Иса Мәсіхтің түрі қандай болған?
Иса ешқашан өзінің суретін салдырып, мүсінін жасатпаған. Сондықтан “оның түрі осындай болған” деп ешкім айта алмайды. Дегенмен ғасырлар бойы көптеген суретшілер оның түрін салып келді.
Әрине, олар Исаның нағыз түрін білмеген. Исаны қалай бейнелейтініне олардың шыққан орталары, наным-сенімдері, сондай-ақ сурет салдырушының жеке қалау-тілектері әсер еткен. Бұл суреттер өзге адамдардың Иса Мәсіхке және оның тәлімдеріне деген көзқарастарын бұрмалаған.
Кейбір суретшілер Исаны шашы ұзын, сақалы селдір-сирек, дімкас, жанарының оты жоқ біреу етіп салады. Ал басқа суреттерде ол басында сәулелі сақинасы бар құдіретті періште немесе жұртшылықтан алшақ жүрген адам кейпінде бейнеленеді. Бұлар Исаның болмысын дұрыс жеткізе ме? Мұны анықтаудың бір жолы — Киелі кітаптағы кейбір үзінділерді қарастыру. Бұл тармақтар бізге Исаның сырт көрінісін шамалап елестетуге және ол туралы дұрыс ой қалыптастыруға көмектеседі.
“СЕН МАҒАН ДЕНЕ ДАЙЫНДАП ҚОЙДЫҢ”
Иса бұл сөздерді шомылдыру рәсімінен өткен кезде айтса керек (Еврейлерге 10:5; Матай 3:13—17). Сонда оның денесі қандай болған? Бұл сұраққа жауап алу үшін осы жағдайдан 30 жылдай бұрын Жәбірейіл періштенің Мәриямға айтқан сөзіне көңіл бөлейік. Ол: “Сен табатын бала Құдайдың Ұлы деп аталатын болады”,— деген (Лұқа 1:31, 35). Демек, Иса дәл Адам ата сияқты кемелді болған (Лұқа 3:38; Қорынттықтарға 1-хат 15:45). Оның дене бітімі келісті, түрі яһуди болған анасы Мәриямға ұқсаса керек.
Яһуди ер адамдарының римдіктерден бір айырмашылығы — олар сақал қоятын. Сақал ер кісінің көркі, абыройы саналған. Ол ұзын емес әрі ұқыпты қырқылып таралатын болған. Иса да сақал қойған. Ол сақалын да, шашын да қырқып, ұқыпты жүрген. Тек Самсон сияқты, Құдайға назир деп аталатын ерекше ант берген адамдар ғана шаштарын қимайтын (Мұсаның 4-жазбасы 6:5; Билер 13:5).
Иса ер жеткенінен-ақ ұсталықпен айналысып, шебер ағаш ұстасы болған. Қазіргі заманауи құралдар ол кезде болмағандықтан, ұсталар бәрін қолмен жасайтын (Марқа 6:3). Сондықтан Иса шымыр денелі болған дей аламыз. Бірде ол жалғыз өзі “қой, сиырларымен қоса сатушылардың бәрін ғибадатханадан қуып шықты. Ал ақша айырбастаушылардың тиындарын шашып, үстелдерін аударып тастады” (Жохан 2:14—17). Мұндай батыл әрекет мығым, бойында күші көп адамның ғана қолынан келетінімен келісетін шығармыз. Барлық жағдайда Иса Құдай дайындаған денені оның еркін орындау үшін қолданған. Бұл жайында ол былай деген: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім” (Лұқа 4:43). Әрине, бүкіл Палестина өңірін жаяу аралап, ізгі хабарды жариялау үшін көп күш пен төзімділік қажет болған.
“МАҒАН КЕЛІҢДЕР, МЕН ЖАНДАРЫҢДЫ СЕРГІТЕМІН”
Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқан жандар биязы әрі жылы шырайлы Исаға ерекше Матай 11:28—30). Исадан тәлім алғысы келгендер оның мейірімділігі мен жұмсақтығына шомылып, жандары сергіп қалған. Киелі кітаптан кішкентай балалардың да Исаның қасында болуға асық болғандарын оқимыз (Марқа 10:13—16).
