Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мұраңнан айырылып қалмау үшін дана шешімдер қабылда

Мұраңнан айырылып қалмау үшін дана шешімдер қабылда

“Жамандықтан жиреніңдер, ал жақсылықтан ажырамаңдар” (РИМ. 12:9).

1, 2. а) Неліктен сен Құдайға қызмет етуді шештің? ә) Ехоба уәде еткен мұраға қатысты қандай сұрақтар туындайды?

МИЛЛИОНДАҒАН адам Ехоба Құдайға қызмет етуді және Иса Мәсіхтің ізімен жүруді шешкен. Осындай дана шешім қабылдаған адамдардың арасында біз де бармыз (Мат. 16:24; Пет. 1-х. 2:21). Біз Құдайға бағышталғандығымызға немқұрайды қарамаймыз. Өйткені бұл шешімді қабылдамас бұрын Құдай Сөзін үстіртін емес, терең зерттедік. Нәтижесінде Құдайдың “өзі және ол жіберген Иса Мәсіх туралы білім” алатындарға уәде еткен мұрасы туралы егжей-тегжейлі біліп, сенімге ие болдық (Жох. 17:3; Рим. 12:2).

2 Алайда Ехобамен қарым-қатынасымызды сақтап қалу үшін, оның көңілінен шығатын дана шешімдер қабылдауымыз керек. Бұл мақалада келесі маңызды сұрақтардың жауабы беріледі: Бізге қандай мұра уәде етілген? Біз оған қалай қарауымыз керек? Ол мұраға ие болу үшін не істеуіміз керек? Дана шешімдер қабылдауға не көмектеседі?

БІЗГЕ ҚАНДАЙ МҰРА УӘДЕ ЕТІЛГЕН?

3. а) Майланғандар қандай мұраға ие болады? ә) Ал басқа қойлар ше?

3 Мәсіхшілердің кейбірі “шірімес, арамдалмаған, солмайтын мұра” — Мәсіхпен бірге көкте билік ету мәртебесіне ие болуға үміттенеді (Пет. 1-х. 1:3, 4). Бұл мұраға қол жеткізу үшін олар “қайтадан туылуға” тиіс (Жох. 3:1—3). Ал майланғандарға Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау ісінде қолғабыс ететін миллиондаған “басқа қойларға” қандай мұра уәде етілген? (Жох. 10:16). Олар Адам мен Хауа жоғалтқан мұраға, яғни қайғы, өлім мен зар еңіреу болмайтын жұмақ орнаған жердегі мәңгілік өмірге ие болады  (Аян 21:1—4). Иса қасындағы бағанадағы қылмыскерге “бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың” дегенде, осы үміт жайлы айтқан еді (Лұқа 23:43).

4. Біз қазірдің өзінде қандай баталарға ие болып отырмыз?

4 Дегенмен біз қазірдің өзінде мұрамыздың кейбір игіліктерін көріп жатырмыз. “Иса Мәсіхтің төлеген құнына” сенетіндіктен, біз жантыныштығын сезінеміз және Құдаймен жақын қарым-қатынастамыз (Рим. 3:23—25). Сондай-ақ Құдай Сөзінде жазылған баға жетпес уәделерді анық түсінеміз. Оның үстіне, дүниежүзілік бауырластықтың мүшесі болғанымыз зор қуанышқа бөлейді. Ал Ехоба куәгерлерінің бірі болу қандай мәртебе десеңші! Расында да, мұрамызды бағалауға бізде себеп жетіп-артылады.

5. Шайтан Құдайдың қызметшілеріне не істеуге тырысып бағады және оның зымиян іс-әрекеттеріне қалай тойтарыс бере аламыз?

5 Керемет мұрамыздан айырылып қалмау үшін, біз Шайтанның тұзақтарынан сақтануымыз керек. Шайтан Құдайдың қызметшілерінің бұрыс шешімдер қабылдап, мұраларынан айырылып қалулары үшін әрдайым тырысып бағады (Ру. сан. 25:1—3, 9). Жақында жойылатынын білетіндіктен, Шайтан бізді адастыруға бар күшін салуда (Аян 12:12, 17 оқы). “Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бергіміз” келсе, мұрамызды әрі қарай да жоғары бағалай беруіміз керек (Ефес. 6:11). Осы ретте ежелдегі рубасы Ысқақтың тұңғыш ұлының ескерту болып табылатын мысалын қарастырғанымыз абзал.

