Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК

Ол “істері арқылы... әділ деп жарияланды”

Ол “істері арқылы... әділ деп жарияланды”

ИЕРИХОН қаласының айналасындағы жазық далаға күн шуағын шашып, таң ата бергенде Рахаб үйінің терезесінен қарап тұрған еді. Қалаға басып кіргелі тұрған Исраил әскері сол жерге жиналып жатты. Олар қаланы айналып жүре бастағанда, іздерінен шаң көтеріліп, далада керней үні жаңғырды.

Иерихон Рахабтың туған қаласы еді. Ол өз қаласын, оның көшелерін, үйлерін, адамдарға лық толы базарлары мен шеберханаларын жақсы білетін. Ол қала тұрғындарын да өте жақсы танитын. Күн өткен сайын ол өз халқының үрейлене түскенін сезсе керек, себебі Исраил әскері олар үшін жат рәсімді жасауды, яғни қаланы күніне бір рет айналып жүріп шығуды, жалғастыра берді. Алайда Иерихонның көшелері мен алаңдарында керней үні жаңғырып жатқан уақытта, Рахаб өзінің халқы сияқты қорқынышқа бой алдырып, рухын түсірмеген еді.

Рахаб Исраил әскерінің жетінші күні таңертең қаланы бұрынғыдай айналып жүре бастағанын байқады. Ол жауынгерлердің арасында діни қызметкерлердің керней тартып, олардың Құдайы Ехобаның сол жерде тұрғанын бейнелеген келісім сандығын көтеріп жүргенін де көрді. Рахабтың Иерихон қабырғасындағы сыртқа қарайтын терезесінен шығып тұрған арқанға қолын қойғанын елестетіп көрсек болады. Ол осы арқанға қарап, қала жойылғанда өзінің және отбасының аман қалатыны туралы уәдені есіне алған. Рахаб еліне опасыздық жасады ма? Оның Ехобаға қатысты опасыздық жасамағаны анық. Өйткені Ехоба оны керемет сенімі бар әйел ретінде білетін. Қазір Рахабтың оқиғасы қалай басталғанын және одан не нәрсеге үйрене алатынымызды білейік.

ЖЕҢІЛ ЖҮРІСТІ ӘЙЕЛ БОЛҒАН РАХАБ

Рахаб жезөкше болған. Бұл шындық бұрынырақта өмір сүрген кейбір Киелі кітап түсіндірушілерін таңғалдырғаны сонша — олар Рахабты жай ғана қонақүй иесі болған деп айтқан. Бірақ Киелі кітапта оның жезөкше болғаны ашық әрі еш бүкпесіз жазылған (Ешуа 2:1; Еврейлерге 11:31; Жақып 2:25). Рахабтың өмір салты қанахандықтар үшін кәдімгі нәрсе болған болса керек. Десе де бұл Рахабтың ар-ұжданының даусын, яғни Ехобаның адамдарға сыйлаған дұрыс пен бұрысты іштей ажырата білу сезімін, өшіре алмағанға ұқсайды (Римдіктерге 2:14, 15). Рахаб өмір салты үшін қатты ұялған болса керек. Бәлкім, бүгінде осындай өмір салтын ұстанатын көп адам сияқты ол да отбасын асыраудың басқа жолын таппағандықтан, мұның шырмауынан босана алмайтындай сезінген шығар.

Рахаб өмірін өзгерткісі келгені сөзсіз. Оның туған қаласы зұлымдық пен азғындыққа белшесінен батқан еді. Адамдар тіпті жақын туыстарымен және жануарлармен жыныстық қатынасқа түсе беретін (Леуіліктер 18:3, 6, 21—24). Осындай сұмдық істердің белең алуына олардың ұстанған діні ықпал еткен. Олардың ғибадатханаларында жезөкшелікпен айналысу рәсімі болған және олар Бағал мен Молох сияқты жалған құдайларға балаларын құрбандыққа шалып, тірідей өртеп жіберетін.

Алайда Ехоба Құдай бұған көз жұмбады. Ол қанахандықтар туралы былай деген еді: “Олардың жексұрын қылықтарынан елдің өзі де арамданып кетті. Мен оның айыбына назар аударып [“күнәсі үшін жазалаймын” ЖД], сол себептен енді елдің өзі тұрғындарын құсып шығарып тастайды” (Леуіліктер 18:25). Қалай Ехоба оларды “күнәсі үшін жазаламақ” еді? Кезінде Ехоба исраилдіктерге: “Сол азғын халықтарды алдарыңнан біртіндеп қуып шығарамын”,— деген болатын (Заңды қайталау 7:22). Сондай-ақ ғасырлар бұрын Ехоба Ыбырайымға осы жерді ұрпақтарына беретінін уәде еткен болатын, ал ол — “өтірік айта алмайтын Құдай” (Титке 1:2; Жаратылыс 12:7).

