НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ШАЙТАН ШЫНЫМЕН БАР ТҰЛҒА МА?
Шайтан жай ғана зұлымдықтың бейнесі ме?
Кейбіреулер Киелі кітапта Шайтан жайлы жазылғандарды оқып, оны зұлымдық атаулының бейнесі деп тұжырымдайды. Бірақ Киелі кітап мұндай тұжырымды растай ма? Растайтын болса, онда Киелі кітапта Шайтанның Иса пайғамбармен және құдіреті шексіз Құдаймен сөйлескенін қалай түсінуге болады? Қазір осы жайтқа тоқталып өтейік.
ШАЙТАННЫҢ ИСА ПАЙҒАМБАРМЕН СӨЙЛЕСУІ
Иса пайғамбар жердегі қызметін бастағанда, Ібіліс оны үш рет азғыруға тырысты. Алғашында, Шайтан Иса пайғамбарды Құдай берген күшін өз қалауын орындау үшін өзімшілдікпен қолдануға итермеледі. Содан кейін ол Исаны өзгелердің көзіне түсу үшін, өмірін орынсыз қатерге тігуге азғырмақ болды. Ал соңында Иса оған бір рет тағзым етсе, әлемдегі барлық патшалықтарды беретінін айтты. Иса жақсылап ойластырылған бұл азғыруларға қарсы тұрып, үш жағдайда да Жазбалардан үзінді келтіріп жауап берді (Матай 4:1—11; Лұқа 4:1—13).
Бұл оқиғада Иса пайғамбар кіммен сөйлескен? Өз бойындағы зұлымдықпен бе? Жазбаларға сай, Иса “өзіміз сияқты барлық жағынан сыналған, бірақ күнә атаулыдан таза болған” (Еврейлерге 4:15). Сондай-ақ онда: “Ол ешбір күнә жасаған емес, аузынан жалған сөз де шыққан емес”,— делінген (Петірдің 1-хаты 2:22). Иә, Иса мінсіздігін сақтап қалған. Ол бойында зұлымдықтың пайда болуына жол бермеген. Демек, Исаның бойындағы зұлымдықпен сөйлесуі мүмкін емес, ол өмірде бар тұлғамен сөйлескен.
Сонымен қатар бұл оқиғадан Шайтанның өмірде бар тұлға екенін көрсететін қосымша дәлелдерді таба аламыз.
-
Иса Ібіліске бір рет тағзым етсе, ол оған әлем патшалықтарын беретінін айтқаны жайлы ойланып көріңізші (Матай 4:8, 9). Шайтан ойдан шығарылған тұлға болса, бұл ұсыныстың еш мәні болмас еді. Оның үстіне, Иса Шайтанның мұндай ұсыныс жасауына билігі бар екенін жоққа шығармаған.
-
Иса пайғамбар азғыруларға төтеп бергенде, Ібіліс “басқа бір қолайлы уақытты күтпек болып, оның қасынан кетіп қалды” (Лұқа 4:13). Бұл жағдайдан Шайтан зұлымдықтың бейнесі емес, қайта, алған бетінен қайтпайтын жау екені анық көрінеді емес пе?!
-
Тағы бір көңіл қоярлық жайт, Шайтан Исаның қасынан кетіп қалғаннан кейін “періштелер келіп, оған [Исаға] қызмет көрсете бастады” (Матай 4:11). Бұл періштелердің Исаға жігер беріп, көмек көрсеткен шынымен бар рухани тұлғалар болғаны анық. Олай болса, Шайтанның рухани тұлға екеніне күмән келтіруге негіз бар ма?
ШАЙТАННЫҢ ҚҰДАЙМЕН СӨЙЛЕСУІ
Құдайды терең қастерлейтін Әйүп есімді кісі жайлы оқиғада Ібіліс пен Құдайдың екі рет сөйлескені баяндалады. Екі жағдайда да Құдай Әйүпті мінсіздігі үшін мақтады. Ал Шайтан болса Құдай Әйүпті молынан жарылқағандықтан ғана ол оған қызмет етеді деп жала жапты. Басқаша айтқанда, Ібіліс Әйүпті Құдайға қарағанда жақсырақ білемін дегенге меңзеді. Ехоба * Шайтанға Әйүпті мал-мүлкінен, балаларынан, тіпті денсаулығынан айыруға жол берді. Уақыт көрсеткендей, Ехобаның Әйүп жайлы айтқанының рас, ал Шайтанның айыбының өтірік екені айқындалды. Сонда Құдай Әйүпке мінсіздігі үшін көл-көсір батасын төкті (Әйүп 1:6—12; 2:1—7).
