Сирия Пешиттасы Киелі кітаптың ертедегі аудармаларына жарық түсіреді
1892 жылы апалы-сіңлілі егіздер Агнес Смит Льюис пен Маргарет Данлоп Гибсон Синай тауының етегіндегі Қасиетті Екатерина монастырына бет алып, түйемен шөл далада тоғыз күн жүрді. Сол заманда Шығыста жол жүру өте қауіпті болған. Елуге таяған бұл екі әйелдің қауіпке қарамастан жасаған сол сапары бізді неге қызықтыру керек? Мұны білгеніміз Киелі кітаптың туралығына сенімді болуымызға көмектеседі.
КӨККЕ кетер алдында Иса шәкірттеріне өзі жайлы “Иерусалимде, бүкіл Яһудеяда, Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін” куәлік етуді тапсырған болатын (Елшілердің істері 1:8). Шәкірттер бұл тапсырманы зор құлшыныспен және батылдықпен атқарды. Алайда Иерусалимде олардың қызметіне кейбір адамдар қарсылық көрсетіп, тіпті Степанды азаптап өлтірді. Сөйтіп, Исаның шәкірттері Иерусалимнен қашып, Сирияның Антиохия қаласын паналады. Бұл Иерусалимнен шамамен 550 шақырым жердегі Рим империясына қарасты ірі қалалардың бірі еді (Елшілердің істері 11:19).
Антиохияда шәкірттер Иса туралы “ізгі хабарды” уағыздауды жалғастыра берді. Нәтижесінде басқа ұлттан шыққан көп адам Исаға сенді (Елшілердің істері 11:20, 21). Қаланың өзінде көпшілік грек тілінде сөйлегенмен, қала сыртында және провинцияның басқа аймақтарында адамдар сирия тілінде сөйлейтін.
“ІЗГІ ХАБАР” СИРИЯ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ
Екінші ғасырда сирия тілінде сөйлейтін мәсіхшілер көбейгендіктен, “ізгі хабарды” осы тілге аудару қажет болды. Сондықтан болу керек, Грек жазбаларының кейбір бөліктері алғаш рет латын тіліне емес, сирия тіліне аударылған.
Шамамен б. з. 170 жылы сириялық жазушы Татиан (б. з. 120—173 жылдары) канонға кірген Інжілдің төрт кітабын бір әңгіме етіп біріктірді. Грек немесе сирия тілінде жазылған бұл еңбек көпшілікке “Диатессарон” (грекше “[Інжілдің] төртеуі арқылы”) деген атаумен белгілі болды. Кейінірек сириялық Ефремнің (б. з. 310—373 жылдары) “Диатессаронға” түсіндірме жазғаны сол еңбекті сириялық мәсіхшілер кеңінен қолданғанын дәлелдейді.
“Диатессарон” — бүгінде Киелі кітапты зерттейтін адамдар үшін өте құнды еңбек. Өйткені ХІХ ғасырда кейбір ғалымдар Інжіл ІІ ғасырда, шамамен б. з. 130—170 жылдары, жазылған деп дауласып, Исаның өміріне қатысты оқиғалардың туралығына күмән келтірген. Алайда сол уақыттан бері “Диатессаронның” ежелгі көшірмелері табылды. Бұл “Диатессаронға” негіз болған Інжілдің, яғни Матай, Марқа, Лұқа және Жохан кітаптарының, ІІ ғасырдың орта шенінде кеңінен қолданыста болғанын көрсетеді. Демек, Інжіл бұрынырақ жазылған дей аламыз. Сондай-ақ Татианның “Диатессаронды” құрастырғанда негізінен канонға кірген Інжілді қолданғанынан апокрифтік Інжілдің сенімді және канонға кіреді деп қарастырылмағаны көрінеді.
V ғасырдың басында Киелі кітаптың сирия тіліндегі аудармасы солтүстік Месопотамия өлкесінде кеңінен қолданылған. Шамамен ІІ—ІІІ ғасырда жасалған бұл аударманың құрамында Петірдің 2-хаты, Жоханның 2, 3-хаттары, Яһуда және Аян жазбаларынан басқасының бәрі болған. Бұл аударма “Пешитта” (мағынасы “қарапайым” немесе “анық”) деген атаумен белгілі. “Пешитта” — Киелі кітап мәтінін жеткізетін ең көне әрі өте маңызды қолжазбалардың бірі.
Мысалы, табылған бір “Пешитта” қолжазбасы б. з. 459—460 жылдары жазылған. Бұл датасы нақты белгілі ең көне Киелі кітап қолжазбаларының бірі болып табылады. “Пешиттаның” шамамен б. з. 508 жылғы нұсқасына алғашқысында қалып кеткен бес кітап енген. Бұл нұсқа “Филоксения Версиясы” деген атпен белгілі.
