Сіз білгенсіз бе?
Киелі кітаптағы мәлімет археологияға сай ма?
“Киелі кітапқа археологиялық шолу жасау” атты басылымдағы бір мақалада Тауратта есімдері аталған кем дегенде 50 адамның шын мәнінде бар болғанын археологиялық қазбалармен растауға болатыны жайлы жазылған. Бұлардың арасында көпшілікке танымал Дәуіт пен Езекия, онша танымал емес Менахем мен Пекахты қоса алғанда, Яһуда мен Исраилдің 14 патшасы бар. Сондай-ақ бұл тізімде 5 перғауын, Ассирия, Вавилония, Моаб, Персия мен Сирияның 19 патшасы да бар. Киелі кітап және археологиялық жазбаларда тек патшалардың есімі ғана емес, бас діни қызметкерлердің, хатшылар мен өзге де лауазымды адамдардың есімдері кездеседі.
Аталмыш тұлғалардың шынымен бар болғанын толығымен растайтын “жеткілікті ғылыми дәлелдер” бар делінген әлгі мақалада. Сонымен қатар Інжілде де Ирод, Понти Пилат, Тиберий, Қаяпа және Серги Пауыл сияқты көптеген тарихи тұлғалардың есімдері кездеседі, бұлардың көбісінің шынымен өмір сүргені археологиялық қазбалармен расталған.
Арыстандар Киелі кітапта аты аталған елдерден қашан ғайып болды?
Кезінде ежелгі Исраил елі орналасқан жерде қазір арыстандар кездеспейді. Бірақ Киелі жазбаларда бұл аң жайында 150 рет айтылғанына қарағанда, исраилдіктер онымен жақсы таныс болған. Киелі кітапта арыстандар көбінесе бейнелі мағынада қолданылған. Алайда олар жайлы тура мағынада айтылған жерлер де кездеседі. Мысалы, Самсон, Дәуіт және Бенаях арыстандарды өлтірген кісілер ретінде айтылған (Билер 14:5, 6; Самуилдің 1-жазбасы 17:34, 35; Самуилдің 2-жазбасы 23:20). Ал өзге біреулерінің арыстандарға жем болғандары жайлы жазылған (Патшалар 1-жазба 13:24; Патшалар 2-жазба 17:25).
Ежелде Азиялық арыстан (Panthera leo persica) Кіші Азия, Грекия, Палестина, Сирия, Месопотамия және Үндістанның солтүстік-батысында мекен еткен. Жұрт бұл аңнан қорыққандықтан әрі құрметтегендіктен, оның бейнесін Таяу Шығыстың қолөнерінен көптеп кездестіруге болады. Осындай танымал қолөнердің бірі — Бабылдың салтанатты шерулер өтетін дәлізі. Осы дәліздің екі қабырғасына арыстандардың бейнесі зертастармен салынған.
Б. з. ХІІ ғасырының соңына жақын Палестина жерінде крестшілердің арыстан аулағаны жайлы мәлімет бар. Арыстандар 1300 жылдардың соңына таман бұл аумақтан толығымен жойылып кеткенге ұқсайды. Алайда ХІХ ғасырға дейін Месопотамия мен Сирияда, ал ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін Иран мен Ирак жерлерінде арыстандардың кездескені жайлы мәліметтер бар.