Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қаражатты жұмсай білу

Қаражатты жұмсай білу

Киелі кітап кеңестерінің арқасында көп адамның ақша жағынан қиындықтары азайған.

ҚАРЖЫ ЖОСПАРЫН ҚҰРУ

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер, Ал асығатын адам жоқшылыққа ұшырар” (Нақыл сөздер 21:5).

БҰЛ СӨЗДЕРДІҢ МӘНІ: Табысқа жетудің кілті — жоспар құрып, соны орындау. Сондықтан кірісті жаратпас бұрын жақсылап жоспар құрып алыңыз. Көңіліміз қалаған нәрсенің бәрін сатып ала алмаспыз. Сондықтан қаржыңызды ақылмен жұмсаңыз.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

  • Қаржы жоспарын ұстаныңыз. Сатып алу керек заттарыңыздың тізімін жасап, оларды тамақ, киім-кешек, үйдің шығыны деп топ-топқа бөліп қойыңыз. Сосын әрқайсысына қанша ақша бөлетініңізді шешіңіз. Егер біреуіне жоспарланғаннан көп қаржы жұмсалса, басқа топқа бөлінген ақшадан алып, орнын толтырыңыз. Мысалы, жанармайға сіз ойлағаннан көп шығын кетсе, кафеден тамақтану сияқты аса маңызсыз нәрселерге бөлген ақшадан алсаңыз болады.

  • Мүмкіндігінше қарыз алмаңыз. Қарызға батпауға тырысыңыз. Оның орнына, керек-жарақтарыңызға ақша жинап жүріңіз. Несие картасын қолдансаңыз, үстеме пайыз төлеп жүрмес үшін, жаратқан ақшаңызды ай сайын уақытында төлеп отырыңыз. Ал бірден құтыла алмайтын қарызыңыз болса, оны қашан және қалай қайтаратыныңызды жоспарлап, соны іске асырыңыз.

    Мамандардың байқауынша, несие картасымен төлейтіндер көп ақша жаратуға бейім келеді екен. Ендеше несие картасын пайдалансаңыз, ұстамдылықты ұмытпаңыз.

ТЕРІС МІНЕЗДЕРДЕН ЖИРЕНІҢІЗ

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Жалқау мезгілінде жер жыртпайды, Орақ кезінде түк таппай, қол жаяды” (Нақыл сөздер 20:4).

БҰЛ СӨЗДЕРДІҢ МӘНІ: Жалқаулық жоқшылыққа ұшыратады. Сондықтан еңбекқор болыңыз, әрі қаржыңызды оңды-солды шашпай, ақылмен жұмсаңыз. Сонда болашақта керек бола қалса, қолыңызда қажетті қаражат болады.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

  • Еңбекшіл болыңыз. Жұмысты бар ынтаңызбен әрі жауапкершілікпен атқарсаңыз, жұмыс беруші сізді бағалайтын болады. Осылай табыс көзін сақтай аласыз.

  • Адалдықтан айнымаңыз. Жұмыс орнында ештеңені ұрламаңыз. Абыройыңызды кір шалса, жұмыс табуыңыз қиындап кетуі мүмкін.

  • Ашкөздіктен сақтаныңыз. Бар ойыңыз ақшаны күреп табу болса, түбінде денсаулығыңыз сыр береді. Одан қалса, адамдармен қарым-қатынасыңыз бұзылады. Өмірде ақшадан да маңызды дүниелер барын естен шығармаңыз.

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ҚОСЫМША КЕҢЕСТЕР

Жүздеген тілде қолжетімді Киелі кітапты jw.org сайтынан онлайн оқыңыз

УАҚЫТ ПЕН ҚАРЖЫНЫ ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРГЕ ЖҰМСАМАҢЫЗ

“Маскүнемдік пен мешкейлік кедей қылар, Ұйқыбастық жыртық киім кигізер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 23:21).

АҚШАНЫ ШЕКТЕН ТЫС УАЙЫМДАМАҢЫЗ

“Не ішіп-жейміз деп жандарыңды, не киеміз деп тәндеріңді ойлап уайымдауды қойыңдар!” (МАТАЙ 6:25).

ҚЫЗҒАНБАҢЫЗ

“Қызғаншақтың есіл-дерті байлық болар, Түбінде жоқшылық көретінінен ол бейхабар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 28:22).