Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК

Ол әділетсіздікке кезіксе де, мойымады

Ол әділетсіздікке кезіксе де, мойымады

ШАЛҒАЙДАҒЫ Хориб тауында бас сауғалап жүрген Ілияс пайғамбар енді солтүстікке қарай бет алды. Бірнеше апта бойы Иордан алқабымен жүріп өткен ол ақырында туған жері Исраилге жетіп, біраз өзгерістерге куә болды. Ұзақ уақыт бойы елдің берекесін кетірген қуаңшылықтың беті қайта бастаған көрінеді. Күздің жылы жаңбыры жерді жұмсартып, танапқа шыққан егіншілер жерді жыртуға кірісіпті. Жердің қалпына келе бастағанын көрген Ілиястың жаны жай тапқан болса керек. Алайда ол ең алдымен халықтың жағдайын уайымдаған еді. Исраилдіктердің рухани күйі мүшкіл болды. Елде Бағалға табынушылық әлі де өршіп тұрған еді, сондықтан пайғамбарды алда көп іс күтіп тұрды *.

Әбел-Мехола қаласының маңында Ілияс пайғамбар үлкен танапта тер төгіп жатқан егіншілерді көрді. Бірінің артынан бірі ілескен 12 жұп өгіз дымқыл жерді жолақ-жолақ етіп жыртып жатты. Өгіздердің соңғы жұбын Еліше есімді кісі айдап келе жатты. Пайғамбардың іздеген адамы да сол еді. Ехоба Құдай Елішені Ілиястың орын басатын пайғамбар ретінде таңдады. Ілияс пайғамбар бір кездері “Менен басқа ешкім Құдайға адалдық танытып жүрген жоқ” деп ойлағандықтан Елішені көруге асық болғаны шүбәсіз (Патшалықтар 3-жазба 18:22; 19:14—19).

Алайда Ілияс пайғамбар Елішеге жауапкершіліктері мен мәртебелі міндеттерінің бір бөлігін тапсырудан тартынды ма? Я болмаса “Күндердің күнінде ол менің орнымды басады” деп уайымдады ма? Бұлай деуге еш негіз жоқ. Алайда оның осылай ойлауы мүмкін емес деп те айта алмаймыз, өйткені ол “біздікіндей сезімі бар адам болған” ғой (Жақып 5:17). Қалай болған күнде де, Киелі кітапта: “Ілияс [Елішеге] жақындап келіп, өз шапанын оның үстіне лақтырып жапты”,— делінген (Патшалықтар 3-жазба 19:19). Қой не ешкінің терісінен жасалған бұл шапан Ілиястың Ехоба тағайындаған пайғамбар екенін көрсететін. Сондықтан шапанды Елішенің иығына жабу арқылы Ілияс пайғамбар терең мәні бар әрекет жасаған еді. Ол Ехобаның нұсқауына даярлықпен бағынып, Елішені өзінің орнына пайғамбар етіп тағайындады. Осылайша ол Құдайға сенім артты әрі оған мойынсұнушылық танытты.

Ілияс Елішені өзінің орнын басатын пайғамбар етіп тағайындағанда, кішіпейілділік танытты

Жасы кіші Еліше егде тартқан пайғамбарға көмектесуге ықыласты болды. Ол Ілиястың орнын бірден басқан жоқ. Еліше шамамен алты жыл бойы пайғамбардың қасында жүріп, оған кішіпейілділікпен қолғабыс етті. Кейіннен ол Ілияс пайғамбардың “қолына су құйып қызмет көрсеткен” шәкірті ретінде танымал болды (Патшалықтар 4-жазба 3:11). Ілияс Елішенің өзіне қолғанат болғанына қалай қуанды десеңізші! Бұл екеуінің жақын дос болып, бір-бірін жігерлендіріп отырғаны шүбәсіз. Осының арқасында олар елде кең етек алған сорақы әділетсіздікке кезіксе де, табанды болып қала алды. Ахаб патшаның зұлымдығы бұл уақытта өрши түскендіктен, олардың еш мойымағаны өте маңызды еді.