Ехоба Қанахан еліндегі белгілі бір халықтардың толықтай жойылатыны туралы үкім шығарып қойған болатын (Заңды қайталау 7:1, 2). “Бүкіл әлемді Соттаушы” әділ Құдай олардың жүрегінде не бар екенін көрді және онда зұлымдық пен азғындықтың қаншалықты терең тамыр жайғанын да білді (Жаратылыс 18:25; Шежірелер 1-жазба 28:9). Жойылуға үкім шығарылып қойған қалада тұрған Рахаб не сезінді екен? Ол Исраил халқы туралы естігенде қандай сезімде болғанын елестетіп көрейік. Рахаб құлдықта болған Исраил халқының Құдайы Ехобаның арқасында сол замандағы ең мықты Мысыр әскерін жеңіп шыққаны туралы естіді. Ал енді бұл халық Иерихонға шабуыл жасамақшы! Алайда бұл қаланың тұрғындары зұлымдықтарынан бет бұрар емес. Сол себепті де Киелі кітапта Рахабтың замандастары “мойынсұнбағандар” ретінде сипатталған (Еврейлерге 11:31).

Бірақ Рахаб оларға ұқсамайтын. Ол жылдар бойы Исраил халқы мен олардың Құдайы Ехоба туралы естігендері жайлы ой жүгірткен болса керек. Иә, Ехоба қанахандықтардың құдайларына мүлдем ұқсамайтын. Ол өз халқын азаптамайтын, қайта, олар үшін шайқасатын. Сондай-ақ өзіне ғибадат ететіндердің қадірін түсіретін істерді жасауды талап етпейтін, керісінше, оларды жоғары құлықтылық нормаларға үйрететін. Ехоба әйел затына жай ғана жыныстық құмарлықты қанағаттандыру үшін алып-сатуға болатын және жалған ғибадатта қолданатын түкке тұрғысыз нәрседей қарамаған, қайта, оларды бағалы санаған. Ал енді Рахаб исраилдіктердің Иорданның бойына қос тігіп, қалаға басып кіруге дайын тұрғанын білгенде, өз халқының жағдайын ойлап қатты қорыққан болса керек. Ехоба Рахабты және оның бойындағы жақсы қасиеттерді байқады ма екен?

Бүгінде Рахабқа ұқсайтын адамдар өте көп. Олар өздерін абырой мен қуаныштан айыратын өмір салттарының құрсауынан шыға алмайтындай сезінеді. Сондай-ақ өздерін елеусіз әрі түкке тұрғысыз деп санайды. Бірақ Рахабтың мысалы бізге ешқайсысымыздың да Құдайдың назарынан тыс қалмайтынымызды есімізге салып, жұбаныш береді. Біз өзімізді қаншалықты маңызсыз санасақ та, “ол әрқайсымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27). Ол өзіне сенім артатындарға жақын болады, әрі оларға үміт сыйлағысы келеді. Ал Рахаб Құдайға сенім артты ма?

ОЛ БАРЛАУШЫЛАРДЫ ҮЙІНЕ КІРГІЗДІ

Исраилдіктер Иерихонды айналып жүрмес бұрын екі бейтаныс ер кісі Рахабтың үйіне келді. Олар жұрттың көзіне түспейміз деп үміттенгенмен, жағдайы шиеленіскен қала тұрғындарының көбісі Исраилден келуі мүмкін барлаушыларды ұстап алуға дайын отырған еді. Байқампаз болған Рахаб олардың кім екенін тез түсініп қойған болар. Әрине, Рахабтың үйіне бейтаныс ер кісілердің келгені таңғаларлық жайт болмаған, десе де бұл екі кісі оның үйіне жезөкшенің қызметін емес, баспана іздеп келген болатын.

Бұл екі барлаушы шынында да Исраил қосынан келген болатын. Исраил қолбасшысы Ешуа оларды Иерихонның әлсіз және күшті жақтарын біліп келуге жіберген еді. Иерихон исраилдіктердің жаулап алулары керек Қанахан жеріндегі қалалардың біріншісі еді әрі ең мықтысы болғанға ұқсайды. Сол себепті Ешуа өзін және әскерін алда не күтіп тұрғанын білгісі келді. Барлаушылар Рахабтың үйін әдейі таңдағаны анық. Себебі жезөкшенің үйінде оларды ешкім байқамауы мүмкін еді. Бұған қоса, олар оның үйінде тың-тыңдап, аңдаусызда айтылған әңгімелерден бір пайдалы мәлімет естіп қалармыз деп үміттенген де болар.