ЕСАУ СИЯҚТЫ БОЛМА

6, 7. Есау кім еді және оны қандай мұра күтіп тұрды?

6 Шамамен 4000 жыл бұрын Ысқақ пен Рабиғаның егіз ұлдары, Есау мен Жақып дүниеге келген. Ер жете келе олардың мінез-құлықтары да, айналысатын істері де бір-бірінен айрықшалана түсті. “Есау дала кезіп жүретін білікті аңшы болса, Жақып шатыр маңайында тыныш жүретін жігіт еді” (Жар. 25:27). Бір Киелі кітап аудармашысының айтуынша, “тыныш жүретін” деп аударылған еврей сөзінің астарында “мінсіз не бейкүнә” деген ой жатыр.

7 Есау мен Жақып 15 жасқа келгенде, аталары Ыбырайым дүние салды. Бірақ Ехобаның оған берген уәдесі күшін жоғалтпаған еді. Кейінірек Құдай Ысқаққа әкесі Ыбырайымның ұрпағы арқылы барлық ұлттарға батасы қонатынын айтып, уәдесін қайталады (Жаратылыс 26:3—5 оқы). Сол уәдесімен Ехоба Жаратылыс 3:15-тегі адал “ұрпақтың”, яки Мәсіхтің, Ыбырайымның әулетінен шығатынын ашқан еді. Есау Ысқақтың тұңғыш ұлы болғандықтан, оның осы уәдеге сай Мәсіхтің арғы атасы болуға заңды құқы бар еді. Иә, оны керемет мұра күтіп тұрды! Бірақ ол мұны бағалай білді ме?

Рухани мұраңа қауіп төндіретін істер істеме!

8, 9. а) Есау өзінің тұңғыштығына қатысты қандай шешім қабылдады? ә) Өзінің қандай шешім қабылдағанын түсінгенде, Есау не істеді?

8 Бір күні Есау даладан келгенде, Жақыптың “тамақ пісіріп жатқанын” көрді. Сонда ол: “Маған тезірек мына бір қызғылт түсті көжеңнен берші, мен ашпын”,— деді. Жақып оған: “Онда қазір маған өзіңнің тұңғыштық жолыңды сат”,— деп жауап берді. Есау қандай таңдау жасады? Ол: “Маған тұңғыш боп туғандығымның керегі қанша?”— деп, тұңғыштығын бір табақ көжеге айырбастап жіберді! Бұл келісімнің заңды күші болу үшін, Жақып: “Алдымен маған ант бер”,— деп талап етті. Сонда Есау тұңғыштығын  еш ойланбастан сатып жіберді. Бұдан кейін “Жақып оған нан және қызыл жасымықтан пісірген көжені ұсынды. Есау ішіп-жеп болған соң жөніне кетті. Осылайша ол тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, одан бас тартты” (Жар. 25:29—34).

9 Бірнеше жылдан соң, Ысқақ өлетін күнім жақын қалды деп ойлаған кезде, Рабиға Есаудың сатып жіберген тұңғыштығына Жақыптың ие болуы үшін қам жасады. Өзінің ақымақтық жасағанын кеш түсінген Есау әкесіне: “Әке! Маған да батаңызды берсеңіз етті!.. Сіз маған деген ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба?”— деп жалынды. Ысқақ Жақыпқа беріп қойған батасын өзгерте алмайтынын айтқанда, “Есау дауыстап жылады” (Жар. 27:30—38).

10. Ехоба Есауға және Жақыпқа қалай қараған және неге?

10 Есаудың танытқан рухы бізге қай жағынан ескерту болып табылады? Ол өзінің тәндік қалауларын мұрасынан келетін баталардан жоғары қойды. Есау тұңғыштық жолын бағаламады әрі оның Құдайға деген нағыз сүйіспеншілігі болмағаны анық. Бұған қоса, әрекетінің болашақ ұрпағына қалай ықпал ететінін де ойламады. Ал Жақып керісінше, мұрасын қатты бағалаған. Мысалы, ол жар таңдағанда ата-анасының кеңесіне құлақ асты (Жар. 27:46—28:3). Жақып төзімділік пен жанқиярлықты талап еткен таңдау жасағандықтан, ол Мәсіхтің арғы атасы болу мәртебесіне ие болды. Ехоба Құдай Есау мен Жақыпқа қалай қарады? Малахи пайғамбар арқылы Ехоба былай деді: “Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды жек көрдім” (Малх. 1:2, 3 сілт.).

