Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ

Құмырсқаның мойны

Құмырсқаның мойны

КӘДУІЛГІ ҚҰМЫРСҚАНЫҢ өз салмағынан бірталай есе ауыр заттарды көтере алатыны инженер-механиктерді таң-тамаша қалдырып келеді. Құмырсқаның осы бір қабілетінің сырын ашу үшін Огайо штаты университетінің (АҚШ) инженерлері құмырсқаның қаңқасын, оның өзіне тән ерекшеліктері мен қимыл-қозғалыстарын компьютерлік үлгі ретінде жасап көрді. Бұл үлгілерді жасау үшін микротомографиялық бейнелер мен құмырсқаның жүк көтергендегі жұмсайтын күш-қуаты өлшеніп қолданылды.

Құмырсқа қаңқасының ең маңызды бөлігі оның мойны болып табылады, өйткені оның аузында ұстаған заттың бүкіл салмағы сол мойнына түседі. Мойынның жұмсақ тіндері дененің қатты қаңқасы мен бассүйегіне тамаша түрде жалғанған. Мұны екі алақанды біріктіргенде саусақтардың өзара тоғысуымен салыстыруға болады. Бұл турасында бір зерттеуші былай дейді: “Мұндай құрылым мойынның қимыл-қозғалысы үшін аса маңызды. Қатты және жұмсақ материалдардың айрықша түрде тоғысуы олардың байланысын берік ететін көрінеді. Құмырсқа мойнының ауыр жүкті көтере алу қабілетінің сыры дәл осы дизайнде жатса керек”. Зерттеушілер құмырсқа мойнының қимыл-қозғалысын жете түсінудің арқасында адам қолынан шыққан робот-механизмдердің құрылымын жақсартуға болады деп үміттенеді.

Сіз қалай ойлайсыз? Құмырсқа мойнының күрделі де көп қырлы құрылысы эволюция барысында өздігінен дамып жетілді ме, әлде әдейі солай жаратылған ба?