Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙДАН КЕЛГЕН КЕМЕЛ КІТАП

Киелі кітап. Таңдай қақтырар туралық!

Киелі кітап. Таңдай қақтырар туралық!

Ғылыми тұрғыдан тура

КИЕЛІ КІТАП ғылыми еңбек болмаса да, табиғатта болатын құбылыстар онда ғылыми дәлдікпен сипатталады. Қазір метеорология мен генетика саласына назар аударайық.

МЕТЕОРОЛОГИЯ: ЖАҢБЫРДЫҢ ТҮЗІЛУІ

МЕТЕОРОЛОГИЯ

Киелі кітапта былай жазылған: “(Құдай) су тамшыларын жоғары көтереді, олар сүзгіден өтіп, жаңбыр мен тұманға айналады. Ал бұлттар оларды жерге төгеді” (Әйүп 36:27, 28).

Мұнда су айналымының негізгі үш сатысы айтылып отыр. Күннің Жаратушысы Құдай суды (1) буландыру арқылы “тамшыларды жоғары көтереді”. Су тамшылары (2) конденсацияға ұшырап, бұлттар түзеді де, бұлттар жерге жаңбыр не басқа да атмосфералық (3) жауын-шашын болып түседі. Метеорологтар қазірдің өзінде жаңбыр жауу құбылысын толық түсінбейді. Сондықтан да Киелі кітапта “Бұлттардың қалай жайылатынын кім түсіне алады?” деген орынды сұрақ бар (Әйүп 36:29). Алайда су айналымының қыр-сырын жақсы білетін Жаратушы жазушылардың қажетті деректерді Киелі кітапқа тура түсіргенін қадағалады. Табиғаттағы бұл құбылыс жайында ғалымдар сөйлемес бұрын Құдай Киелі кітап беттері арқылы әлдеқашан сөйлеп қойған.

ГЕНЕТИКА: ЭМБРИОННЫҢ ДАМУЫ

ГЕНЕТИКА

Киелі кітапта Дәуіт патшаның Құдайға айтқан келесі сөздері бар: “Ұрық күйімді көздерің көрді, оның бірде-бір бөлігі әлі пайда болмай тұрып, қалыптасатын күндері сенің кітабыңда жазылып қойылған еді” (Зәбүр 139:16). Дәуіт мұнда эмбрионның “кітапта”, яғни жоспарда, алдын ала жазылған нұсқауларға сай дамитынын өлеңдетіп айтқан. Бұл мәліметтің осыдан 3000-дай жыл бұрын жазылып кеткені таңдай қақтырады!

Генетиканың бұл негізгі заңдылықтарын 1860 жылдары ғана Грегор Мендель деген ботаник ашқан болатын. Ал адам денесінің қалыптасуына қажетті барлық генетикалық ақпарат сақталатын геномның құпиясы 2003 жылдың сәуір айында бір-ақ зерттеліп бітті. Генетикалық кодты зерттеген ғалымдар оны әліпбидегі әріптер бойынша орналасқан сансыз сөздерден тұратын сөздікке теңейді. “Сөздер” бірігіп, генетикалық нұсқауларды құрайды. Осы нұсқауларды негіз етіп, эмбрионның ми, жүрек, өкпе, аяқ-қол сияқты мүшелері белгілі рет пен уақыт бойынша керемет дәлдікпен қалыптасады. Ғалымдардың геномды “өмір кітабы” деп атауына да осы жайттар себеп болса керек! Киелі кітаптың жазушысы Дәуіт бұны қайдан білген? “Ехобаның рухы мен арқылы сөйледі, аузымда Құдайдың сөзі болды”, *— деп ол кішіпейілділікпен мойындаған (Самуилдің 2-жазбасы 23:2).

Болашақты болжаған кемел кітап

ҚАНДАЙ да бір елдің, қаланың нақты қашан, қалай өрлеп, қалай күйрейтінін болжап білу оңай емес, тіпті мүмкін емес дер едік. Киелі кітап болса небір ұлы империялар мен қалалардың құлдырауын бүге-шігесіне дейін болжап кеткен. Қазір мұның екі мысалына ғана тоқталып өтейік.

