Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СҰХБАТ | ЯНЬ ДЭ СЮЙ

Эмбриолог ғалымның өз сенімі жайлы әңгімесі

Эмбриолог ғалымның өз сенімі жайлы әңгімесі

ПРОФЕССОР Янь Дэ Сюй ғылыми-технологиялық ұлттық университетте (Пиндун, Тайвань) жұмыс істейді. Ол — ұрықтарды зерттеу саласының бас маманы. Янь Дэ Сюй мырза бұрын эволюцияға сенетін, бірақ ғылыми зерттеумен айналыса келе оның ойы өзгерді. Қазір оның берген сұхбатына назар аударайық.

Янь Дэ Сюй мырза, шыққан тегіңіз жайлы айта кетсеңіз...

Мен 1966 жылы Тайвань елінде дүниеге келдім. Ата-анам даосизм мен буддизм дінін қатар ұстанатын. Біз қайтыс болған ата-бабаларымызға да табынып, пұттарға да сиынатынбыз. Алайда бізде барлық тіршіліктің Жаратушысы бар деген ұғым болған жоқ.

Неліктен биология саласын таңдадыңыз?

Бала кезімде үй жануарларын асырауды ұнататынмын. Мен жануарлар мен адамдарды барлық азаптан азат еткім келді. Сөйтіп, мал дәрігері мамандығын игере бастадым, кейіннен эмбриологияны зерттеуді шештім. Өйткені менің пайымдауым бойынша, бұл сала тіршіліктің қайдан бастау алғанын түсіндірмек еді.

Бір кездері эволюцияға сенген екенсіз. Бұған не себеп болға- нын айтып бере аласыз ба?

Университеттегі ғалымдар эволюция ілімін оқытты, әрі айғақтар да осы ілімді растайтынын айтты. Ал мен оларға сендім.

Киелі кітапты не үшін оқи бастадыңыз?

Бұның екі себебі болды. Біріншіден, менің түсінігім бойынша көптеген құдайлардың арасында біреуі басқаларынан ұлы болу керек еді. Ол кім екенін білгім келді. Екіншіден, Киелі кітап көпшілік қастер тұтатын кітап болғандықтан, мен сол кітап жайлы көбірек іздене бастадым.

Мен 1992 жылы Бельгиядағы Лувен католик университетінде оқып жүргенімде, католик шіркеуіне бардым. Дін қызметкерінен Киелі кітапты түсіндіруді өтініп едім, ол бас тартты.

Сонымен, рухани шөліңізді қандыра алдыңыз ба?

Екі жылдан кейін Бельгияда ғылыми зерттеумен айналысып жүргенде, Рут есімді поляк әйелді кездестірдім. Ол Ехоба куәгері екен. Рут қытай тілін үйреніп, Құдай туралы білгісі келген студенттерге уағыздайтын. Бұған дейін Құдай туралы білуге біреу маған көмектессе екен деп дұға еткен едім. Оны кездестіргенде, қуанышымда шек болмады.

Рут Киелі кітаптың ғылыми кітап болмаса да, ғылыми тұрғыдан тура екенін көрсетті. Мысалы, Киелі кітап жазушыларының бірі Дәуіт өз дұғасында былай деген: “Тіпті ұрық күйімді көздерің көрді, оның бірде-бір бөлігі әлі пайда болмай тұрып, қалыптасатын күндері сенің кітабыңда жазылып қойылған еді” (Зәбүр 139:16). Дәуіт бұл сөздерді көркем тілмен өлеңдетіп айтса да, ғылыми тұрғыдан дәл айтты. Ұрықтың бөліктері, яғни мүшелері, әлі түзілмей тұрып-ақ ұрықта әрі қарай қалай даму керектігіне қатысты нұсқаулары болады. Киелі кітаптың туралығы оның шынымен Құдай Сөзі екеніне көзімді жеткізді. Сондай-ақ бір ғана шынайы Құдай бар екенін және оның есімі Ехоба екенін біліп қатты қуандым 1.

Тіршілікті Құдай жаратқанына көзіңізді жеткізген не нәрсе?

Ғылыми зерттеулердің мақсаты — қалыптасып қалған біржақты пікірді қолдау емес, шындықтың түбіне жету. Ұрықтың дамуын зерттей келе, көзқарасым түбегейлі өзгерді: тіршілік атаулы өздігінен пайда болмағанына көзім жетті! Мысалы, зауыттағы конвейердің арқасында қандай да бір бұйымның жеке-жеке бөліктері өз ретімен және өз орнына жиналады. Бірақ конвейерді жасау үшін инженерлер қажет. Ұрықтың дамып-жетілуі де қандай да бір мағынада конвейерде болатын процеске ұқсайды, бірақ одан сан мың есе күрделі.

Барлық процесс ұрықтанған бір ғана жасушадан басталады, солай емес пе?!

Иә, көзге де көрінбейтін титтей ұрықта бөліну процесі басталады. Әрбір 12—24 сағат аралығында жасушалар екі есеге көбейіп отырады. Осы кезеңдегі жасушаларды діңгекті жасушалар деп атайды 2. Діңгекті жасушалар баланың толық қалыптасуына қажетті қан, сүйек, жүйке және тағы басқа 200 түрлі жасушаны түзеді.

“Ұрықтың қалай дамитынын зерттей келе тіршілікті Құдай жаратты деген тұжырымға келдім”

Қажетті жасушалар өзінің қажетті уағында әрі қажетті орнында түзілуі тиіс. Олар өз ретімен бірігіп, тіндерге айналады, ал тіндер бірігіп, ағза мүшелері мен аяқ-қол түзеді. Мұндай процеске қажетті нұсқаулық жазу ешбір инженердің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Бірақ мұны ойлап, бас қатырудың қажеті жоқ, себебі ұрықтың дамуына қажет нұсқаулық ДНҚ молекуласында жазылған. Осы ғажайып құбылыс жайында ойланған сайын, тіршілікті Құдай жаратқанына көзім жете түседі.

Неге Ехоба куәгері болуды шештіңіз?

Бір ауыз сөзбен айтсам, бұның себебі — сүйіспеншілік. Иса пайғамбар: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Сүйетін адам ешкімді ұлтына, мәдениетіне не терісінің түсіне қарай бөліп-жармайды. Ехоба куәгерлерімен араласа бастағанымда, осындай сүйіспеншілікті сезіндім.

^ 2. Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданы жол бермегендіктен, профессор Янь Дэ Сюй діңгекті жасушалармен тәжірибе жүргізбейді.