Алланың разылығы үшін дұға қылыңыз
Жаратушының адамдарға берген ғажап сыйы — дұға. Дұға арқылы олар Жаратушымен тілдеседі, іштерінде бұғып жатқан ой-сезімдерін айтады. Дәуіт пайғамбар Жаратқанына: “Сен дұғаларды тыңдайсың; Өзіңе мінажат етуге әртүрлі адам келеді”,— деп дұға қылған (Зәбүр 65:2). Ал дұғамыз қабыл болу үшін, Құдайдың несібесін алу үшін не істеу керек?
КІШІРЕЙІП, ШЫН ЖҮРЕКТЕН ДҰҒА ҚЫЛЫҢЫЗ
Дұға қылғанда жүрек сырларыңызды өз сөзіңізбен ақтарып айтыңыз (Зәбүр 62:8). Алла Тағала біздің бір дұғаны қайталап айта бергенімізді немесе өзіміз түсінбейтін тілде, жаттанды дұға айтқанымызды я оны дұғалар жинағынан оқып бергенімізді қаламайды. Ол жүректен шығатын дұғаларға сүйсінеді.
АЛЛАНЫҢ ЕСІМІМЕН БАСТАҢЫЗ
Жаратушының Құдай, Алла, Тәңір сияқты көптеген атаулары бар. Десе де Алланың дара бір есімі бар. Бұл жайында Киелі жазбаларда ол: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім”,— дейді (Ишая 42:8). Бұл есім Киелі жазбаларда шамамен 7000 рет кездеседі. Көп пайғамбар дұғаларын осы есіммен бастаған. Мысалы, Ибраһим пайғамбар: “Уа, Ехоба, тағы да айтайыншы”,— деген (Мұсаның 1-жазбасы 18:30). Біз де Жаратушының Ехоба деген атын атап дұға етуіміз керек.
ДҰҒАНЫ ЖАНЫҢЫЗҒА ЖАҚЫН ТІЛДЕ АЙТЫҢЫЗ
Қай тілде сөйлесек те, Жаратқан Алла жүрегіміздің түбінде жатқан сезімдерімізді, ойларымызды түсінеді. Құдайдың сөзінде ол жайында былай делінген: “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:34, 35).
Алайда Алланың шапағатына бөлену үшін дұға қылу ғана жеткіліксіз. Сонда тағы не істеу керек? Бұл жайында келесі мақалада айтылады.