Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Жүректі сыздатқан қайғы-мұң

Жүректі сыздатқан қайғы-мұң

“Дұрысын Құдай біледі ғой, қалқам! Жыламашы...”

Нағима * деген әйел қайғыдан қан жұтып отырғанда, жерлеу рәсіміне келген әке-шешесінің досы осы сөздерді оның құлағына сыбырлады. Нағиманың әкесі жол апатынан қайтыс болған еді.

Нағима әкесін қатты жақсы көретін. Әке-шешесінің досы жоғарыдағы сөздерді ізгі ниетпен айтса да, бұл оны жұбатқаннан гөрі одан бетер жылатты. Ол іштей: “Әкемнің өлгенінің несі дұрыс?”— деумен болды. Жылдар өте Нағима өз кітабында осы жайтты баяндап кетті. Бұдан оның жан жарасы әлі күнге дейін жазылмағанын көруге болады.

Нағиманың жағдайынан көрінетіндей, жақын адамын, әсіресе сүйікті адамын, жоғалтқан жанның қайғыдан бас көтеруі уақыттың еншісінде. Киелі кітапта өлім “соңғы жау” деп орынды айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Өлім бізді жақсы көретін адамдарымыздан айыратын құдды бір жау секілді. Ол көбіне аяқастынан тап беріп, шарасыз күйге душар етеді. Бұндай сұмдыққа адам баласы тосқауыл бола алмайды. Міне, сол себепті осындай жағдайға тап болғанда, қайғыдан қабырғамыз қайысып, жылаудан басқа амалымыз қалмайды.

Бәлкім, сізді келесідей сұрақтар мазалайтын шығар: Қайғының басылуына қанша уақыт керек? Қайғы-мұңмен қалай күресуге болады? Жақыны қайтыс болған адамды қалай жұбата аламын? Дүние салған жақындарымызды біржолата жоғалттық па?

^ 4-абзац Есімі өзгертілген.