ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК
Періштелер
Періштелер жайлы түрлі кітаптар жазылып, сурет салынып, кино түсіріліп жатады. Шын мәнінде періштелер деген кімдер? Олардың қызметтері қандай?
Періштелер деген кімдер?
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Құдай ғаламды және алғашқы адам жұбын жаратпас бұрын, адамнан бір саты жоғары тұрған саналы тұлғаларды жаратты. Олар бізден әлдеқайда күшті және көзге көрінбейтін, адам баласы жете алмайтын рухани дүниеде — Құдай мекендейтін ортада тіршілік етеді (Әйүп 38:4, 7). Киелі кітап бұл құдіретті жаратылыстарды “рухтар” және “періштелер” деп атайды * (Зәбүр 104:4).
Көкте қанша періште бар? Олар сансыз көп. Даниял пайғамбар аянда Құдайға қызмет етіп жатқан миллиондаған періштені және тақтың алдында тұрған жүз миллиондаған періштені көрген (Даниял 7:10).
“Оған миллиондаған періште қызмет етіп, жүз миллиондағаны алдында тұрды” (Даниял 7:10).
Ежелде періштелер не істеген?
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Періштелер Құдайдың өкілдері әрі хабаршылары * болып қызмет еткен. Сондай-ақ Құдайдың атынан кереметтер жасаған. Бірде Жаратқан Ие Ыбырайым пайғамбарға батасын беруге және ұлын құрбандыққа шалуға жол бермеу үшін періштесін жіберген (Мұсаның 1-жазбасы 22:11—18). Ал Мұса пайғамбарға періште бір тікенді бұтаның арасынан жалындаған от болып көрініп, өміріне үлкен өзгеріс әкелетін хабар айтты (Мұсаның 2-жазбасы 3:1, 2). Даниял пайғамбар арыстандар орына тасталғанда, “Құдай періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып тастаған” (Даниял 6:22).
“Сол жерде (Мұсаға) бір тікенді бұтаның арасынан жалындаған от болып Ехобаның періштесі көрінді” (Мұсаның 2-жазбасы 3:1, 2).
Қазір періштелер не істеп жатыр?
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Біз бүгінде әр періштенің немен айналысып жатқанын біле алмаймыз. Бірақ Киелі кітаптың айтуынша, олар қазір ақжүрек адамдарға Құдайға жақындауға көмектесіп жүр (Елшілердің істері 8:26—35; 10:1—22; Аян 14:6, 7).
Ехоба Құдай әулетбасы Жақыпқа аян беріп, түсінде ол жерден көкке дейін жететін баспалдақты көреді. Періштелер сол баспалдақпен мініп-түсіп жүр екен (Мұсаның 1-жазбасы 28:10—12). Бұдан Жақып “Ехоба Құдай жердегі көмекке зәру адал адамдардың қамы үшін көктен періштелерін жібереді” деген ой түйген болар (Мұсаның 1-жазбасы 24:40; Мұсаның 2-жазбасы 14:19; Зәбүр 34:7).
“Түсінде жерден көкке дейін жетіп тұрған баспалдақты көрді. Онымен Құдайдың періштелері жоғары шығып, төмен түсіп жүр екен” (Мұсаның 1-жазбасы 28:12).
^ 6-абзац Киелі кітапта кейбір рухтардың Құдайдың билігіне қарсы шыққаны айтылады. Бұл зұлым періштелер “жындар” деп аталады (Лұқа 10:17—20).
^ 11-абзац “Періште” деп берілген еврей және грек сөздері Киелі кітаптың түпнұсқасында “хабаршы” деген мағынаны білдіреді.