Сіздің әділетсіздікке кезіккен кезіңіз болған ба? Бұл жалғанда көп адам әділетсіздіктің құрбаны болып жатады. Құдайды жақсы көретін адаммен дос болсаңыз, ол сізге мойымауға көмектеседі. Ал қазір Құдайға адал болып қалған Ілиястың сенімі біз үшін қалай үлгі бола алатынын көрейік.

“ЖИНАЛЫП... АХАБҚА БАР!”

Ілияс пен Еліше халықтың рухани күйін нығайту үшін көп тер төкті. Олар белгілі бір топтарды құрған басқа пайғамбарларға тәлім берген көрінеді. Алайда кейіннен Ілияс пайғамбар Ехоба Құдайдан жаңа тапсырма алды. Ехоба оған: “Жиналып, Самарияда тұрып жатқан Исраил патшасы Ахабқа бар!”— деді (Патшалықтар 3-жазба 21:18). Не үшін?

Ахаб өзіне дейінгі Исраил патшаларының ішіндегі ең зұлымы болды. Бұл уақытта ол тура жолдан тайып кеткен еді. Ол Езабелге үйленді және Бағалға табынып, елде пұтқа табынушылықтың кең етек алуына түрткі болды (Патшалықтар 3-жазба 16:31—33). Бағалға табынушылыққа құнарлылық салт-жоралары, жезөкшелік, тіпті балаларды құрбандыққа шалу кіретін. Сондай-ақ Ахаб патша бұдан бұрын Сирия елінің зұлым патшасы Бен-Хададты жазалауға қатысты Ехобаның бұйрығын орындамаған болатын. Ол мол ақшаға ие болуды көздегендіктен осылай еткен көрінеді (Патшалықтар 3-жазба 20-тарау). Алайда бұл жолы Ахаб пен Езабелдің ашкөздігі, қомағайлығы мен зұлымдығы шектен шығып кетті.

Ахаб патшаның Самарияда көздің жауын алатын зәулім сарайы болған. Сондай-ақ оның тағы бір сарайы бар еді. Ол шамамен 37 шақырым қашықтықтағы Езрелде орналасқан болатын. Бұл сарайдың жанында Набутай есімді исраилдіктің жүзімдігі бар еді. Соған көз салып жүрген Ахаб бір күні Набутайды өзіне шақыртып алып, жүзімдікті одан сатып алуды не орнына басқасын беруді ұсынды. Алайда Набутай: “Бұл жүзімдік — ата-бабаларымнан қалған мұралық үлесім. Оны сізге сатудан Жаратқан Иенің Өзі сақтасын!”— деп жауап қайтарды (Патшалықтар 3-жазба 21:3). Сонда Набутайдың қыңыр не алды-артын ойламайтын адам болғаны ма? Көп адам сондай ойға келуі мүмкін. Алайда ол Ехобаның заңын бұзғысы келмеген еді. Құдай заңы бойынша, исраилдіктерге өз әулеттеріне мұралық үлес ретінде берілген жерді біржолата сатуға болмайтын (Леуіліктер 25:23—28). Набутай үшін Құдай заңын бұзу ақылға сыймайтын нәрсе еді. Ол батыл әрі сенімі берік кісі болған, өйткені патшаға қарсы шығудың арты неге әкеп соғатынын жақсы білетін.

Алайда Ехобаның заңын ұстану Ахаб патшаның ойына да кіріп-шықпады. Ол қалағанына қол жеткізе алмағандықтан “қапаланып, түнере ашуланған күйі сарайына қайтып” кетті (Патшалықтар 3-жазба 21:4). Езабел күйеуінің кішкентай бала сияқты бұртиғанын көргенде, бірден оның қалағанын алып беруді жоспарлай бастады. Бұған қоса, ол Набутайдың Құдайға адал болған отбасын құртуды көздеді.

