Билер 2:1—23

  • Ехобаның періштесінің ескертуі (1—5)

  • Ешуаның қайтыс болуы (6—10)

  • Исраилді құтқару үшін билердің тағайындалуы (11—23)

2  Бұдан кейін Ехобаның періштесі+ Ғылғалдан+ Бохимге келіп, былай деді: “Мен сендерді Мысырдан алып шығып, ата-бабаларыңа беремін деп ант еткен жерге әкелдім+. Оның үстіне, мен: —Сендермен жасасқан келісімімді ешқашан бұзбаймын+.  Ал сендер осы жердің тұрғындарымен келісім жасаспаңдар+. Олардың құрбандық орындарын бұзып тастаңдар+,— деген едім. Бірақ сендер сөздеріме құлақ аспадыңдар+. Неге бұлай еттіңдер?  Сондықтан мен: —Бұл халықтарды араларыңнан аластатпаймын+. Олардың өздері сендер үшін тор+, ал құдайлары тұзақ болады,— дедім+”.  Ехобаның періштесі осы сөздерді айтқанда, күллі исраилдіктер айқайлап жылай бастады.  Сондықтан сол жерді Бохим* деп атады. Сөйтіп, сол жерде Ехобаға арнап құрбандық шалды.  Ешуа халықты таратқан соң, өз үлесіне тиген жерді иемдену үшін исраилдіктердің әрқайсысы мұралы иелігіне кетті+.  Жұрт Ешуаның, сондай-ақ одан ұзағырақ жасаған әрі Ехобаның Исраилдің игілігі үшін істеген барлық ұлы істерін көрген ақсақалдардың көзі тірісінде Ехобаға қызмет етіп жүрді+.  Ехобаның қызметшісі Нұн ұлы Ешуа 110 жасқа келіп қайтыс болды+.  Оның сүйегі Гағаш тауының солтүстігіндегі Ефремнің таулы өңірінде орналасқан Тимнат-Хереске*+, өзінің мұралы иелігіне қойылды+. 10  Сондай-ақ оның замандастарының бәрі дүние салды, ал олардың орнына Ехобаны да, оның Исраилге жасаған істерін де білмейтін ұрпақ келді. 11  Содан исраилдіктер Ехобаға ұнамсыз істер жасап, Бағалдарға табынатын болды+. 12  Олар әкелерін Мысырдан алып шыққан Құдайлары Ехобадан бас тартып+, бөтен құдайлардың, айналасындағы халықтардың құдайларының, жетегінде кетті+ және соларға табынып, Ехобаның жүрегін ауыртты+. 13  Осылайша Ехобадан бас тартып, Бағал мен Аштар мүсіндеріне қызмет ететін болды+. 14  Сондықтан исраилдіктерге Ехобаның қаһары лаулап, оларды талан-тараж ететін тонаушылардың қолына берді+. Құдай өз халқын айналасындағы жауларының қолына берді+, сөйтіп, олар бұдан былай жауларына қарсы тұра алмайтын болды+. 15  Қайда барса да, Ехоба оларға қарсы болып, пәлеге ұшыратып отырды+. Бұлай істейтінін Ехобаның өзі айтып, Ехобаның өзі ант еткен еді+. Осылайша исраилдіктер аса мүшкіл жағдайға түсті+. 16  Сонда Ехоба халқын тонаушылардан құтқару үшін билер тағайындай бастады+. 17  Алайда олар билерге де құлақ аспай, бөтен құдайларға табынып, солармен азғындық жасауларын қоймады. Олар ата-бабаларының жолынан лезде тайып кетті. Ата-бабалары Ехобаның бұйрықтарына мойынсұнған еді+, ал бұлар олай етпеді. 18  Ехоба би тағайындаған сайын+, оны Ехобаның өзі қолдайтын, әрі ол төрелік етіп отырған кездің бәрінде халқын жау қолынан құтқаратын. Себебі халқы қанаушыларынан жапа шегіп+, жәбірлеушілерінің кесірінен күңіренгенде, Ехобаның оларға жаны ашитын+. 19  Бірақ би дүниеден өткенде, халық қайтадан өз жолдарына түсетін де, бөтен құдайларға құлшылық етіп, соларға табынып, әкелерінікінен де сорақы істер істейтін+. Олар жасап жатқан қылықтарын доғармады, қиқарлықтарын да қоймады. 20  Ақыр соңында Исраилге Ехобаның қаһары лаулап+, былай деді: “Бұл халық ата-бабаларымен жасасқан келісімімді бұзды+, маған мойынсұнбады+. 21  Сондықтан мен де Ешуаның көзі тірісінде жойылмай, осы жерде қалып қойған халықтардың бірде-біреуін араларынан аластатпаймын+. 22  Бұны әкелері іспетті Ехобаның жолдарымен жүре ме, жоқ па — соны тексеру үшін істеймін+”. 23  Сөйтіп, Ехоба басқа халықтарды араларынан бірден аластатпай, сол жерде қалдырды. Кезінде оларды Ешуаның аяғына жығып бермеген еді.

Сілтемелер

Мағынасы “жылағандар”.
Еш 19:50, 24:30-да “Тимнат-Серах”.