Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕП ӘҢГІМЕЛЕСУ

Неге Иса пайғамбардың өлімін еске алуымыз керек?

Неге Иса пайғамбардың өлімін еске алуымыз керек?

Төменде Ехоба куәгерлерінің адамдармен қалай әңгімелесетіні көрсетілген. Ехоба куәгерінің есімі — Мерей, ал онымен әңгімелескен кісінің есімі Сандуғаш делік.

“МЕНІ ЕСКЕ АЛУ ҮШІН ОСЫЛАЙ ІСТЕП ТҰРЫҢДАР”

Мерей. Сәлеметсіз бе, Сандуғаш. Сізді өткен аптада Иса пайғамбардың өлімін Еске алу кешінде * көргеніме қуанышты болдым. Кездесу сізге ұнады ма?

Сандуғаш. Иә, ұнады, бірақ кейбір нәрселерді түсінбедім. Адамдар Рождество мейрамында Иса пайғамбардың туылған күнін және Пасха мейрамында оның қайта тірілгенін тойлайтынын білемін. Бірақ оның өлімін еске алу жайлы ешқашан естімеппін.

Мерей. Мұныңыз рас. Рождество мен Пасха — дүниежүзі бойынша тойланатын әйгілі мейрамдар. Бірақ Ехоба куәгерлері Иса Мәсіхтің өлімін еске алу маңызды деп санайды. Бірер минутыңыз болса, мұның себебін түсіндіріп берейін.

Сандуғаш. Жарайды.

Мерей. Иса пайғамбардың өзі шәкірттеріне өлімін еске алуды өсиет еткен. Оның ізбасарлары ретінде Ехоба куәгерлері сол өсиетті орындайды. Иса пайғамбардың өлер алдындағы түні шәкірттеріне не дегенін көрейікші. Бұл жайлы Лұқа 22:19-да жазылған. Оқып көресіз бе?

Сандуғаш. Жарайды. “Бұдан кейін қолына нан алып, ризашылық білдірді де, оларға сындырып беріп жатып: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар,— деді”.

Мерей. Соңғы сөздерге назар аударсақ, Иса пайғамбар шәкірттеріне өзін еске алып тұруды өсиет еткен. Ал соның алдында өзіне қатысты нақты нені еске алу керектігін айтқан. Иса Мәсіх өзінің денесін, яғни өмірін, ізбасарлары үшін ұсынбақ еді. Киелі жазбалардың басқа жерінде, мысалы Матай 20:28-де, Иса пайғамбар мұны былай түсіндіреді: “Адам Ұлы да өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді”. Ехоба куәгерлерінің жыл сайын жиналуының да себебі сонда: олар Иса пайғамбардың ұсынған төлем құрбандығын еске алып тұрады, өйткені оның өлімінің арқасында Құдайға мойынсұнған барлық адамдар мәңгі өмірге ие бола алады.

ТӨЛЕМ ҚҰРБАНДЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Сандуғаш. Иә, “Иса Мәсіх біз үшін өлді” дегенді естігенмін. Бірақ, шынымды айтсам, мұның нені білдіретінін түсінбеймін.

Мерей. Негізі, Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы жайлы түсінік айтарлықтай күрделі. Бірақ бұл — Құдай Сөзіндегі ең көркем шындықтардың бірі. Тағы біраз уақытыңыз болса, түсіндіріп берейін?

Сандуғаш. Иә, бар.

Мерей. Жақсы. Мен жақында төлем жайлы біраз мәлімет оқыған едім, сізге мұны қарапайым түрде түсіндіріп көрейін.

Сандуғаш. Мейлі.

Мерей. Алдымен, Адам ата мен Хауа ананың пейіш бағында күнә жасағанда, не болғанын көрейік. Бұл жайында Римдіктерге 6:23-те жазылған. Оқып жібересіз бе?

Сандуғаш. Жарайды. “Күнәнің беретіні — өлім, ал Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір”.

