Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақ-қарасын айыра біліңіз

Ақ-қарасын айыра біліңіз

Шындық

Көп жағдайда адамдар бір-бірін жалған ақпараттың кесірінен алалап жатады. Бұған мына мысалдар дәлел:

  • Кей жұмыс берушілер әйелдерді ғылым мен техникаға ебі жоқ деп жаңсақ ойлайды.

  • Орта ғасырда Еуропада еврейлерге құдықтардағы суды улайды, ауру таратады деген жалған айып таққан. Нацистік режим кезінде де еврейлерге қайтадан күйе жағылды. Оларға Германия солардың кесірінен экономикалық дағдарысқа ұшырады деген айып тағылды. Еврей халқы екі жағдайда да нәсілдік алалауға аяусыз ұшырады. Сол кешегінің жұрнағы әлі де бар.

  • Көбісі кемістігі бар адамдарды өмірден түңілген не ашынған деп жаңылысады.

Осындайға сенетіндер басқаларды да сендіру үшін мысалдар не оқиғалар келтіріп жатады. Ал олармен келіспейтіндерді надан деп санайды.

Киелі кітап қағидасы

“Білімнің жоқтығы жақсы емес” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 19:2).

Қағиданың мәні. Істің ақ-қарасын айырмай жатып, тек естіп-білгенімізге ғана сүйенсек, қате тұжырымға келеміз. Біреулер жайлы дәлелді мағлұматтарға емес, қауесет сөздерге сену жақсылыққа апармайды. Соның кесірінен жазықсыз адамдарды тектен-тек жазғырып жіберуіміз әбден мүмкін.

Ақ-қарасын айырған ұтылмас

Басқалар туралы нақты мағлұматтарға қанық болсаңыз, олар жайында кең тараған қате пікірлерге ере қоймайсыз. Бұған бір көзіңіз жетіп алса, қоғамда біреулер жайында қалыптасқан басқа да пікірлерге сенер алдында жүз ойланасыз.

Ойда болсын

  • Әр халық туралы қауесеттер бар, алайда бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды;

  • Басқалар жайында білетінімізден білмейтініміз көп екенін есте ұстаңыз;

  • Ақ-қарасын айыра білу үшін сенімді ақпарат көздерін таңдаңыз.