Оқырман сауалдары
Жохан 11:35-ке сай, Иса Елазарды тірілтпекші болса да, неге көзіне жас алды?
Жақын адамымыз көз жұмғанда оны жоқтап жылайтынымыз кәдімгі нәрсе, өйткені біз оны сағынамыз. Иса Елазарды жақсы көрді, бірақ ол досы қайтыс болғандықтан жылаған жоқ. Жохан баяндаған осы оқиғаның мәнмәтініне сай, ол Елазардың отбасы мен достарына жаны ашығандықтан жылаған болатын (Жох. 11:36).
Иса Елазардың ауырып қалғанын естігенде, оны сауықтыру үшін үйіне баруға асыққан жоқ. Киелі кітапта былай делінген: “Ол [Иса] Елазардың науқастанып жатқанын естігеннен кейін де, болған жерінде тағы екі күн аялдады” (Жох. 11:6). Неге Иса Елазарға баруға асықпады? Солай етуге оның себебі болды. Иса былай деген: “Бұл аурудың соңы өлімге апармайды, қайта, Құдайға даңқ әкеледі, әрі сол арқылы Құдай Ұлы даңқталады” (Жох. 11:4). Елазардың ауруының “соңы” өліммен аяқталмайтын еді. Өйткені Иса Елазардың өлімін “Құдайға даңқ әкелу” үшін қолданғысы келді. Қалайша? Иса аяулы досын қайта тірілту арқылы таңғажайып керемет жасамақ еді.
Иса осы оқиға жайлы шәкірттерімен сөйлескенде, өлімді ұйқымен салыстырған еді. Сондықтан ол шәкірттеріне “мен оны [Елазарды] оятқалы бара жатырмын” деген (Жохан 11:11). Ата-ана ұйықтап жатқан баласын оп-оңай оята алатыны сияқты, Иса да Елазарды өлім ұйқысынан оңай тұрғыза алатын еді. Сондықтан Елазардың өліміне қатты қайғыруға Исада себеп болмады.
Олай болса, неге Иса көзіне жас алды? Осы сұраққа жауап алу үшін тағы да мәнмәтінге назар аударайық. Елазардың әпкесі Мәриям мен басқалардың жылап тұрғанын көргенде, Иса “іштей күңіреніп, толқып кетті”. Олардың қайғырғандары Исаның жанына қатты батты. Сондықтан да ол “іштей күңіреніп,.. көзіне жас алды”. Иә, сүйікті достарының қатты қайғырғандарын көріп, Исаның жүрегі ауырды (Жох. 11:33, 35).
Бұл оқиға Исаның жуырда жер бетінде орнайтын жаңа дүниеде жақын адамдарымызды өлімнен қайта тірілтуге және ауруларынан сауықтыруға күші бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ біз жақындарын жоғалтқан адамдарға Исаның жаны ашитынын білдік. Бұл оқиға бізге жақындары қайтыс болған адамдарға жанашырлық танытуымыз керектігін де үйретеді.
Иса Елазарды тірілтетінін білді. Сонда да ол көз жасына ерік беріп, достарына деген терең сүйіспеншілігі мен жанашырлығын көрсетті. Сол сияқты біз де жанашыр болсақ, “қайғырғандардың қайғысына ортақ боламыз” (Рим. 12:15). Жақынын жоғалтқан адамның қайғыруы оның қайта тірілуге деген сенімінің аздығын білдірмейді. Олай болса, Елазарды қайта тірілтпек болса да, Иса көзіне жас алу арқылы Елазардың жақындарына жанашырлығын көрсетіп, бізге үлгі қалдырғаны орынды болды.