Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СОҒЫСҚА ҚАТЫСТЫ ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы — бүгінгі таңда

Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы — бүгінгі таңда

Бүгінде көп адам қиянат көріп, Құдайға жалбарынып, құтқаруын тілейді. Олардың дұғалары Құдайдың құлағына жетіп жатыр ма? Ал зорлық көрсеткендерге қарсы соғысып жатқандар туралы не деуге болады? Құдай оларды құптап, қолдау көрсете ме?

Армагеддонда соғыс атаулы түптамырымен жойылады

Бәріміздің де мынаны білгеніміз жөн: жер бетіндегі қайғы-қасірет Құдайдың көзінен таса қалып жатқан жоқ, әрі ол бұған көз жұмып отыра бермейді (Зәбүр 72:13, 14). Өзінің Сөзі Киелі кітапта ол “қиыншылық көріп жүргендерге тыныштық” сыйлауды уәде еткен. Бұл қашан жүзеге асады? “Бұл Иеміз Иса құдіретті періштелерімен... ашық көрінгенде болады. Сол кезде Құдайды білмейтіндер мен Иеміз Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнбайтындардан кек алынады” (Салоникалықтарға 2-хат 1:7, 8). Ал Иса қашан ашық көрінеді? Ол “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғыста” көрінеді. Болашақта болатын бұл соғыс Армагеддон деген атаумен де белгілі (Аян 16:14, 16).

Құдай Армагеддон соғысын жүргізуді адамдарға емес, өзінің Ұлы Иса Мәсіх пен басқа да құдіретті рухани жаратылыстарға тапсырады. Осы көк әскері озбырлық атаулыны түптамырымен құртады (Ишая 11:4; Аян 19:11—16).

Күні бүгінге дейін Құдайдың соғысқа қатысты көзқарасы өзгерген жоқ. Ол әлі де соғысты озбырлық пен зұлымдықтың түбіне балта шабудың дұрыс жолы деп біледі. Бірақ тарихтан көрінетіндей, мұндай соғыстың қашан болатынын және оны кім жүргізетінін тек Құдай шешеді. Жоғарыда айтылғандай, ол зұлымдық түбегейлі жойылып, қаналғандардың кегі алынатын соғыстың қашан болатынын да, оны кім жүргізетінін де шешіп қойған. Бұл соғыс болашақта болады, әрі оны Иса Мәсіх жүргізеді. Демек, қазіргі күні жер бетінде болып жатқан соғыстардың ешқайсысын, олар қандай игі ниетпен жүргізілмесін, Құдай құптамайды.

Мұны келесідей мысалмен түсіндіруге болады. Әкелері үйде жоқта екі бала төбелесіп қалады. Бір кезде олар әкелеріне телефон соғады да, екеуі де бауырының бірінші болып бастағанын айтып шағымданады. Осылай әрқайсысы әкелерінің өзін жақтағанын қалайды. Әкелері балаларын тыңдаған соң: “Мен үйге келіп мәселені шешкенше, төбелеспеңдер”,— деп ескертеді. Олар құлақ асады, бірақ біраз уақыттан соң қайтадан төбелесе бастайды. Әкелері үйге келгенде, балаларының қылығына разы болмай, тілін алмағандары үшін екеуін де жазалайды.

Бүгіндегі жағдай осыған ұқсас: соғысып жатқан халықтар Құдайдан қолдауын сұрап жатады. Бірақ ол ешкімге жақтаспайды. Қайта: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар... өздерің үшін кек алмаңдар”,— деп шақырады (Римдіктерге 12:17, 19). Сондай-ақ Киелі кітапта Құдайдың өзі іске кірісетін уақытты, яғни Армагеддон шайқасын, “шыдаммен күтуіміз” керектігі жазылған (Зәбүр 37:7). Сондықтан адамдардың бұған құлақ аспай, соғыса бергенін ол менмендікпен жасалған озбырлық деп біледі. Міне, сол себепті Құдай Армагеддонда қаһарына мініп, халықтар арасындағы қақтығыстар мен “күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады” (Зәбүр 46:9; Ишая 34:2). Иә, Армагеддонда соғыс атаулы түптамырымен жойылады.

Бұл — Құдай Патшалығы, яғни көкте орнайтын үкімет, әкелетін баталардың бірі. Осы үкімет туралы Иса көпке танымал дұғасында былай деген: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Матай 6:10). Құдай Патшалығы соғыстарды тоқтатып қана қоймайды, оның түпкі себебі — зұлымдықты жояды * (Зәбүр 37:9, 10, 14, 15). Сондықтан Иса пайғамбардың ізбасарлары Құдай Патшалығының орнауын асыға күтуде (Петірдің 2-хаты 3:13).

Алайда Құдай Патшалығының озбырлық пен зұлымдықты жоятын уақытын қанша күтуіміз керек? Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалып жатқанына қарағанда, біз қазіргі дүниенің “соңғы күндерінде” өмір сүріп жатырмыз * (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Көп ұзамай Армагеддон соғысы басталып, мына дүниеге шығарылған үкім жүзеге асады.

Жоғарыда айтылғандай, “Иеміз Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнбайтындар” сол ақырғы соғыста мәңгіге жойылады (Салоникалықтарға 2-хат 1:8). Бірақ мына жайтты ұмытпайық: Құдай ешкімнің, тіпті зұлым адамның өлгеніне қуанбайды (Езекиел 33:11). Ол “бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды”. Сондықтан барлық халықтар Иса Мәсіх жайлы ізгі хабарды есту үшін, оның бүкіл жер бетіне уағыздалуына қам жасауда (Петірдің 2-хаты 3:8, 9; Матай 24:14; Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Иә, Ехоба куәгерлері атқарып жатқан дүниежүзілік уағыз ісі адамдарға Құдайды танып-білуге, Иса туралы ізгі хабарды естуге, сондай-ақ қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын бейбіт заманда өмір сүруге мүмкіндік ашады.

^ 9-абзац Құдай Патшалығы адамзаттың қас жауы өлімді де жеңеді. Осы сандағы “Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар” айдарында айтылғандай, Құдай сансыз көп адамдарды қайта тірілтеді. Олардың арасында тарих бойындағы соғыстардың құрбандары да болады.

^ 10-абзац Көбірек мәлімет алғыңыз келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 9-тарауын қараңыз.