ҚИЫНДЫҚТЫҢ КҮРМЕУІН ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ
Өнегелілікке тәрбиелейтін білім
Мектептің ұйымдастыруымен сапарға шыққан бірнеше жасөспірім жігіт бір бозбаланы зорлағаны үшін айыпталды. Олардың барлығы Канаданың беткеұстар мектептерінің бірінде оқитын. Осы сұмдық оқиғадан кейін, Леонард Стерн есімді журналист “Оттава ситизен” газетінде былай деп жазды: “Қанша жерден ақыл-ойы ұшқыр, білімді болмасын, бақуатты отбасынан шықпасын, бұл жастардың өнегесіз істерге баруына тоқтау қоя алмайды”.
Аталмыш журналист сөзін былай деп жалғады: “Ойлап қарасаң, ата-ананың ең басты міндеті баланың бойына өнегелілік нормаларын ұялату болу керек. Бірақ, шындығында, көп ата-ана балаларының жақсы оқып, кейін табысы мол жұмысқа тұрғанын ғана көздейтін секілді”.
Әлбетте, білім алу маңызды-ақ. Дегенмен ең керемет зайырлы білімнің өзі адамға бұрыс қалаулары мен жаман бейімділіктерін ауыздықтауға көмектесе алмайды. Ендеше, осы жағынан өнегелілікке баулитын білім бар ма?
РУХАНИ-ӨНЕГЕЛІЛІК ТӘРБИЕ БЕРЕТІН БІЛІМ
Киелі кітап айна іспетті. Оған үңілсек, осал, әлсіз тұстарымызды анық көре аламыз (Жақып 1:23—25). Бірақ Киелі кітаптың көмегі бұл ғана емес. Ол қажетті өзгерістер жасап, бойымызда шынайы тыныштық пен татулыққа бастайтын қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Мысалы, қайырымдылық, мейірімділік, шыдамдылық, ұстамдылық пен сүйіспеншілік қасиеттерін. Құдай Сөзінде сүйіспеншіліктің тіпті “адамдарды толықтай біріктіретін” құдіретке ие екені айтылған (Қолостықтарға 3:14). Киелі кітап осы асыл қасиеттің ерекшелігін былай сипаттайды:
-
“Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді; сүйіспеншілік қызғанбайды, мақтанбайды, менменсінбейді; ол әдепсіз емес, өзімшіл де, ашушаң да емес, кек те сақтамайды; сүйіспеншілік әділетсіздікке [жамандыққа] емес, шындыққа қуанады; ол бәріне төзеді,.. бәріне төтеп береді. Сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8).
-
“Өзгені сүйетін адам оған жамандық істемейді” (Римдіктерге 13:10).
-
“Бәрінен бұрын, бір-біріңді барынша сүйіңдер, өйткені сүйіспеншілік көптеген күнәні жабады” (Петірдің 1-хаты 4:8).
Өзіңізді жақсы көретін адамдардың ортасында не сезінесіз? Сірә, алаңсыз, қауіпсіз, жайлы сезінерсіз. Өйткені олардың сізге тек жақсылық тілейтінін, әдейі қиянат жасамайтынын білесіз.
Сүйіспеншілік адамды өзгенің игілігі үшін бірдеңені құрбан етуге, тіпті өмір салтын өзгертуге қозғау салады. Мысалы, Артур деген кісі немерелі болғанда, оның қызығын қызықтағысы келетін. Бірақ ол шылымқор еді. Немересінің қасында
оның темекі шеккенін күйеубаласы мүлдем қаламады. Сонда ол немересі үшін 50 жыл бойы шеккен темекісін тастап, жаман әдетінен арылды. Сүйіспеншіліктің құдіреті деп осыны айтыңыз!Киелі кітаптың арқасында қайырымдылық, мейірімділік, әсіресе сүйіспеншілік сынды ізгі қасиеттерді дамыта аламыз
Сүйіспеншілік туа бітпейді, оны жүре келе дамытамыз. Баланы сүйіспеншілікке баулуда ата-ананың атқарар рөлі орасан зор. Олар балаларын бағып-қағып, қанаттарының астына алады. Ауырып я жарақаттанып қалса, мәпелеп қамқорлайды. Жақсы ата-ана балаларымен сөйлесуден жалықпайды, оларды жақсы әдеттерге дағдыландырады. Сондай-ақ оларға тәлім-тәрбие беріп, дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйретіп отырады. Өздері де балаларына үлгі-өнеге көрсетеді.
Бірақ өкінішті бір жайт — бүгінде кейбір ата-аналар өз міндеттеріне немкетті қарайды. Бұл олардың балалары жақсы адам болмайды деген сөз бе? Мүлдем олай емес! Тіпті отбасында жақсы тәрбие көрмеген ересектердің өзі өмірлерін күрт өзгертіп, адал да сенімді жандарға айналған. Келесі мақаладан көретініміздей, мінезі еш түзелмейді деген адамдар да осындай өзгеріс жасай алған.