгелерге қол ұшын беруге дайын адамдар сирек ауырып, депрессияға да аз шалдығады екен. Олар сау өмірдің шуағына малынып жүреді. Жомарт болғандары тіпті шашыранды склероз немесе АИТВ (ВИЧ) сияқты созылмалы дертке шалдыққан адамдардың хал-күйін жақсарта түседі. Маскүнемдіктен емделіп жүргендер басқаларға жақсылық жасайтын болса, депрессияға айтарлықтай аз түсіп, ұрттап қоюдан аулақ болатындары да белгілі болды.

Неге десеңіз, бір мәліметке сай, жаны ашып, мәрттік пен қайырымдылық көрсететін адамның бойында жағымсыз сезімдерге орын табылмайды екен. Адам өзінде бармен бөліскенде, қан қысымы төмендеп, стресі азаяды. Жұбайынан айырылған жандар да өзгелерге көмектесіп, дем беріп жүрсе, депрессия дертінен құтыла алады.

Иә, береген болудың жан мен тән саулығына тигізер жағымды әсері көп.

БЕРЕГЕНДІК — ЖҰҚПАЛЫ ҚАСИЕТ

Иса пайғамбар шәкірттеріне былай деген: “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді. Қойындарыңа нығыздап, шайқап, тасып-төгілген мөлшерде салып береді. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі” (Лұқа 6:38). Сіз қолыңызда бардан бергенде, адамдар әдетте мұндай жомарттығыңызға тәнті болып, өздері де жомарттық жасауға ықыласты болып жатады. Осылайша берегендік бірлікке бастап, достықтың жібін берік ете түседі.

Берегендік бірлікке бастап, достық жібін берік етеді

Қарым-қатынас орнату саласының зерттеушілері “альтруизмді талмай танытатын адамдар айналасындағыларды да сондай қасиет танытуға қозғау салатынын” байқаған. Тіпті “мейірімділіктің шыңы деп танылған бір оқиғаны оқығанның өзі адамды көбірек жақсылық жасауға талпындыра алады”. Бір зерттеуге сай, “ғаламтордағы кез келген адам ондаған не жүздеген, тіпті ешқашан көріп-білмеген адамдарға қозғау сала алады”. Басқаша айтар болсақ, біздің бір жақсылығымыз бір кісіден екінші кісіге жалғасын тауып, қоғамға қан тамырдай тарап кетуі мүмкін. Сіз осындай қоғамда тұрғыңыз келер ме еді? Иә, береген адамдардың қатары көбейе түссе, әлем де гүлдене бермек.

Берегендіктің жұқпалы екеніне АҚШ-тың Флорида штатында болған мына оқиға дәлел бола алады. Бір топ Ехоба куәгері дауылдан зардап шеккен аймаққа көмектесуге барады. Жөндеп жатқан үйдің құрал-жабдықтары келіп жеткенше, олар көрші үйдің қирап қалған қоршауын тұрғызып береді. Әлгі көрші кісі кейіннен Ехоба куәгерлерінің бас басқармасына былай деп хат жазды: “Сіздерге мың да бір рақметімді айтқым келеді. Мұндай адамдарды өмірімде ешқашан кезіктірмеппін”. Осыншалық риза болған ол, өзі айтпақшы, Куәгерлердің ғаламат ісіне деп мол сыйақы тарту етті.

ЕҢ ҰЛЫ БЕРЕГЕНДІ ҮЛГІ ЕТІҢІЗ

Ғылыми зерттеудің нәтижесінде керемет бір жаңалық ашылды: өзгелерге көмектесуге деген ықылас — адамдардың қанында бар нәрсе. Зерттеуде айтылғандай, балалар тілі шықпай жатып-ақ өзгелермен бөлісуді біледі екен. Қайдан? Киелі кітапта оның жауабы жазылған: “Құдай адамды өзіне ұқсас етіп... жаратты” (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Бұл дегеніміз — Құдайдың басты қасиеттері адамдардың да бойында бар деген сөз.

Жаратушымыз Ехоба Құдайдың көптеген керемет қасиеттерінің бірі — жомарттық. Ол бізге өмір сыйлады, бақытты болуға қажеттінің бәрін берді (Елшілердің істері 14:17; 17:26—28). Біз көктегі Әкеміздің Сөзін зерттесек, оны жақын танимыз әрі адамзатқа қатысты тамаша ниетін біле түсеміз. Құдайдың Сөзінде болашағымыз жарқын болу үшін оның не істегені туралы да жазылған * (Жоханның 1-хаты 4:9, 10). Ехоба Құдай — жомарттықтың көзі, әрі біз оған ұқсас болып жаралғанбыз. Сондықтан оған еліктеп береген болғанымыз өзіміз үшін де жақсы және Құдайға да ұнамды (Еврейлерге 13:16).

Мақаланың басында айтылған Александра есіңізде ме? Автобуста болған жағдай немен аяқталды? Александраның қасында отырған басқа бір ер кісі ақшаны танымайтын жігітке бекер бергенін айтты. Алайда қытай жігіті автобус тоқтаған соң достарымен хабарласып, әйелдің ақшасын қайтарып берді. Бұған қоса, Александраның Киелі кітап сабағына қатысты айтқан сөзін жерге тастамады. Үш айдан кейін Александра оны Перуде өткен Ехоба куәгерлерінің қытай тіліндегі конгресінде көріп қатты қуанды. Әйелдің жасаған бар жақсылығына жүрегі толқыған қытай жігіті оны қасындағы достарымен бірге өз мейрамханасына шақырды.

Береген болу әрі өзгелерге көмек көрсету бір ғанибет қуаныш сыйлайды. Ал жақсылық жасаумен қатар адамдарды барлық игі сыйлардың Қайнары — Ехоба Құдаймен таныстырсаңыз, қуанышыңыз еселене түседі (Жақып 1:17). Сіз осындай жомарттық танытып жүрсіз бе?

^ 21-абзац Бұл жайлы көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымынан таба аласыз. Сондай-ақ бұл кітапты www.mt1130.com/kk сайтында онлайн оқуға болады. Бұл үшін БАСЫЛЫМДАР/ КІТАПТАР МЕН КІТАПШАЛАР деген жерге кіріңіз.