Мерей. Енді осы сөздерді жіліктеп көрейік. Тармақ “Күнәнің беретіні — өлім” деген сөздермен басталады. Құдай осы қарапайым қағиданы адамзат тарихының басында-ақ орнатқан болатын: күнә үшін берілетін жаза — өлім. Әрине, басында ешкім күнәкар болмаған. Адам ата мен Хауа ана кемелді, мінсіз етіп жаратылды және олардың балалары да кемелді болулары керек-тін. Сондықтан да олардың өлуіне еш себеп болмады. Адам да, Хауа да, олардың болашақ ұрпақтары да мәңгілік бойы бақытты ғұмыр кешулері керек еді. Бірақ бұлай болмай шықты. Бұл жайлы естіген шығарсыз.

Сандуғаш. Иә, олар тыйым салынған жемісті жеп қойды емес пе?

Мерей. Дәл солай, олар Құдайға мойынсұнбай, тыйым салынған ағаштың жемісін жеді. Осылайша күнә жасады. Түптеп келгенде, олар ерікті түрде күнәкар, кемелсіз өмірді таңдады. Олардың бұл таңдауы өздеріне ғана емес, бүкіл ұрпақтарына адам айтқысыз зардап әкелді.

Сандуғаш. Сонда қалай?

Мерей. Бір мысал келтірейін. Сіз нан тағамдарын пісіріп көргенсіз бе?

Сандуғаш. Иә, әрине.

Мерей. Онда сізде нан пісіретін таба бар шығар. Сіз оны жаңа кезінде жерге түсіріп алып, бір шетін майыстырып алдыңыз делік. Сонда осы табада пісірген барлық наныңыз қандай болып шығады? Бір жағы ішіне қарай кіріп тұрады емес пе?

Сандуғаш. Иә.

Мерей. Дәл сол сияқты Адам мен Хауа күнә жасағанда, осы майысып қалған табадай, мүлтіксіз болудан қалды. Олар күнә жасағанда әлі балалы емес еді. Сондықтан майысқан табада піскен нан сияқты, олардан тараған бүкіл адамзат та күнәні мұра етіп туылды. Киелі кітапта “күнә” деген сөз адамның іс-әрекетіне ғана емес, Адам мен Хауадан мұра еткен пенделік табиғатымызға да нұсқайды. Сіз де, мен де еш жамандық жасамасақ та, осындай күнәкар күйге душар болдық. Тіпті екеуміз әлі туылмай тұрған кезде Адам мен Хауа бізге және біздің болашақ ұрпағымызға ақыры өліммен бітетін пенделік, күнәкар өмірді мұраға қалдырды. Ал Римдіктерге 6:23-те жазылғандай, күнә үшін берілетін жаза — өлім.

Сандуғаш. Бірақ бұл әділетсіздік қой. Адам мен Хауаның күнәсі үшін неге бүкіл адамзат зардап шегу керек?

Мерей. Иә, келісемін. Бірақ бәрі осымен біткен жоқ: қара қылды қақ жаратын әділ Құдай күнә жасаған Адам ата мен Хауа ананы өлім жазасына кескенімен, олардың ұрпағын үмітсіз қалдырған жоқ. Құдай адамзатты осы қиын жағдайдан шығарудың жолын тапты. Бұл үшін Иса пайғамбардың төлем құрбандығы қажет болды. Римдіктерге 6:23-тегі сөздерді тағы қарайықшы. “Өйткені күнәнің беретіні — өлім” деген сөздерден кейін тармақта: “Ал Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір”,— делінген. Демек, Иса Мәсіхтің өлімі күнә мен өлімнің құрсауынан босатады *.

ТӨЛЕМ — ҚҰДАЙДЫҢ ЕҢ КЕРЕМЕТ СЫЙЫ

Мерей. Назарыңызды тағы бір жайтқа аударайын деп едім.

Сандуғаш. Қандай жайтқа?

Мерей. Тармақта мәңгілік өмір Құдайдың сыйы болып табылатыны айтылған. Біз үшін Иса Мәсіх азап шегіп өлген болса, онда неге төлем Исаның емес, “Құдайдың сыйы” деп аталған? *

Сандуғаш. Мұны білмедім.