БАБЫЛДЫҢ ҚҰЛАП, ҚАҢЫРАП ҚАЛУЫ

Ежелгі Бабыл (Вавилон) қаласы батыс Азияға ғасырлар бойы өктемдік еткен ұлы Бабыл империясының жүрегі еді. Бір уақыттары ол әлемдегі ең үлкен қала болды. Десе де Құдай Кир атты жаулаушының Бабылды күйретіп, қаланың мәңгілік қаңырап жататынын шамамен 200 жыл алдын айтты. Бұл хабарды ол Киелі кітап жазушысы Ишая пайғамбар арқылы жеткізді (Ишая 13:17—20; 44:27, 28; 45:1, 2). Құдайдың сөзі расымен де орындалды ма?

ТАРИХ

Ұлы Кир патша б. з. б. 539 жылдың қазан айында Бабылды бір-ақ түннің ішінде басып алды. Сосын бүкіл Бабыл аймағын нәрлендіріп тұрған су каналдары қаралмай кетіп, уақыт өте тартылып қалды. Б. з. 200 жылына таман сол жердің қаңырап бос қалғаны белгілі болды. Ал бүгінде Бабылдан тек үйінділер ғана қалған. Киелі кітаптың Бабыл жайлы “ол мүлдем қаңырап бос қалады” деген сөздері дәлме-дәл жүзеге асты (Еремия 50:13).

Киелі кітап жазушылары осыншалықты дәл орындалған тарихи болжамдарды қайдан білген? Мұның жауабы Киелі кітапта бар: “Амос ұлы Ишая аян көріп, Бабыл жайлы ауыр хабар алды” (Ишая 13:1).

НИНЕВИЯНЫҢ ШӨЛ ДАЛАДАЙ ҚУРАУЫ

Ассирия империясының елордасы болған Ниневия ғажайып сәулетімен көз тартар қала еді. Ол кең көшелері, әсем бақтары, ғибадатханалары, зәулім-зәулім сарайларымен танымал болатын. Соған қарамастан Софония пайғамбар дүркіреп тұрған осы Ниневияның “қаңырап, шөл даладай қурап” қалатынын алдын ала айтты (Софония 2:13—15).

Б. з.б. VII ғасырда Ниневияны бабылдықтар мен мидиялықтардың біріккен күші күл-талқан етті. Бір еңбекке сай, тізе бүккен қала 2500 жылға ғайып болған. Керек десеңіз, бір кездері адамдар тарихта Ниневия деген қаланың болғанына шүбә келтірген. Содан 1850 жылдары ғана археологтар бұл қаланың үйінділерін тапты. Бүгінде әбден тозған әрі тонап-бүлдірушілерден жапа шеккен бұл аймақ жайында Әлемдік мұра қоры “Ниневияның ежелден қалған қалдықтары қайтадан мәңгілікке көмілмекші” деген уайымдарын білдіріп отыр.

Софония пайғамбар мұндай кемел болжамды қайдан білді? Ол Киелі кітап бетінде: “Ехоба Құдайдың Софонияға арнаған сөзі”,— деп хабарды кімнен алғанын айтты (Софония 1:1).

Өмірлік маңызы бар сұрақтардың жауабы Киелі кітапта

КИЕЛІ КІТАПТА өмірлік маңызы бар сұрақтардың жауабы жазылған. Солардың кейбірі мыналар:

НЕГЕ ДҮНИЕДЕ ЖАМАНДЫҚ ПЕН ҚАСІРЕТ КӨП?

Зұлымдық пен қайғы-қасірет Жазбаларда жиі қозғалатын тақырып. Киелі кітап мұны былай түсіндіреді:

  1. “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9).

    Басқаруға қабілетсіз әрі әділетсіз пенделердің билігі жер бетіне адам айтқысыз азап әкелді.

  2. “Барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады” (Уағыздаушы 9:11).

    Ауру, оқыс оқиғалар мен апат сияқты кездейсоқ жағдайларға кез келген адам, кез келген жерде, кез келген уақытта тап болуы мүмкін.

  3. “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді” (Римдіктерге 5:12).

    Ең бірінші жұп жаратылғанда дүниеде пендешілік пен адам өлімі болмаған еді. Олар Жаратушы Иелеріне біле тұра мойынсұнбаған кезден бастап дүниеге күнә келді.