Езабелдің зымиян жоспары жайлы оқығанда, жаның түршігіп кетеді. Құдай заңы бойынша, біреуге үлкен айып тағылғанда, мұны кем дегенде екі куәгер растау керек еді. Езабел осыны жақсы білетін (Заңды қайталау 19:15). Сондықтан да ол Ахаб патшаның атынан хат жазып, Езрел қаласының беделді адамдарына Набутайға жалған айып тағатын екі адамды табуды тапсырды. Бұл екеуі: “Набутай Құдайға қарсы қарғыс айтты”,— деп, оған өлім жазасына кесілетін кінә тағу керек-тін. Өкінішке қарай, Езабелдің бұл жоспары іске асты. “Екі арсыз адам” жалған куәлік беріп, нәтижесінде халық Набутайды таспен атқылап өлтірді. Бұл аз болғандай, Набутайдың ұлдары да өлтірілді * (Патшалықтар 3-жазба 21:5—14; Леуіліктер 24:16; Патшалықтар 4-жазба 9:26). Ахаб болса әйеліне жазықсыз адамдарды мерт қылып, ойына келгенін істеуге жол беруімен отағасы ретіндегі билігінен бас тартқанын көрсетті.

Ехоба Ілияс пайғамбарға патша мен патшайымның осы зұлым істері жайлы айтқанда, оның не сезінгенін елестетіп көріңізші. Зұлым адамдардың жазықсыз жандарға өктемдік еткенін көру еңсені түсіретіні анық (Забур 72:3—5, 12, 13). Бүгінде біз барып тұрған әділетсіздікке жиі куә болып жатамыз. Кейде тіпті Құдайдың өкіліміз дейтін адамдардың өздері әділетсіз әрекет етеді. Алайда Киелі кітапта жазылған осы оқиға бізге зор жұбаныш береді. Жазбалардан Ехоба Құдайдың назарынан еш нәрсе тыс қалмайтынын анық көрдік. Иә, ол бәрін көреді (Еврейлерге 4:13). Олай болса, ол зұлымдыққа қатысты қандай шара қолданады?

“ТАПТЫҢ БА МЕНІ, ЖАУЫМ!”

Ехоба Ілияс пайғамбарды патшаға жіберді. Құдай оған: “Ол Набутайдың жүзімдігін иемденіп алу үшін сонда ылдилап барды”,— деп Ахабтың қайда екеніне нұсқады (Патшалықтар 3-жазба 21:18). Езабел Ахабқа жүзімдік енді оның иелігінде екенін айтқанда, ол бірден орнынан тұрып, жаңа меншігін қызықтау үшін сонда кеткен болатын. Ол “Ехоба Құдай бәрін көріп тұр” деп еш ойламады. Жүзімдіктің ішін аралап, оны әдемі бақшаға айналдыруды ойластырып жүрген Ахабтың жүзі бал-бұл жайнағанын елестетіп көріңізші. Осы кезде күтпеген жерден Ілияс келіп қалды. Ахабтың әп-сәтте өңі қашып, бойын ашу кернеді. Содан ол жеккөрінішпен: “Таптың ба мені, жауым!”— деді (Патшалықтар 3-жазба 21:20).

“Таптың ба мені, жауым!”

Патшаның бұл сөздерінен оның ақымақ екені айқын болып отыр. Біріншіден, Ахаб “Таптың ба мені” деуімен Ехоба Құдайды мүлдем ескермегенін көрсетті. Ехоба оны баяғыда-ақ “тапқан” болатын. Ол Ахабтың біле тұра жаман іске барғанын және Езабелдің зұлым жоспары іске асқанына масаттанып жүргенін көрді. Ол Ахабтың жүрегінде не жатқанын білетін. Оның дүние-мүлікке деген құмарлығы мейірімділік, әділдік пен жанашырлық атаулыны тұншықтырып тастаған болатын. Екіншіден, Ілияс пайғамбарға “Жауым!” деуімен Ахаб Ехоба Құдайдың досы болған әрі өзіне теріс жолдан қайтуға көмектесе алатын адамды жек көретінін көрсетті.

