НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ТЫЛСЫМ КҮШ КІМНІҢ КҮШІ?
Құдай Сөзінен спиритизм жайлы бірер сөз
КӨПШІЛІК тылсым дүние, табиғаттан тыс күштер мен сиқыршылыққа секемшілдікпен қарап, я оларды кино өнеріндегі сценаристердің қиялынан туған дүние деп санайды. Алайда Киелі кітаптың бұл орайда айтары басқа. Ол жерде әрбірімізді спиритизмнен аулақ жүруді нықтап ескертеді. Соның бір мысалы Мұсаның 5-жазбасы 18:10—13 тармақтарында жазылған: “Араларыңда ешкім... сәуегейлік, сиқырлық, бал ашу, бақсы-балгерлік, дуалау, тәуіпке жүгіну, көріпкелдік, аруақтарды шақыру дегендермен айналыспасын”. Неліктен? “Мұндаймен айналысатындар Ехобаға * жеркенішті... Ал сендер Ехоба Құдайларыңның алдында кінәратсыз болыңдар”,— делінген.
Киелі кітап спиритизмнің барлық түрін не себепті қатаң айыптайды?
ҚҰДАЙДАН КЕЛГЕН КҮШ ЕМЕС
Киелі кітапта жер жаратылмас бұрын Құдайдың миллиондаған періштені жаратқаны айтылады (Әйүп 38:4, 7; Аян 5:11). Әр періштеге дұрыс не бұрыс әрекет етуге ерік берілген еді. Олардың кейбірі Құдайға қарсы шығуды шешті де, жерге қасірет әкелу үшін көктегі мекендерін тастап кетті. Содан жер беті зұлымдыққа толды (Мұсаның 1-жазбасы 6:2—5, 11; Яһуда 6).
Киелі кітап әлгі зұлым періштелердің миллиондаған адамды адастырып жіберуге шамасы келгенін айтады (Аян 12:9). Олар тіпті болашақты білу сияқты адамдарға тән қалауды бұрыс жолмен қанағаттандыруға итермеледі (Самуилдің 1-жазбасы 28:5, 7; Тімөтеге 1-хат 4:1).
Табиғаттан тысқары кей күштердің расында біреуге көмегі тиіп жатқандай көрінер (Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Алайда мұның артында тұрған зұлым періштелердің көксеп отырғаны — адамдардың саналарын соқыр етіп, Құдай туралы шындықты жасыру (Қорынттықтарға 2-хат 4:4).
Құдай Сөзі зұлым рухтармен байланыс жасаудың ойыншық емес екенін ескертеді. Кезінде Иса пайғамбардың шәкірті болғалы жатқан кісілер осыны түсініп, қымбат тұрғанына қарамай, “сиқырлықпен айналысқан кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберген” (Елшілердің істері 19:19).
Бүгінде де спиритизммен байланысты кез келген іске, көңіл көтеруге мүлдем жоламауды шешкен адамдар көп. Мария * есімді қыздың 12 жасында болашақты, төнгелі тұрған бір қауіпті болжай алатындай қабілеті болған. Сыныптастарына таро картасын ашып беріп, болжамдары шындыққа ұласқанда, ол балгерлікке бас ұрады.
Мария бұл қабілетін адамдарға жақсылық жасасын деп берген Құдайдың сыйы деп жүрді. Бірақ ол былай дейді: “Мен бір жайтқа дал болдым. Басқаларға бал ашып бергеніммен, мен оны өзім үшін аша алмадым. Қанша қаласам да, өз болашағымды болжай алмадым”.
Көкірегін тескен сұрақтарға жауап таба алмаған Мария Құдайға дұға етеді. Көп ұзамай Ехоба куәгерлерін жолықтырып, Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол көріпкелдік қабілетінің Құдайдан келмегенін біледі. Жаратушымен дос болғысы келсе, спиритизмге қатысы бар кез келген заттардан құтылу керектігін де түсінеді (Қорынттықтарға 1-хат 10:21). Сөйтіп, Мария бақсы-балгерлікпен байланысты кітаптары мен заттарының бәрін лақтырып тастайды. Бүгінде ол Киелі кітаптан білген шындық сөздерін басқаларға айтып жүр.
Даниел болса жасөспірім кезінде айрықша күштері бар кейіпкерлер жайлы фантастикалық шығармаларды сүйіп оқыған. “Мен қиял-ғажайып әлеміне сүңгітіп жіберетін өзім қатарлы кейіпкерлер жайлы оқығанды ұнататынмын”,— дейді ол. Уақыт өте келе Даниел сиқыршылық пен Шайтанға арналған рәсімдер жайлы кітап оқудан бас алмайтын болды. Ол: “Сол жайында оқып, сол жайында фильм көруге деген әуестігім күшті болды”,— дейді.
Киелі кітапты зерттегенінің арқасында Даниел енді не оқып, не көретініне аса мән беретін болды. “Мен сиқыршылықпен байланысы бар нәрселерімнің тізімін жасап, бәрін жойып жібердім. Ал өзіме маңызды бір сабақ алдым: Қорынттықтарға 1-хат 10:31-де “Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” деген сөздер бар. Енді өзімді мына сұрақ бойынша тексеріп отырамын: “Осы мәліметті оқысам, Құдайдың ұлылығына кереғар нәрсе істеп қоймаймын ба?” Жауабы “иә” болса, одан бас тартамын”.
Киелі кітаптың нұр шашатын шырағданмен теңестірілетіні бекер емес. Ол — спиритизмнің шын келбетін ашатын ерекше жарық көзі (Зәбүр 119:105). Бірақ онда басқа да жайттар ашылады. Мысалы, Киелі кітап зұлым рухтардан ада заманның келетінін уәде етеді. Сонда адамзат кең тыныс алып, өркендей түспек. Зәбүр 37:10, 11-де былай деп жазылған: “Көп ұзамай зұлымдар жоқ болады, тұрған жерлеріне қарайсың, бірақ оларды еш таппайсың. Ал момындар жерді мұра етеді, керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі”.
^ 3-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдай есімі.
^ 10-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.