Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖАМАННАН ЖИРЕНІП, ЖАҚСЫҒА ҮЙРЕНЕЙІК

3. Алған бетіңізден қайтпаңыз

3. Алған бетіңізден қайтпаңыз

Жаңа әдетті дағдыландыруға 21 күн керек деп жатады. Бірақ, бір зерттеулерге сүйенсек, шын мәнінде үлкен өзгерістер жасауға кейбір адамдарға одан аз, ал басқаларға одан әлдеқайда көп уақыт қажет болады. Мұны біліп көңіліңіз түссе, еш уайымдамаңыз.

Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: сіздің аптасына үш рет жаттығу жасауға дағдыланғыңыз келді делік.

  • Бірінші аптада мақсатыңызға қол жеткізесіз.

  • Екінші аптада бір күнді өткізіп аласыз.

  • Үшінші аптада жағдай қалпына келеді.

  • Төртінші аптада әйтеуір бір рет жаттығасыз.

  • Бесінші аптада мақсатыңызға қайта қол жеткізіп, сол уақыттан бастап осыдан таймайсыз.

Сонымен жаңа әдетті қалыптастыруға 5 апта кетеді. Бұл көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ мақсатыңызға ақырында қол жеткізіп, бір жақсы нәрсеге әдеттенгеніңізге дән риза болатыныңыз шүбәсіз.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Әділ жан жеті рет құласа да, қайтып тұрар” (Нақыл сөздер 24:16).

Киелі кітап бізді бұл ретте алған бетімізден қайтпауға талпындырады. Түптеп келгенде, қанша рет құлағанымыз емес, орнымыздан қанша рет тұрғанымыз маңызды.

Түптеп келгенде, қанша рет құлағанымыз емес, орнымыздан қанша рет тұрғанымыз маңызды

СІЗ НЕ ІСТЕСЕҢІЗ БОЛАДЫ?

  • Бәрі ойдағыдай болмаған кездері енді мақсатыма қол жеткізе алмаймын деп ойламаңыз. Ондай сәтсіздіктер жол-жөнекей болып тұратынын ескергеніңіз жақсы.

  • Бәрін ойдағыдай істеген кездеріңізді есте ұстаңыз. Мысалы, балаларыңызбен дұрыс сөйлесуге күш салып жүрсеңіз, “Осы мен соңғы рет балаларыма айқайлап жібергім келсе де, олай істемеген кезім есімде ме? Оның орнына мен не істедім? Тағы да солай істеп көрсем қайтеді?” деп ойланып көріңіз. Осындай сұрақтар сәтсіздіктеріңіз жайлы ойлай берудің орнына жетістіктеріңізге көбірек назар аударуға көмектеседі.

Киелі кітаптағы кеңестердің уайыммен күресу, отбасы өмірін берекелі ету және шынайы бақытты табу сияқты басқа да мәселелерді шешуге қалай көмектесе алатынын білгіңіз келе ме? Бұл үшін Ехоба куәгерлеріне жолықсаңыз я jw.org деген веб-сайтымызға кіріп көрсеңіз болады.