Киелі кітапта Рахабтың “барлаушыларға қонақжайлылық танытқаны” жазылған (Жақып 2:25). Бұл екі кісінің кім екеніне және қалаға не үшін келгеніне қатысты күмәні болса да, Рахаб оларды қабылдап, үйіне тоқтауларына рұқсат берді. Бәлкім, ол олардың Құдайы Ехоба жайлы көбірек білгісі келген болар.

Кенет Рахабтың үйіне Иерихон патшасы жіберген адамдар келіп қалды! Исраилден келген барлаушылардың Рахабтың үйіне тоқтағаны туралы хабар жұртқа тарап кеткен болатын. Енді Рахаб не істейді? Екі барлаушының үйіне келгенін бүгіп қалатын болса, ол өзінің және бүкіл отбасының өмірін қатерге тікпей ме? Жауларын жасырғаны үшін Иерихонның тұрғындары оларды аяусыз қырып салмай ма? Бір жағынан, ол әлгі екі кісінің кім екеніне қатысты енді еш күмәнданбаса болатын еді. Өзінің сиынатын құдайына қарағанда Ехобаның әлдеқайда мейірімді Құдай екенін білген Рахаб үшін бұл Ехобаның жағына шығудың керемет мүмкіндігі емес пе?

Рахабтың ойланып жатуға уақыты жоқ еді, бірақ ол тапқырлықпен әрі тез әрекет етті. Ол барлаушыларды үйінің жалпақ төбесінде кептіріліп жатқан зығыр бауларының арасына жасырып тастаған болатын. Рахаб патшаның адамдарына: “Иә, бірер кісінің келіп-кеткені рас, бірақ олардың қайдан екенін білмедім. Қас қарайып, қақпа жабылайын деп жатқанда олар шығып кетті. Қайда баратындарынан хабарсызбын. Тездетіп арттарына түссеңіздер, әлі де қуып жетерсіздер”,— деді (Ешуа 2:4, 5). Рахабтың патшаның адамдарына қарап тұрғанын елестетіп көріңізші. Ол өзінің қатты қобалжып тұрғанын сарбаздар біліп қояр ма екен деп уайымдаған болар.

Рахаб өз өмірін қатерге тігіп, Ехобаның екі қызметшісін зығыр бауларының арасына жасырып қойды

Рахабтың айласы іске асты! Патшаның адамдары Иордан өзеніндегі өткелдерге қарай жүгіре жөнелді (Ешуа 2:7). Сонда Рахаб иығынан жүк түскендей сезінген болар. Ол қарапайым айла-амал қолданып, шындықты білмеулері тиіс қатыгез адамдарға бұрыс жол сілтеді. Осылайша Рахаб шынайы Құдай Ехобаның қызметшілерін аман алып қалды.

Сосын Рахаб тез үйінің шатырына көтеріліп, әлгі екі барлаушыға не болғанын айтып берді. Сондай-ақ оларға маңызды бір жайтты — халқы Исраил әскерінен қорқып, зәрелері қалмай отырғанын — айтты. Барлаушылар мұны естіп, қуанып қалған болса керек. Иә, зұлым қанахандықтар Исраилдің құдіретті Құдайы Ехобадан жан ұшыра қорыққан еді! Рахабтың осыдан кейін айтқан сөздерінің біз үшін маңызы зор. Ол былай деді: “Сіздер сиынған Құдай Жаратқан Ие [Ехоба ЖД] — көкте де, жерде де жалғыз Құдай” (Ешуа 2:11). Рахабтың осы уақытқа дейін Ехоба Құдай туралы естігендері оның сенім артуға тұратын Құдай екеніне көзін жеткізді, әрі ол Ехобаға сенім артты.

Рахаб Ехобаның өз халқына жеңіс сыйлайтынына еш күмәнданбады. Сол себепті ол өзін және отбасын аман алып қалуларын өтініп, барлаушылардан мейірімділік танытуларын сұрады. Барлаушылар бұған келісті, бірақ Рахаб олар туралы ешкімге тіс жармауы керек еді. Сондай-ақ исраилдік сарбаздар өзі мен үй-ішін аман қалдыру үшін Рахаб қала қабырғасында орналасқан үйінің терезесіне қызыл арқан байлап қоюы керек-тін (Ешуа 2:12—14, 18).

Біз Рахабтың мысалынан сенімге қатысты маңызды шындықты біле аламыз. Киелі кітапта айтылғандай, “сенім сөзді естуден туады” (Римдіктерге 10:17). Ол Ехоба Құдайдың құдіреті мен әділдігі жайлы сенім артуға тұрарлық мәліметті естіп, Ехобаға сенді әрі оған арқа сүйеді. Бүгінде бізде Ехоба жайлы білуге көмектесетін анағұрлым көп мәлімет бар. Олай болса, біз оны танып-білуге тырысамыз ба және оның Сөзі Киелі кітаптан білгендерімізге негізделіп оған сенім артамыз ба?

