Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ауыр дерт айтпай келгенде

Ауыр дерт айтпай келгенде

“Дәрігер маған өкпем мен тоқ ішегімде қатерлі ісік бар екенін айтқанда, өлімге кесілгендей болдым. Үйге келген соң өзіме “иә, мен былай болады деп күткен жоқпын, бірақ осы жағдаймен күресудің амалын табуым керек” дедім” (Ләззат, 71 жаста).

“Ауырған кезде жанымды көзіме көрсететін дертімнің кесірінен сол жақ бетімнің жүйке жүйесі зақымданған. Кейде ауруымның шыдатпайтыны сонша — күйзеліп кетемін. Талай рет өзімді жападан жалғыз сезініп, тіпті өз-өзіме қол жұмсау туралы ой келетін” (Алма, 49 жаста).

ӨЗІҢІЗ не жақын адамыңыз өмірге қауіп төндіретін ауруға шалдыққан болса, бұл қаншалықты уайым тұңғиығына батыратынын сөзсіз түсінетін шығарсыз. Дерттің өзі былай тұрсын, іштегі алай-түлей сезімдер де бар ғой, олармен де арпалысу керек. Қайта-қайта дәрігерлерге бару, дұрыс ем іздеп табу, олардың шығынын жабу, дәрі-дәрмектердің кері әсері тағы бар — осының бәрі үрей мен уайымды одан сайын үдетіп жібереді. Ауыр дертке жан азабы қосылғанда, қиындық көтере алмастай ауыр болуы мүмкін.

Мұндайда көмекті қайдан табуға болады? Көп адам Құдайға дұға етіп, Киелі кітаптың жұбаныш сөздерін оқығанда, жандарына медет тапқан. Отбасы мен достардың сүйіспеншілігі мен қолдауы — көмектің тағы бір көзі.

ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢСЕРУДІҢ ЖОЛДАРЫ

58 жасар Рома былай дейді: “Құдайға сену — аурудың емі. Ол сізге аурудан жеңілмей, табанды болуға көмектеседі. Ехобаға дұға етіңіз. Оған ішкі күйіңізді айтып, шер тарқатыңыз. Киелі рухын сұраңыз. Мықты болып, отбасыңызға жігер болу үшін, сондай-ақ ауруыңызды абыроймен өткеру үшін Құдайдан күш сұраңыз”.

Рома тағы былай деп қосты: “Отбасың көңіліңнің түсуіне жол бермей, қасыңнан табылып, демеу болғанына не жетсін! Маған күніне бірнеше адам хабарласып, хал-жағдайымды сұрап тұрады. Жан-жақтағы жолдастарым жігерімді жалындатады. Олар маған жаңа серпін беріп, әрі қарай да берілмеуге көмектеседі”.

Науқас достарыңызға барғанда, Ләззаттың мына кеңесі сізге көмек болар: “Науқас адамның мүмкіндігінше қалыпты өмір сүргісі келетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан үнемі ауруы жайлы сөйлескісі келмеуі мүмкін. Онымен күнделікті өмірдегі әңгімелерді қозғаған дұрыс”.

Құдайдың беретін күші бар, оның жұбаныш Сөзі бар, отбасыңыз бен достарыңыздың демеуі бар. Сондықтан тіпті ауыр дертпен арпалысып жүрсеңіз де, өмірден түңілудің еш қажеті жоқ!