Киелі кітап адамзаттың не үшін қасірет шегетінін ғана емес, Құдай зұлымдықты түптамырымен жоятын уақыттың келетінін де айтады. “Сонда Құдай олардың (яки адамдардың) көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:3, 4).

ҚАЙТЫС БОЛҒАН АДАММЕН НЕ БОЛАДЫ?

Киелі кітаптың түсіндіруінше, марқұмдар ес-түссіз, әрекетсіз күйде болады. Уағыздаушы 9:5-те: “Тірілер өлетінін біледі, ал өлгендер ештеңе білмейді”,— делінген. Марқұмның “бар ой-ниеті құрып жоғалады” (Зәбүр 146:4). Сезім мүшелерін қоса алғанда, мидың да қызметі толығымен тоқтайды. Демек, өлген соң біз әрекет ете алмаймыз, сезе де, ойлана да алмаймыз.

Алайда Киелі кітап қайтыс болған адамның күйін түсіндіріп беруден де көп жайтты ашады. Ол өлімнің терең ұйқысында жатқандардың ояну, яки тірілу үміті бар екенін айтады (Ошия 13:14; Жохан 11:11—14).

ӨМІРДІҢ МӘНІ НЕДЕ?

Киелі кітапқа сай, Адам мен Хауаны Ехоба Құдай жаратқан (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Сондықтан Адам ата “Құдайдың ұлы” деп аталған (Лұқа 3:38). Ол белгілі бір мақсатпен — көктегі Әкесін дос тұту үшін, жер бетінде ұрпақ жалғастырып, мәңгі бақытты ғұмыр кешу үшін — жаратылған еді. Бұдан шығатын түйін — барлық адамның бойында имани қажеттілік, яғни Құдай жайында білу құштарлығы бар. Иә, Киелі кітаптың “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты” дейтіні де сондықтан (Матай 5:3).

Киелі кітапта: “Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— делінген (Лұқа 11:28). Киелі кітап Құдай жайында көбірек білуге ғана емес, мәнді өмір сүруге көмектеседі және болашаққа үміт береді.

Ең ұлы Авторға жақындаңыз

АЙҒАҚТАРДЫ қарастырған соң дүниежүзі бойынша миллиондаған адам Киелі кітаптың жай көненің көзі емес, Құдай рухының жетелеуімен жазылған Сөзі екеніне көз жеткізді. Бұл кітап — оның адамзатпен, соның ішінде сізбен де сөйлесетін құралы. Оны оқысаңыз, Құдайды жақсырақ танып, оның досы бола аласыз. “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп уәде етеді Киелі кітап (Жақып 4:8).

Киелі кітапқа тереңірек үңілсеңіз, керемет мүмкіндікке ие боласыз. Қандай дейсіз бе? Кез келген бір кітапты оқып, оның артында тұрған жазушының ойын түсінетініңіздей, Киелі кітапты оқығанда да, сізге оның көктегі Авторы — Құдайдың ойы мен сезімдері ашылады. Елестетіп көріңізші, сіз Жаратушыңыздың не сезінетінін біле аласыз! Бұған қоса, Киелі кітап келесі жайттарды аян етеді:

Осылар жайында көбірек білгіңіз келе ме? Ехоба куәгерлері сізге қуана көмек көрсетеді. Олар тегін Киелі кітап сабақтарын өткізіп, сізге ең ұлы Автор — Ехоба Құдайға жақындауға көмектесе алады.

Бұл мақалада Киелі кітаптың Құдайдан түскеніне бірен-саран дәлел келтірілді. Ал көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 2-тарауынан біле аласыз. Ол үшін www.mt1130.com сайтына кіріңіз.

Сондай-ақ www.mt1130.com сайтынан “Киелі кітаптың авторы кім?” деп аталатын бейнероликті де көрсеңіз болады.

Бұл үшін БАСЫЛЫМДАР / БЕЙНЕМАТЕРИАЛДАР деген жерге кіріңіз.

^ 10-абзац Киелі кітапта Құдай өзінің Ехоба деген жеке есімін ашады (Зәбүр 83:18).