ҚАЛАНЫҢ БЕРІК ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАДЫ

Екі барлаушы Рахабтың кеңесіне құлақ асып, оның терезесінде ілулі тұрған арқанмен төмен түсті де, білдіртпей Иерихонның солтүстігіндегі таулы өңірге қарай қашып кетті. Бұл өңірде тік жартастарда орналасқан үңгірлер көп болатын. Барлаушылар Рахабтан естіген жақсы хабармен өз қостарына аман-есен оралғанша, сонда жасырына тұрды.

Рахаб Исраилдің Құдайына сенім артты

Кейіннен Ехобаның керемет жасап, Иордан өзенінің суын бөгеп қойғанын әрі Исраил халқы өзеннің құрғап қалған арнасымен өткенін естігенде, Иерихон тұрғындарының зәре-құты қалмағаны сөзсіз (Ешуа 3:14—17). Бірақ бұл хабар Рахабтың Ехобаға сенім артқаны бекер емес екеніне одан бетер көзін жеткізді.

Сосын исраилдіктер Иерихонды айналып жүре бастады. Олар алты күн бойы күніне бір рет осылай етті. Ал жетінші күні олар өзгеше әрекет етті. Осы мақаланың басында айтылып кеткендей, олар таңертеңмен тұрды да, Иерихонды бір рет қана емес, қайта-қайта айналып жүрді (Ешуа 6:15). Исраилдіктер неге бұлай етті екен?

Жетінші күні қаланы жеті рет айналып шыққаннан кейін, Исраил әскері ақыры тоқтады. Керней үні де естілмеді. Жым-жырт тыныштық орнады. Осы сәтте қала тұрғындары абыржи түскен болса керек. Сосын Ешуа белгі бергенде, Исраил әскері қатты дауыстап атой салды. Иерихон қабырғасының үстінде тұрған күзетшілер мұны көріп, исраилдіктердің шабуыл жасаған түрлері осы ма деп ойлаған болар. Алайда көп ұзамай олардың астындағы үлкен қабырға дірілдей бастады. Ол шайқалып, жарылды да, жермен-жексен болып қирап қалды! Алайда аспанға көтерілген шаң басылғанда, қабырғаның бір бөлігіне еш залал келмегені байқалды. Иә, Рахабтың сенімінің арқасында оның үйі де, отбасы да аман қалды! Ехобаның өзін құтқарып қалғанын көргенде, оның қандай сезімде болғанын ойлап көріңізші! * (Ешуа 6:10, 16, 20, 21).

Исраилдіктер Рахабты сенімі үшін құрметтеген. Олар қираған қабырғаның арасында жалғыз Рахабтың үйі ғана тұрғанын көргенде, Ехобаның онымен бірге екенін білді. Рахаб пен оның отбасы зұлымдыққа батқан қаланың тұрғындарымен бірге жойылып кетпей, аман қалды. Қала жаулап алынғаннан кейін, Рахаб Исраил қосының қасында орналастырылды. Ал уақыт өте келе Рахаб яһуди халқымен бірге өмір сүріп, Салмон есімді кісіге тұрмысқа шықты. Олардың ұлы Боғоз керемет сенімі бар адам ретінде танылып, моабтық Рутқа үйленген болатын * (Рут 4:13, 22). Дәуіт патша мен уәде етілген Иса Мәсіхтің өзі де тамаша сенімдерімен танымал осы әулеттен шыққан еді (Ешуа 6:22—25; Матай 1:5, 6, 16).

Рахабтың мысалы Ехобаның алдында қай-қайсысымыз да маңызды екенімізді көрсетеді. Ешқайсысымыз да оның назарынан тыс қалмаймыз және ол жүрегімізде не бар екенін біледі. Сондай-ақ ол Рахабтың жағдайындағыдай, біздің кішкентай болсын сеніміміздің бар екенін байқаса, бұған қатты қуанады. Рахабтың сенімі оны әрекетке талпындырған. Киелі кітапта жазылғандай, ол “істері арқылы... әділ деп жарияланды” (Жақып 2:25). Оның сеніміне еліктегеніміз қаншалықты дұрыс болады десеңізші!

^ 27-абзац Ескере кететін жайт, Ехоба екі барлаушының Рахабпен жасаған келісіміне құрмет көрсетті.

^ 28-абзац Рут пен Боғоз жайлы көбірек білу үшін, 2012 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 шілде мен 1 қазан айындағы санының “Олардың сенімдерін үлгі етейік” деген мақалаларын қарасаңыз болады.