Ахаб патшаның ақымақтығы біз үшін сабақ болып табылады. Біз Ехоба Құдайдың бәрін де көріп тұрғанын ешқашан естен шығармауымыз керек. Сүйіспеншілігі мол Әке ретінде ол біздің шалыс қадам жасаған кезімізді байқайды, әрі өзіне қайта бет бұрғанымызды қатты қалайды. Ол бізге жиі өзінің достары арқылы көмектеседі. Бұл ретте ол Ілияс пайғамбар сияқты басқаларға Құдайдың сөзін жеткізетін адал қызметшілерін қолданады. Ендеше, Құдайдың достарын жау санағанымыз қандай қателік болар еді! (Забур 140:5).

Ілияс пайғамбар Ахаб патшаға: “Сізді таптым”,— деп жауап берді. Иә, ол Ахаб патшаны ұры, кісі өлтіруші әрі Ехоба Құдайға қарсы бүлік шығарушы деп тапты. Осындай зұлым адамға қарсы тұру үшін Ілияс пайғамбарға қандай батылдық қажет болды десеңізші! Пайғамбар оған Құдайдың үкімін жариялады. Құдай бүкіл жағдайды көріп тұрған еді. Зұлымдық Ахабтың отбасынан бастау алып, басқа да адамдарға әсер етіп жатқан болатын. Сондықтан Құдай оның бүкіл әулетін “түп-тамырымен құртып”, Езабелге де лайықты жазасын бермек еді (Патшалықтар 3-жазба 21:20—26).

Ілияс пайғамбар “Зұлым, әділетсіз адамдар жазасыз қалады” деп ой түйген жоқ. Бүгінде осындай ойға келу оп-оңай. Алайда Киелі кітаптағы осы оқиға Ехоба Құдайдың тек жағдайды көріп қана қоймай, уақыты келгенде әділдік орнататынын да көрсетеді. Құдай Сөзінде оның барлық әділетсіздікке біржолата тоқтау салатын кезі жақындап қалғаны айтылған (Забур 36:10, 11). Бірақ сізде “Құдайдың үкімі тек жазалауды білдіре ме? Оның рақымшылық жасауы мүмкін бе?” деген сұрақтар туындаған шығар.

“АХАБТЫҢ КІШІПЕЙІЛ БОЛЫП МОЙЫНСҰНҒАНЫН КӨРДІҢ БЕ?”

Ілияс пайғамбар Құдайдың шығарған үкімінің Ахабқа қалай әсер еткенін көргенде, қатты таңғалған болар. Жазбаларда былай делінген: “Ахаб патша Жаратқан Иенің пайғамбар арқылы жеткізген осы сөздерін естігенде, көйлегінің өңірін айыра жыртып, жалаңаш тәніне азалы киім киіп, тамақ татпады. Ол тіпті азалы киімімен ұйықтап, қатты қайғырып жүрді” (Патшалықтар 3-жазба 21:27). Сонда Ахаб патша шынымен де күнәсіна өкінді ме?

Кем дегенде, оның жақсы жаққа қарай аздап өзгергені байқалды. Ахаб патша кішіпейіл болып, Құдайға мойынсұнды. Ал бұл менмен, өркөкірек адам үшін оңайға соқпағаны сөзсіз. Алайда ол шын жүректен өкінді ме? Салыстырып көру үшін, Ахаб патшадан кейін өмір сүрген және зұлым істері онікінен асып түскен Манаса патшаның мысалын қарастырайық. Ехоба Манаса патшаны жазалағанда, ол кішірейіп, одан жалбарынып көмек сұрады. Бірақ Манаса мұнымен ғана шектелген жоқ. Ол теріс жолынан қайтты. Мысалы, өзі орнатқан пұттардың көзін құртты, Ехобаға ғибадат етуге әрекет жасады және халықты да солай етуге талпындырды (Шежірелер 2-жазба 33:1—17). Ал Ахаб патша осылай етті ме? Өкінішке қарай, олай еткен жоқ.

