Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | МЫНА ЗАМАН ҚАЙДА БАРАДЫ?

Әлекке салған сауал

Әлекке салған сауал

ЖАҢАЛЫҚТАРДАН айтылатын жағымсыз хабардың тым көптігінен бәріміздің де жабырқайтын не бойымызды үрей билейтін кезіміз болатын шығар. 2014 жылы Құрама Штаттардың президенті Барак Обаманың айтуынша, көп адам қарша бораған жағымсыз жаңалықтарға қарап, “бұл дүниенің зымырап бара жатқаны сонша — оны тізгіндеуге ешкімнің шамасы жетпейді” деген тоқтамға келген.

Сосын АҚШ президенті әңгімені әлем проблемаларын шешуге бағытталған заманауи тәсілдерге бұрды. Ол үкіметтің кейбір бастамаларын келтіріп, жақсы жаңалықтарды атап өтті. Сондай-ақ келешекке нық сеніммен қарап, зор үміт артып отырғанын білдірді. Басқаша айтқанда, ол адамдар түзу ниетпен күш салатын болса, дүниедегі жағдайды қолға алып, ғаламдық алапаттың бетін қайтара алатынына назар аударды.

Бүгінде мұндай оң көзқарас танытатындар көптеп табылады. Олар әлемді ретке келтіруді уәде еткен ғылымға және болашағымыз жарқын болады деп болжап отырған технология жетістіктеріне сенім артып отыр. Сандық технология мен инновация саласының бір маманы 2030 жылы технологияның қуаттылығы мың есеге, ал 2045 жылы миллион есеге артатынын сеніммен болжады. Ол былай дейді: “Біздің беталысымыз өте жақсы. Жаңа бір проблема туындаймын дегенше, оның алдын орап, шешімін тез таба алатын деңгейге жеттік”.

Ғалымдар мен саясаткерлер адамдардың бойларына үміт ұялатуға тырысып баққанымен, көпшілік болашақты ойлап алаңдаулы. Бұған не себеп? Дүниенің ахуалы қаншалықты мүшкіл? Біз шынымен ғаламат алапаттың табалдырығында тұрмыз ба?

ЖАППАЙ ҚЫРЫП-ЖОЮ ҚАРУЛАРЫ. Біріккен Ұлттар Ұйымы болсын, өзге ұйымдар болсын, ешқайсысының жерді ядролық қарудан азат етуге шамасы келер емес. Тіпті қаруды тізгіндеуге қатысты заңдарды келеке-мазақ ететін өзімшіл билеушілер де баршылық. Бұрыннан ядролық қаруы бар елдер қазір ескі бомбаларын жаңартуға және олардан да қуатты жаңаларын жасап шығаруға құлшына кіріскен. Бір кездері жаппай қырып-жоятын ешқандай қаруы болмаған мемлекеттер болса бүгінде сан мың адамды бір сәтте-ақ жоқ қылып жіберетіндей деңгейге жеткен.

Ұлттардың ядролық соғысқа дайын болғандары тыныш заманның өзінде жер шарымызды қорқынышты да қауіпті мекенге айналдырып отыр. “Атомшы ғалымдар бюллетені” мынандай шындықты айтты: “Қырып-жоятын атомдық қарулар жүйесі адамның қатысуынсыз-ақ “жою” командасына көше алатыны біздің басты уайымымызға айналды”.

ДЕНСАУЛЫҒЫМЫЗ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ. Ғылым денсаулық мәселесінің алдында дәрменсіз болып отыр. Ауруға шалдықтыратын жоғары қан қысымы, артық салмақ, есірткіге тәуелділік және ауаның ластануы сияқты факторлар жағдайды ушықтырып отыр. Қатерлі ісік, жүрек-қан тамыр аурулары, диабет секілді жұқпайтын аурулардың өзінен қаншама адам көз жұмуда. Басқа да кеселден, соның ішінде психикалық аурулардың кесірінен, мүгедек атанып жатқандардың қатары көз ілестірмей көбейіп жатыр. Ал соңғы жылдары Эбола және Зика вирустары сияқты қорқынышты індеттер пайда болды. Бұл айтылғандардан адам баласы ауру атаулыны ауыздықтай алмайды, ауру-індет тоқтайды деп үміттенуге де еш негіз жоқ деген қорытындыға келерміз.

АДАМНЫҢ ТАБИҒАТҚА ҚИЯНАТЫ. Зауыт-фабрикалар жер атмосферасын үздіксіз ластауда. Улы ауамен тыныс алғаны үшін жыл сайын миллиондаған адам көз жұмады.

Жекелеген адамдар, қандай да бір аймақтың тұрғындары немесе үкімет бірлестіктері канализация суларын, медицина мен шаруашылық қалдықтарын, пластикалық заттар мен басқа да зиянды қоқыстарды мұхитқа ағызады. “Бұл улы қалдықтардан теңіздегі жануарлар мен өсімдіктер, сосын оларды ас етіп жейтін адамдар да уланады”, — деп түсіндіреді “Теңіз ғылымы энциклопедиясы”.

Бұған қоса, ауызсу да сарқылып барады. Британ жазушы-ғалымы Робин Макки: “Біз ғаламдық су тапшылығының алдында тұрмыз, бұдан зардап шекпейтін ел қалмайын деп тұр”, — деп ескертеді. Саясаткерлер судың жетіспеушілігіне адамзаттың өзі кінәлі екенін және мұның орасан зор қасірет әкелмек екенін мойындап отыр.

ТАБИҒАТТЫҢ АДАМҒА ҚИЯНАТЫ. Дүлей дауыл, боран, құйын, тайфун мен жерсілкіністері жойқын топан судың көтерілуіне, жердің опырылып құлауына не басқа да апаттарға әкеп соғуда. Табиғаттың бұлай тосын мінез танытуынан бұрын-соңды мұншалықты көп адам қаза тапқан емес. АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) жүргізген бір зерттеу бойынша, алда “сұрапыл дауылдар үдеп, күннің аптап ыстығы, су тасқындары мен құрғақшылық күшейе түспек”. Бұлай жалғаса берсе, табиғат адамзаттың түбіне жетіп тынар.

Бәлкім, сіздің ойыңызға өмірімізге қауіп төндіретін басқа да апаттар келетін шығар. Болып жатқан жағымсыз жайттарға қарап, болашақ жайлы сұрақтарымызға толыққанды жауап табу қиын. Саясаткерлер мен ғалымдардың айтқандарын тыңдап жүрген кісілер де осы сөздермен келісетін болар. Әйтсе де алдыңғы мақалада айтып өтілгендей, әлемдегі жағдай мен келешекке қатысты сұрақтарға сенімді жауап тапқан адамдар баршылық. Мұндай жауапты олар қайдан тапты?