СИРИЯ ТІЛІНДЕГІ ҚОЛЖАЗБАЛАРДЫҢ ТАБЫЛУЫ
ХІХ ғасырға дейін табылған Грек жазбаларының грек тіліндегі көшірмелерінің барлығы дерлік V ғасырда немесе одан әлдеқайда кейін жазылған еді. Сол себепті Киелі кітап зерттеушілері “Латын Вульгатасы” мен “Сирия Пешиттасы” сияқты көне аудармаларға аса мән берген. Сол уақыттары кейбір зерттеушілер сирия тіліндегі “Пешиттаны” бұдан көнерек мәтіннің қайта қарастырылған нұсқасы деп есептеген. Алайда мұндай көне мәтін қолда болмады. Сирия Киелі кітабы ІІ ғасырда аударылғандықтан, көне мәтін Киелі кітаптың түпнұсқасына жарық түсірер еді және зерттеушілер үшін құнды болар еді. Сондай көне мәтін шынымен болды ма?! Бар болса, табылар ма екен?
Сирия тіліндегі көне мәтін жазылған екі құнды қолжазба табылды. Оның бірі — V ғасырда жазылған қолжазба. Ол 1842 жылы Мысырдың Нитрий шөліндегі монастырынан Британ мұражайы сатып алған сирия қолжазбаларының арасынан шықты. Қолжазбаны мұражайдың қызметкері Уильям Кьюртон тауып алып, көпшілікке жария еткендіктен, ол Сирия Кьюртон деп аталды. Осы құнды құжатта Інжілдің кітаптары келесідей кезекпен жазылған: Матай, Марқа, Жохан және Лұқа.
Біздің күнімізге дейін сақталған құнды қолжазбаның екіншісі — Сирия Синай қолжазбасы. Ол мақала басында айтылған екі әйелдің сапарының арқасында табылған еді. Агнестің ешқандай ғылыми дәрежесі болмаса да, сегіз тілді, соның ішінде сирия тілін, білетін. 1892 жылы ол Мысырдағы Қасиетті Екатерина монастырынан құнды құжат тапты.
Агнес монастырдың бір қараңғы бөлмесінен сирия қолжазбасын тауып алды. Оның айтуынша, ғасырлар бойы “ешкім ашпағандықтан оның парақтары бір-біріне жабысып, кір басып елеусіз жатқан”. Жарғақ бетіндегі түпкі мәтін өшіріліп, үстінен сирия тілінде әулие әйелдер туралы жазылған мәтін бар екен. Алайда Агнес парақтардың жоғарғы жағында көрінген түпкі мәтіннен “Матайдан”, “Марқадан”, “Лұқадан” деген сөздерді оқыған. Бұл Сирия кодексі деп аталған Інжілдің толықтай дерлік мәтіні еді! Бүгінде ғалымдар бұл кодекс IV ғасырдың соңында жазылған деп есептейді.
Грек тіліндегі Синай кодексі мен Ватикан кодексі сияқты, Сирия Синай қолжазбасы да Киелі кітап қолжазбаларының ең маңыздыларының бірі болып табылады. Бүгінде көп ғалым Сирия Кьюртон және Сирия Синай қолжазбалары ІІ—ІІІ ғасырда аударылған сирия тіліндегі Інжілдің көшірмесі деп есептейді.
“ҚҰДАЙЫМЫЗДЫҢ СӨЗІ МӘҢГІ ҚАЛАДЫ”
Аталмыш қолжазбалар бүгінде Киелі кітапты зерттеушілерге пайдалы болды ма? Әрине, болды! Мысалы, Інжілдің Марқа жазбасындағы 16:8-ден басталатын ұзын қорытындыны алайық. Мұндай қорытынды V ғасырда грек тілінде жазылған Александрийский кодексінде, “Латын Вульгатасында” және басқа нұсқаларда кездеседі. Алайда IV ғасырда жазылған беделді екі қолжазбада, Синай кодексі мен Ватикан кодексінде, Марқаның 16-тарауы 8-тармақпен бітеді. Сирия Синай қолжазбасында да ұзын қорытынды кездеспейді. Бұл ұзын қорытынды Марқа кітабының түпнұсқасында болмағанына және оның мәтінге кейіннен қосылғанына тағы бір дәлел болып табылады.
Тағы бір мысалды қарастырайық. ХІХ ғасырдағы Киелі кітап аудармаларының көбісінде Жоханның 1-хаты 5:7, 8-де Үшбірлікті қолдайтын қосымша сөздер жазылған еді. Алайда сол сөздер көне Грек қолжазбаларында да, “Пешитта” аудармасында да кездеспейді. Олар Жоханның 5:7, 8-дегі Киелі кітап мәтінін бұрмалайтын қосымша екені анық.
Осы жайттан көретініміздей, Ехоба Құдай өзі уәде еткендей, Киелі Сөзін бүгінгі күнге дейін сақтап келген. Киелі кітапта: “Шөптер сарғайып қурап, гүлдер солады, ал Құдайымыздың сөзі мәңгі қалады”,— делінген (Ишая 40:8; Петірдің 1-хаты 1:25). “Пешитта” қолжазбасы Киелі кітап хабарының адамзатқа тура жеткенін дәлелдеуге аз да болса, маңызды үлес қосады.