Мерей. Адам мен Хауаны жаратқан — Құдай және пейіш бағында тыйым салынған жемісті жеулерімен олар Құдайға қарсы күнә жасады. Жердегі алғашқы балаларының өзіне қарсы шыққаны Құдайдың жанына қатты батқан болса керек. Бірақ ол мәселені шешудің жолын бірден тапты *. Ехоба Құдайдың еркіне сай, көктегі періштелердің бірі жерге кемелді адам ретінде келіп, ақырында өз өмірін төлем құрбандығы ретінде ұсынуы керек еді. Бұдан шығатыны — төлем құрбандығы Құдайдың қарастырған шарасы болғандықтан, бұл оның сыйы болып табылады. Алайда бұлай деуге тағы бір себеп бар. Мұны білу үшін Иса пайғамбардың өлімін көргенде Құдайдың не сезінгенін түсінуіміз керек. Сіз бұл жайлы ойланғансыз ба?

Сандуғаш. Жоқ, ешқашан ойланбаппын.

Мерей. Аулаңызда ойыншықтардың жатқанын байқадым, балаларыңыз бар ғой деймін.

Сандуғаш. Иә, бір ұл, бір қызым бар.

Мерей. Онда ата-ананың сезімі сізге таныс болар. Құдай Иса Мәсіхті өзі жаратқан, сондықтан ол үшін Иса ұлы сияқты болған. Рухани Ұлының өлгенін көргенде, Құдайдың не сезінгенін ойлап көріңізші. Исаны тұтқындап, келеке-мазақ етіп, жұдырықпен ұрғанда, Құдай көктен бәрін бақылап тұрған. Сол кезде ол қандай күйде болды деп ойлайсыз? Ағаш бөренеге шегеленген Ұлының соңғы демі шыққанша қиналғанын көру көктегі Әкеге оңай тимеген шығар.

Сандуғаш. Шынымен де, бұл оның жанына батқан шығар.

Мерей. Сол күні Құдайдың нақты не сезінгенін білу мүмкін емес, әрине. Бірақ оның сезімдері бар екені анық. Сондай-ақ біз Құдайдың осының бәріне не үшін жол бергенін де білеміз. Бұл жайлы Жохан 3:16-да керемет сөздер жазылған. Оқып көресіз бе?

Сандуғаш. Жарайды. “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады”.

Төлем құрбандығы — сүйіспеншіліктің ең ұлы көрінісі

Мерей. Рақмет. Осы жердегі алғашқы сөздерге назар аударыңызшы. “Құдай адамзатты қатты сүйді” делінген. Міне, мәселенің төркіні осында. Құдайдың адамзатқа деген зор сүйіспеншілігі Ұлын жерге жіберіп, біз үшін төлем құрбандығын беруге талпындырған. Бұл сүйіспеншіліктің ең ұлы көрінісі болған. Осыны еске алу үшін Ехоба куәгерлері жыл сайын Иса пайғамбардың өлімін Еске алу кешінде бас қосады. Қалай, осы айтқандарым түсінікті болды ма?

Сандуғаш. Иә, түсіндіріп бергеніңізге рақмет.

Сізді Киелі кітаппен байланысты қандай да бір тақырып қызықтыра ма? Ехоба куәгерлерінің ілімдері немесе іс-шаралары жайлы білгіңіз келе ме? Онда Ехоба куәгерлерінің бірін кездестіргенде, бұл туралы қысылмай сұрасаңыз болады. Ол сіздің сұрақтарыңызға қуана-қуана жауап береді.

^ 5-абзац Ехоба куәгерлері адамзат үшін жанын қиған Иса пайғамбардың өлімін еске алуға жыл сайын жиналып тұрады. Биыл бұл кеш 3 сәуірге, жұма күнге, түсті.

^ 30-абзац Осы айдардың келесі мақаласында Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы адамзатты қалай күнәдан құтқаратыны және оның пайдасын көру үшін біз өз тарапымыздан не істеуіміз керектігі қарастырылады.

^ 34-абзац Киелі кітапқа сай, Құдай мен Иса — екі түрлі тұлға. Бұл жайлы көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 4-тарауынан табуға болады.