Құдай мен Шайтан арасындағы бұл әңгімеден нені білеміз? Ехоба Құдай өз бойындағы зұлымдықпен сөйлескен деуге бола ма? Киелі жазбаларда: “Құдайдың жолы мінсіз”,— делінген (Патшалықтар 2-жазба 22:31). Сондай-ақ онда: “Құдіретті Құдай Ехоба киелі, киелі, киелі!”— деп жазылған (Аян 4:8). Киелі деген таза, қасиетті және күнәдан алшақ дегенді білдіреді. Ехоба кемелді әрі мінсіз. Оның бойында зұлымдықтың болуы мүмкін емес.
Шайтанның Құдаймен сөйлескені Әйүптің өміріне әсер етті
Десе де кейбіреулер Әйүптің тарихта өмір сүрген адам екенін дауға салады, сондықтан Құдай мен Шайтанның сөйлесуін ойдан шығарылған аңыз әңгіме дегенге саяды. Бірақ мұндай тұжырым дұрыс па? Киелі жазбаларда Әйүптің шынымен де өмір сүрген адам екенін растайтын басқа да тармақтар бар. Мысалы, Жақып 5:7—11 тармақтар мәсіхшілерді Әйүптің үлгісіне еліктеп, қиыншылыққа кезіккенде табанды болуға әрі осылай ететіндерге Ехоба Құдайдың батасын беретінін ұмытпауға талпындырады. Егер Әйүп те, Шайтанның оны сынағаны да ойдан шығарылған болса, Әйүптің үлгісі біз үшін еш пайдасыз болар еді. Бұған қоса, Езекиел 14:14, 20-да Әйүп Нұх пен Даниял сияқты адал пайғамбарлармен бір қатарға қойылған. Нұх пен Даниял сияқты, Әйүп шынымен де өмір сүрген сенімі берік адам болған. Егер Әйүп тарихта болған адам болса, оның барлық қайғысының себепшісі болған Шайтанның да шынымен бар болғанына сену ақылға қонымды емес пе?!
Киелі жазбалардан Шайтанның шынымен де бар тұлға екені анық көрінеді. Сондықтан сіз “Бүгінде Шайтан маған және отбасыма қандай да бір қауіп төндіре ме?” деп ойланатын шығарсыз.
БҮГІНДЕ ШАЙТАН БІЗГЕ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
Сіз тұратын қалаға қылмыскерлердің бір тобы баса-көктеп кірді делік. Соның кесірінен қалада қылмыс саны күрт өсіп, өмір сүру қауіпті болып кететіні анық. Енді мына жайлы ойланып көріңізші: Шайтан мен оның жын-перілері, яғни Құдайға қарсы шыққан басқа да рухани тұлғалар, жер бетіне қуылды. Мұның нәтижесі қандай болды? Сіз жергілікті және дүниежүзінде болып жатқан оқиғалар жайлы жаңалықтардан келесі жайттарды байқап жүрсіз бе?
-
Дүниежүзі бойынша қылмысқа тосқауыл қоюға барынша күш салынып жатқанына қарамастан, жантүршігерлік қатыгез әрекеттердің көбейіп кеткенін;
-
Көп ата-ананың мақұлдамайтынына қарамастан, жын-перілермен байланысты балаларға арналған көңіл көтеру түрлерінің күрт өскенін;
-
Адамзат құрдымға кетіп бара жатқандай және бұған әлдебір күш себеп болып отырғандай болғанын;
-
Қоршаған ортаны қорғауға көптеген әрекеттер жасалынып жатса да, оның күн санап бүлініп жатқанын;
Бүгінгі күнгі қиыншылықтардың артында кім тұрғаны жайлы Киелі жазбаларда былай делінген: “Алып айдаһар — бүкіл жержүзін адастырып жүрген Ібіліс әрі Шайтан деп аталған ежелгі жылан — жерге лақтырылды, онымен бірге періштелері де лақтырылды... Жер мен теңізге қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:9, 12). Айғақтарды қарастыра келе көптеген адам Шайтанның айналамыздағы дүниеге тынымсыз әсер етіп отырған қауіпті рухани тұлға екенімен келіседі.
Бәлкім, сіз Шайтаннан қалай қорғануға болатыны жайлы ойланатын шығарсыз. Бұлай ету өте маңызды. Келесі мақалада бұл орайда қандай қадамдар жасау керектігі қарастырылады.
^ 12-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.