Алалаушылық болмайтын заман қашан келеді?
“МЕНІҢ бір арманым бар”. Бұл сөздерді 1963 жылдың 28 тамызында азаматтық құқықтарды қорғауда басшылықты қолға алған американдық Мартин Лютер Кинг өзінің әйгілі баяндамасында айтқан болатын. Ол осы сөздерімен жұрттың көңілін баурап, күндердің күнінде адамдардың алалаушылық болмайтын заманда бақытты өмір сүретініне үміттенетінін айтқан. Мартин Лютер бұл сөздерді Құрама Штаттардағы адамдарға айтқанымен, оның сөздерін басқа елдегі адамдар да қолдады.
Мартин Лютердің айтқан сөздерінен кейін үш ай өткен соң, 1963 жылдың 20 қарашасында 100-ден аса мемлекеттер нәсілдік кемсітушілікті тоқтатуға бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйымының Декларациясын қабылдады. Бұдан кейінгі онжылдықтарда дүниежүзін қамтитын басқа да мәлімдемелер қабылданды. Бұл мәселеге орасан зор күш салынғандықтан, “мұның бәрінің нәтижесі қандай болды?” деген сұрақ туындайды.
2012 жылы 21 наурызда БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун былай деді: “Нәсілшілдікті, ксенофобияны (шетелдіктерге деген жеккөрініш пен қорқыныш), нәсілдік кемсітушілікті және төзбеушіліктің басқа да түрлерін жою үшін дүниежүзін қамтитын бағдарламаларды қоса алғанда, көптеген тиімді келісімшарттар мен шаралар жасалуда. Алайда дүниежүзі бойынша миллиондаған адамдар нәсілшілдіктен әлі де жапа шегуде”.
Кей елдер нәсілшілдікпен және алалаушылықтың басқа түрлерімен күресте қандай да бір жетістікке жетіп жатыр. Алайда келесідей сұрақ бәрібір жауапсыз қалуда: Бұл жетістіктер адамдарды бойларына сіңіп кеткен сезімдерден арылта ма, әлде жай ғана өз сезімдерін жасыруға талпындыра ма? Кейбіреулердің ойынша, мұндай жетістіктер асып кетсе кемсітушілікке тосқауыл қоюға септігін тигізеді, бірақ алалаушылықты жоя алмайды. Неліктен? Өйткені кемсітушілік адамның әрекетінен көрініс табады және ол заңмен қудаланады. Ал алалаушылық адамның ішкі ойынан және сезімдерінен көрінеді әрі оларды қадағалау оңай емес.
Демек, алалаушылықты жою үшін тек кемсітуден туындайтын әрекеттерге тосқауыл қою жеткіліксіз, ол үшін адамдардың басқаларға деген ойы мен сезімдерін өзгерту керек. Бұл мүмкін бе? Мүмкін болса, бұған қалай қол жеткізуге болады? Адамдардың өзгеруі мүмкін екенін және оларға өзгеруге не көмектесетінін көру үшін, өмірден алынған бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
КИЕЛІ КІТАП АЛАЛАУШЫЛЫҚТЫ ЖЕҢУГЕ КӨМЕКТЕСТІ
Линда: Мен Оңтүстік Африкада дүниеге келдім. Онда тұратын қара нәсілді адамдарды төмен, сауатсыз, сенім артуға тұрмайтын және ақ нәсілді адамдарға қызмет ететіндер ғана деп қарастыратынмын. Сол кездері алалаушылық менің ой-қалпымды жаулап алған екен, ал мен мұны тіпті түсінбеген де едім. Алайда Киелі кітапты зерттегенде, ой-қалпым өзгере бастады. Мен “Құдайдың ешкімді алаламайтынын” және оған адамның терісінің түсі не қай тілде сөйлейтіні емес, жүрегіндегісі әлдеқайда маңызды екенін білдім (Елшілердің істері 10:34, 35; Нақыл сөздер 17:3). Сондай-ақ Філіпіліктерге 2:3-тегі сөздер алалаушылықты жеңу үшін басқаларды өзімнен жоғары қоюым керек екенін түсінуге көмектесті. Осындай Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүргенім адамның терісінің түсі қандай болмасын, бәрімен араласуға талпындырды. Қазір мен алалаушылықтың тұтқынынан босадым.
Майкл: Мен көбінесе австралиялықтар тұратын жерде өстім және азиялықтарға, әсіресе қытайлықтарға қатты алалаушылық танытатынмын. Көлігімде кетіп бара жатып, бет әлпеті азиялыққа ұқсайтын біреуді көріп қалсам, тереземді ашып, “Әй, азиялық үйіңе қайт!” деген сияқты қорлайтын сөздер айтатынмын. Кейін Киелі кітапты зерттей бастағанымда, Құдайдың адамдарға қалай қарайтынын білдім. Ол адамдарды шыққан ортасына не бет әлпетіне қарамастан жақсы көреді. Мұндай сүйіспеншілік маған қатты әсер етті және бойымдағы жеккөрініш сүйіспеншілікке айналды. Осындай үлкен өзгеріс жасай алғаныма қуанамын. Қазір мен түрлі елден және ортадан шыққан адамдармен араласудан қанағат аламын. Бұл менің өмірге деген көзқарасымды кеңейтті және көп қуаныш әкелді.