тартылған (Исаның өлер алдында азап шеккені рас, бірақ ол бақытсыз, мұңшыл адам болмаған. Ол бірде Қана деген қалада тойға барып, жас жұбайлардың қуанышына ортақтасқан. Тіпті суды шарапқа айналдырып керемет жасаған (Жохан 2:1—11). Ал тағы басқа жиындарда ол тарихтан еш өшпейтін тәлім берген (Матай 9:9—13; Жохан 12:1—8).
Ең маңызды жайт — Исаның тәлімдері құлақ асқан адамға мәңгі әрі бақытты өмір сүру үмітін сыйлай алатын (Жохан 11:25, 26; 17:3). Ол бірде уағыз айтып келген 70 шәкіртінің әңгімесін тыңдап, қуанышқа кенелгені сонша: “Есімдеріңнің көкте жазылғанына қуаныңдар”,— деген (Лұқа 10:20, 21).
“СЕНДЕРДІҢ АРАЛАРЫҢДА БҰНДАЙ БОЛМАСЫН”
Исаның кезінде діни жетекшілер жұрттың назарына түсуді ұнататын және биліктерін асыра пайдаланатын (Мұсаның 4-жазбасы 15:38—40; Матай 23:5—7). Ал Иса елшілерін өзгелерді билеп-төстемеуге үйретті (Лұқа 22:25, 26). Ол былай деді: “Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүргенді, базар алаңдарында жұрттың өздеріне сәлем бергенін... ұнатады” (Марқа 12:38, 39).
Исаның өзі болса жұрттан ерекшеленбейтін, тіпті кейде адамдар оның Иса екенін білмей қалатын (Жохан 7:10, 11). Оның сырт бітімі 11 елшісінен де аса ерекшеленбейтін. Сондықтан да сатқын Яһуда бір топ адамға кімнің Иса екенін білдіру үшін, оның бетінен сүйіп белгі беретінін айтқан (Марқа 14:44, 45).
Исаның түр-келбетіне қатысты көп мәлімет белгілі болмағандықтан, ол қазіргі суреттерде бейнеленгендей болған дей алмаймыз. Алайда маңыздырағы — Исаның түрі шынымен қандай болғаны емес, қазір оны қалай елестететініміз.
“ЕНДІ АЗ УАҚЫТТАН КЕЙІН ОСЫ ДҮНИЕ МЕНІ КӨРМЕЙДІ”
Иса бұл сөздерді айтқан күні өлтіріліп, денесі қабірге қойылған болатын (Жохан 14:19). Ол “көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде берді” (Матай 20:28). Өлгеннен кейін үшінші күні Құдай оны “рухани денемен” тірілтті, сосын шәкірттердің кейбіріне көрсетті (Петірдің 1-хаты 3:18; Елшілердің істері 10:40). Сонда Иса оларға қандай денемен көрінген? Ол бұрынғы емес, басқа түрмен көрінсе керек, себебі оны ең жақын шәкірттері де бірден танымады. Мысалы, мағдалалық Мәриям оны бағбан екен деп қалды. Ал Еммаус деген ауылға бара жатқан жолда екі шәкірт оны бөтен бір жолаушы екен деп ойлады (Лұқа 24:13—18; Жохан 20:1, 14, 15).
Исаны бүгінде қалай елестетсек болады? Иса қайтыс болғаннан 60 жыл өткен соң, сүйікті елшісі Жохан аян алып, Исаны көрген. Ол айқышта ілініп тұрған адамды емес, “патшалардың Патшасын, иелердің Иесін” көрген. Жохан осы аянда Құдай Патшалығының бұл Патшасы жауларды, яғни жын-перілер мен зұлым адамдарды, қалай жеңетінін, адамзатқа мәңгілік бойы бата төгетінін көрген (Аян 19:16; 21:3, 4).