Ахаб жұрт алдында қайғыланғанын көрсеткенде, Ехоба Құдай мұны байқады ма? Ол Ілияс пайғамбарға былай деді: “Ахабтың кішіпейіл болып мойынсұнғанын көрдің бе? Ол өзін алдымда кішірейтіп қайғыланғаны үшін, Мен жіберейін деп отырған пәлені Ахабтың көзі тірісінде емес, ұлының заманында ғана оның әулетінің бастарына түсіремін” (Патшалықтар 3-жазба 21:29). Сонда Ехобаның Ахаб патшаны кешіргені ме? Жоқ, шын жүректен өкінген адам ғана Құдайдың рақымына ие бола алады (Езекиел 33:14—16). Бірақ Ахаб патша қандай да бір шамада өкініш білдіргендіктен, Ехоба да оған сол шамада рақымшылық жасады. Ахаб көзі тірісінде бүкіл әулетінің жаппай қырылғанын көрмеді.

Алайда Ехоба оған шығарған үкімін өзгерткен жоқ. Кейіннен ол періштелермен ақылдасып, олардан Ахабты қанды соғысқа қатысуға сендірудің ең жақсы жолы қандай екенін сұрады. Мұның арты оның өліміне әкеп соғу керек еді. Содан, көп ұзамай Ехобаның Ахабқа шығарған үкімі жүзеге асты. Шайқаста жараланған Ахаб өзінің соғыс күймесінде қансырап өлді. Жазбалардан мынандай жантүршігерлік жайтты оқимыз: патшаның соғыс күймесін жуып тазалағанда, кейбір иттер оның қанын жалады. Осылайша Ехобаның Ахаб патшаға: “Набутайдың қанын жалаған орында иттер сенің де қаныңды жалайтын болады!”— деген сөздері жұрттың көз алдында орындалды (Патшалықтар 3-жазба 21:19; 22:19—22, 34—38).

Ахаб патшаның өлімі Ехобаның Набутайдың танытқан батылдығы мен сенімін ұмытпағанын анық көрсетті. Ілияс пен Елішенің және Құдай халқының арасындағы басқа да адал адамдардың бұған көздері жеткені сөзсіз. Әділдіктің Құдайы Ехоба ерте ме, кеш пе, зұлым адамдарды міндетті түрде жазалайды. Ал негіз бар болған жағдайда рақымшылық жасаудан тартынбайды (Руларды санау 14:18). Зұлым патшаның қол астында ондаған жыл бойы төзімділік танытып жүрген Ілияс үшін мұның естен кетпес сабақ болғаны шүбәсіз! Бәлкім, әділетсіздік сіздің де қабырғаңызды қайыстырған шығар. Олай болса, Құдайдың әділдік орнататын кезін асыға күтіп жүрген боларсыз. Бұл ретте Ілияс пайғамбардың үлгісіне еліктегеніңіз жақсы. Ол әділетсіздікке кезіксе де, мойымады әрі Құдай хабарын адал серіктесі Елішемен бірге табандылықпен жариялай берді.

^ 3-абзац Мол өнім мен жаңбырдың құдайы болып есептелген Бағалдың дәрменсіздігін көрсету үшін Ехоба елге үш жарым жылға созылған қуаңшылық жіберген болатын (Патшалықтар 3-жазба 18-тарау). “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Олардың сенімдерін үлгі етейік” айдарын қараңыз (2008 жыл, 1 қаңтар және 1 сәуір).

^ 13-абзац Езабел Набутайдың жүзімдігі мұрагерлеріне беріледі деп қорыққандықтан оның ұлдарын да өлтірудің қамын жасаған болуы мүмкін. Құдайдың осындай қанаушылыққа неге жол беретінін білу үшін журналдың осы санындағы “Оқырман сауалдары” деген айдарды қараңыз.