11. а) Неліктен Есаудың мысалынан мәсіхшілер маңызды сабақ ала алады? ә) Неге Пауыл Есаудың әрекетін азғындықпен байланыстырды?

11 Киелі кітапта жазылған Есаудың мысалының бүгіндегі мәсіхшілер үшін маңызы бар ма? Әлбетте! Елші Пауыл бауырластарды былай деп ескерткен: “Араларыңда азғын не Есау сияқты қасиетті нәрсені бағаламайтын адам да болмасын. Ол тұңғыштық жолын бір тостақ тамаққа айырбастай салды” (Евр. 12:16). Бұл ескерту бізге де қатысты. Біз тәндік құмарлықтарымызға бой алдырып, рухани мұрамыздан айырылып қалмау үшін, қасиетті нәрселерді бағаламай кетуден сақ болуымыз керек. Ал неге Пауыл Есаудың әрекетін азғындықпен байланыстырды? Өйткені Есау сияқты тәндік қалауларымызды тізгіндемейтін болсақ, біздің қасиетті нәрселерді азғындық жасау сияқты күнәкар құмарлықтарға айырбастап жіберуіміз әбден мүмкін.

 ҚАЗІРДЕН БАСТАП ЖҮРЕГІҢДІ ДАЙЫНДА

12. а) Шайтан әрқайсысымызды қалай азғыруға тырысады? ә) Жазбалардағы қандай мысалдар бізге күнә жасауға азғырылғанда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі?

12 Әрине, Ехобаның қызметшілері ретінде, біз өнегесіз әрекетке апаратын жағдайлардан аулақ жүреміз. Күнә жасауға азғырылған жағдайда Ехобадан берілмеуге көмектесуді сұрап дұға етеміз (Мат. 6:13). Алайда біз осы құдайдан безген дүниеде мінсіздік сақтауға тырысып жүргенде, Шайтан біздің Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзуға мүмкіндік іздеп жүреді (Ефес. 6:12). Осы дүниенің құдайы болғандықтан, ол бізді жолдан тайдыру үшін, тәндік қалауларымызды шебер пайдалана біледі (Қор. 1-х. 10:8, 13). Қандай да бір тәндік қалауыңды өнегесіздік жасап қанағаттандыруға азғырылғанда, сен не істейсің? Есау сияқты “Тезірек берші!” дейсің бе, әлде Потифардың әйелі азғырғанда қашып кеткен Жақыптың ұлы Жүсіп сияқты әрекет етесің бе? (Жаратылыс 39:10—12 оқы).

13. а) Бүгінде бауырластардың көбісі қалайша Жүсіп сияқты әрекет еткен, бірақ кейбірі қалайша Есаудың кебін киген? ә) Есау сияқты әрекет еткендердің мысалынан қандай маңызды сабақ аламыз?

13 Көптеген бауырласымыз не Есау сияқты, не Жүсіп сияқты әрекет етуді шешуі керек болған жағдайларға кезіккен. Олардың көбісі дана шешім қабылдап, Ехобаның жүрегін қуантқан (Нақ. с. 27:11). Алайда кейбір бауырластар Есау сияқты әрекет етіп, мұраларына қауіп төндірген. Жыл сайын көп бауырлас жыныстық өнегесіздік жасағаны үшін сөгіс алады не қауымнан шығарылады. Ендеше, мінсіздігіміз сыналатын жағдайға тап болмай тұрып, қазірден бастап “жүрегімізді дайындағанымыз” қаншалықты маңызды десеңші! (Заб. 78:8 ЖД). Азғырулардан қорғайтын және дана шешімдер қабылдауға көмектесетін келесі екі қадамды қарастырайық

ОЙЛАН ЖӘНЕ ҚОРҒАНЫСЫҢДЫ КҮШЕЙТ

Ехобадан келетін даналықты іздеу арқылы қорғанысымызды күшейте аламыз

14. Қандай сұрақтарға ой жүгірткеніміз “жамандықтан жиренуге” және “жақсылықтан ажырамауға” талпындырады?