Сандра: Анам Нигерияның Дельта штатындағы Умунда қаласынан еді. Ал әкемнің туысқандары Едо штатынан болатын және есан тілінде сөйлейтін. Осындай айырмашылық болғандықтан анам өле-өлгенше әкемнің туысқандарының тарапынан танытылған алалаушылықтан қатты қиналды. Сондықтан мен “есан тілінде сөйлейтіндермен мүлдем араласпаймын және Едо штатынан шыққан адамға ешқашан тұрмысқа шықпаймын” деп өз-өзіме сөз бердім. Бірақ Киелі кітапты зерттей бастағанда, менің көзқарасым өзгерді. Киелі кітаптан Құдайдың ешкімді алаламайтынын және өзінен қорқатындардың барлығын қабылдайтынын білгенімде, “адамды тіліне не руына бола жек көретіндей мен сонша кім едім?” деп ойладым. Мен ойымды өзгертіп, әкемнің туысқандарымен татуластым. Киелі кітап принциптерін қолданғаным мені бақытты етті және жантыныштығын сыйлады. Бұл маған адамның шыққан ортасына, нәсіліне, тіліне не ұлтына қарамастан басқалармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесті. Ал менің кімге тұрмысқа шыққанымды білесіздер ме? Ол — Едо штатынан шыққан және есан тілінде сөйлейтін жігіт.
Киелі кітап осы және басқа да адамдарға бойларына сіңіп кеткен жеккөрушілік пен алалаушылық
сезімдерінен арылуға көмектесе алды. Өйткені Киелі кітап — Құдайдың Сөзі. Ол адамның өзгелерге деген ойы мен сезімдерін өзгерте алады. Бұған қоса Киелі кітапта алалаушылықтың барлық түрін жою үшін тағы не істелуі қажет екені айтылған.ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ АЛАЛАУШЫЛЫҚ АТАУЛЫНЫ ЖОЯДЫ
Киелі кітаптағы білім кері сезімдерді жүгендеуге және олардан арылуға көмектескенімен, алалаушылықты біржолата жоюға кедергі ететін екі нәрсе бар. Біріншісі — күнә мен кемелсіздік. Киелі кітапта: “Күнә жасамайтын пенде жоқ”,— делінген (Патшалықтар 3-жазба 8:46). Қанша тырысып-бақсақ та, “Дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады”,— деп айтқан елші Пауыл сияқты біз де бұрыс қалауларымызбен іштей күресіп жүреміз (Римдіктерге 7:21). Сондықтан кемелсіз жүрегіміз кей-кейде бізді алалаушылыққа әкелетін “жаман ойларға” берілуге итермелейді (Марқа 7:21).
Екінші кедергі — Шайтан Ібілістің әсері. Киелі кітапта оның “кісі өлтіруші” екені және “бүкіл жержүзін адастырып жүргені” туралы жазылған (Жохан 8:44; Аян 12:9). Бұл алалаушылықтың не себепті кең таралғанын және адамдардың не себепті бөліп-жару, кемсітушілік, геноцид және нәсілдік, діни, қоғамдық төзбеушіліктің басқа да түрлерін жоя алмайтынын көрсетеді.
Сондықтан алалаушылық толық жойылу үшін, алдымен адамзаттың күнәсі мен кемелсіздігін және Шайтан Ібілістің әсерін жою керек. Киелі кітап мұны тек Құдай Патшалығы ғана жүзеге асыра алатынын көрсетеді.
Иса пайғамбар өз шәкірттерін: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!”— деп Құдайға дұға етуді үйреткен (Матай 6:10). Құдай Патшалығы барлық әділетсіздікті, соның ішінде төзбеушілік пен алалаушылықты да, түптамырымен жояды.
Құдай Патшалығы жер бетіне билік жүргізгенде, Шайтан “халықтарды алдай алмауы үшін” “бұғауланады”, яғни адамдарға әсер ете алмайтын болады (Аян 20:2, 3). Ал бұдан кейін “әділдік орнайтын... жаңа жер”, басқаша айтқанда, жаңа қоғам болады * (Петірдің 2-хаты 3:13).
Сол әділ адамдар қоғамында өмір сүретіндер кемелділікке жетіп, күнәдан арылады (Римдіктерге 8:21). Құдай Патшалығының азаматтары ретінде олар “ешқандай зұлымдық пен қиянат” көрмейді. Неге? Себебі жер беті “Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлейтін адамдарға” толы болады (Ишая 11:9). Ол кезде адамдардың бәрі Ехоба Құдайдың жолдарын үйренеді және оның сүйіспеншілігіне еліктейді. Нәтижесінде алалаушылықтың ешқандай түрі болмайды, “өйткені Құдай ешкімді алаламайды” (Римдіктерге 2:11).
^ 17-абзац Құдай Патшалығы туралы және оның жақында нендей істерді жүзеге асыратыны жайлы көбірек білу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 3, 8 және 9-тарауларын қараңыз.