Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ

Құдайды кім жаратты?

Құдайды кім жаратты?

Жеті жасар ұлымен сөйлесіп жатқан әкені елестетейік. Әкесі: “Осыдан көп ғасыр бұрын Құдай жер мен ондағының бәрін жаратты. Ол күнді, ай мен жұлдыздарды да жаратты”,— дейді. Сонда ұлы біраз ойланып тұрып: “Әке, ал Құдайды кім жаратты?”— деп сұрайды.

Әкесі: “Оны ешкім жаратқан жоқ. Ол әрқашан бар болған”,— дейді. Бала бұл жауапқа қанағаттанады. Алайда өсе келе ұлы бұл сұраққа қайта оралады. Қандай да бір тұлғаның бастамасы жоқ деген түсінікті қабылдау оған қиын болуы мүмкін. Өйткені тіпті ғаламның да бастамасы бар ғой. Содан “Құдай қайдан пайда болған?” деген сұрақ оның көкейінде жүреді.

Киелі кітапта бұл туралы не делінген? Онда әкенің жауабына ұқсас нәрсе жазылған. Мұса пайғамбар былай деп жазған: “Уа, Ием, жаратылмай-ақ жер мен бүкіл әлем, таулар жаратылмас бұрын бар боп келген, мәңгі тірі болатын Құдайсың сен!” (Забур 89:2, 3). Ишая пайғамбар болса: “Сен мынаны естіп, білмеуші ме едің: Мәңгілік Құдай — сенің Жаратқан Иең”,— деп жазған (Ишая 40:28). Яһуданың хатында да Құдайдың “барлық заманда” бар болғаны айтылған (Яһуда 25).

Бұл жазба орындары Құдайдың “Мәңгілік Патша” екенін көрсетеді (Тімөтеге 1-хат 1:17). Демек, Құдай әрдайым бар болған. Ойша қанша уақыт артқа шегінсек те, бұл солай. Ол болашақта да мәңгі бар болады (Аян 1:8). Бұл — Құдайдың Құдіреті шексіз екенінің бірден-бір көрсеткіші.

Бұл түсінікті қабылдау бізге оңай емес. Неге? Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешетін біздер уақыт ұзақтығын Ехоба Құдайдан өзгеше қабылдаймыз. Құдай мәңгілік тұлға болғандықтан, мың жыл ол үшін бір-ақ күнге тең (Петірдің 2-хаты 3:8). Бір мысал келтірейік, 50 шақты күн тіршілік ететін ересек шегіртке адамдардың қалай 70-80 жыл өмір сүретінін түсіне ала ма? Әрине, жоқ! Ал Киелі кітапта Ұлы Жаратушымыздың алдында біз шегірткелердей екеніміз жазылған. Біздің санамыз да оның санасымен салыстыруға келмейді (Ишая 40:22; 55:8, 9). Сондықтан пенделердің Ехоба Құдайдың болмысының кей қырларын толық түсіне алмайтындары ғажап емес.

Құдайдың мәңгілік бойы бар болғаны жайлы ұғымды түсіну қиын болса да, мұның ақылға қонымды екенін байқаймыз. Өйткені Құдайды біреу жаратса, онда сол тұлға Жаратушы болар еді. Алайда Киелі кітап “бәрін жаратқан” Ехоба Құдай деп түсіндіреді (Аян 4:11). Оның үстіне, біз алғашында ғаламымыздың болмағанын білеміз (Жаратылыс 1:1, 2). Ендеше ол қайдан пайда болды? Алдымен оның Жаратушысы болуы керек қой. Сондай-ақ Жаратушы Құдай өзінің рухани жалғыз ұлы мен басқа да періштелері сияқты барлық саналы жаратылыстар пайда болмай тұрып бар болған (Әйүп 38:4, 7; Қолостықтарға 1:15). Демек, ол алғашында жалғыз өзі бар болған. Оның жаратылуы мүмкін емес, өйткені оны жарататындай ешкім де болмаған.

Біздің тіршілік етіп жатқанымыздың және бүкіл ғаламымыздың бар болғанының өзі Мәңгі бар болушы Құдайдың бар екенін дәлелдейді. Ғаламымызды жаратып, оны қозғалысқа келтірген, оның заңдарын орнатып, қадағалап отыратын Құдайдың мәңгілік бойы болуы керек емес пе? Тек ол ғана кеудесінде жаны барлардың бәріне тіршілік лебін бере алады (Әйүп 33:4).