14 Бірінші қадам — әрекеттеріңнің артын ойлау. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз неғұрлым мықты болса, ол уәде еткен мұраны соғұрлым бағалаймыз. Мысалы, біз біреуді жақсы көрсек, оны ренжіткіміз келмейді ғой. Қайта, оның көңілінен шығу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз. Сол себепті күнә жасағанымыз өзімізге және өзгелерге қандай зардап әкелетіні туралы ойлануымыз керек. Келесі сұрақтар жайлы ой жүгіртейік: Өз құмарлықтарымның жетегінде кеткенім Ехобамен қарым-қатынасыма қалай әсер етеді? Ал отбасыма ше? Бауырластарға мұның қандай кері әсері тиюі мүмкін? Біреудің сеніміне нұқсан келмей ме? (Філіп. 1:10). Сондай-ақ мына жайттар туралы ойланайық: Бірер сәттік ләззат соңынан келетін жан азабына тұра ма? Не істеп қойғанын түсінген соң зар еңіреген Есаудың күйін кешкім келе ме? (Евр. 12:17). Осындай сұрақтарға ой жүгірткеніміз “жамандықтан жиренуге” және “жақсылықтан ажырамауға” талпындырады (Рим. 12:9). Егер Ехобаны шынымен жақсы көрсек, мұрамыздан ажырамауға барынша тырысатын боламыз (Заб. 72:28).

15. Рухани күйімізге қауіп төндіретін азғыруларға қарсы қорғанысымызды күшейтуге не көмектеседі?

15 Екінші қадам — азғыруларға қарсы қорғанысымызды күшейту. Ехоба рухани күйімізге қауіп төндіретін осы дүниедегі азғыруларға қарсы тұра алуымыз үшін, көп шара  ұйымдастырған. Бұған Киелі кітапты зерттеу, қауым кездесулері, уағыздау ісі және дұға жатады (Қор. 1-х. 15:58). Дұғада Ехобаға жүрегімізді жайып салған сайын, уағыз ісіне барынша атсалысқан сайын, біз азғыруларға қарсы қорғанысымызды күшейте түсеміз (Тімөтеге 1-хат 6:12, 19 оқы). Қорғанысымыздың қаншалықты берік болатыны, негізінен, өзіміздің қаншалықты күш салатынымызға байланысты (Ғал. 6:7). Нақыл сөздердің екінші тарауында осыған баса назар аударылады.

ДАНАЛЫҚТЫ ІЗДЕЙ БЕР

16, 17. Дана шешімдер қабылдай білу үшін не істеуіміз қажет?

16 Нақыл сөздердің екінші тарауында біз даналық пен ойлау қабілетіне ие болуға шақырыламыз. Ехоба беретін бұл сыйлар дұрыс пен бұрысты ажыратуға және құмарлықтарымыздың жетегінде кетпей, өзімізді тізгіндеп отыруға көмектеседі. Бірақ бұл үшін өзіміз күш салуға ықыласты болуымыз керек. Мұны Киелі кітаптың келесі сөздері растайды: “Балам, егер сөздерімді қабылдасаң, Һәм жадыңда өсиеттерімді сақтасаң, Құлағың даналыққа ұдайы түрік болса, Әрі жан дүниең парасатқа дайын тұрса, Егер де білім мен парасатты шақырсаң, Көмілген күміс пен қазынадай іздесең, Сонда Жаратқан Иені қастерлеуді ұғарсың, Құдай жайлы білімді иемденіп аларсың. Себебі Жаратушы даналық сыйлар, Білім мен түсінік Оның аузынан шығар” (Нақ. с. 2:1—6).

17 Демек, дана шешімдер қабылдай білу үшін, осы тармақтардағы шарттарға сай әрекет ету керек. Егер біз Ехобаның ішкі болмысымызды қалыптастыруына жол берсек, басшылығын сұрап Құдайға үздіксіз дұға етсек және Құдайдың білімін көмілген қазынадай іздесек, азғыруларға қарсы тұра аламыз.

18. Сен әрі қарай да не істеуді шештің және неге?

18 Ехоба білім, парасат, даналық пен түсінікті жан сала іздейтіндерге береді. Оларды тауып, қолдануға күш салған сайын, Ехобаға жақындай түсеміз. Ал Ехобамен тығыз қарым-қатынасымыз азғырумен бетпе-бет кезіккенде, бізді қорғайтын болады. Ехобаға жақын болсақ және одан орынды түрде қорықсақ, біз күнәға бір елі де жақындамаймыз (Заб. 24:14; Жақ. 4:8). Ехобамен достығымыз және оның бізге сыйлайтын даналығы оның жүрегін қуантатын дана шешімдер қабылдауға және мұрамыздан айырылмауға көмектесе бергей!