Даниял 10:1—21
10 Персия патшасы Кирдің+ билік құруының үшінші жылы Балташазар+ деп аталған Даниялға аян берілді. Ондағы хабар шынайы, ол үлкен қақтығыс жөнінде еді. Даниял хабардың мәнін ұқты, себебі оған көрген көрінісі жайлы түсінік берілді.
2 Сол күндері мен, Даниял, толық үш апта бойы қайғырып жүрдім+.
3 Дәмді тағам да, ет те жемедім, аузыма шарап та алған жоқпын. Үш апта бойы денеме май жақпадым.
4 Бірінші айдың жиырма төртінші күні ұлы дарияның, Тигр*+ өзенінің, жағасында тұрған едім.
5 Басымды көтеріп қарасам, зығыр матадан киім киген+, беліне Уфаздың саф алтынынан белдік таққан біреу тұр екен.
6 Оның денесі хризолиттей+, жүзі найзағай жарқылындай, көздері жалындаған алаудай, қолдары мен аяқтары жылтыр мыстай+, ал даусы үлкен жамағаттың даусындай еді.
7 Бұл көріністі жалғыз мен, Даниял, көрдім, ал қасымдағы кісілер оны көрген жоқ+. Алайда олар қорыққаннан қатты дірілдеп, қашып кетіп, тығылып қалды.
8 Мен жалғыз қалып, сол ғаламат көріністі көріп тұрғанымда, бойымнан күш кетіп, еңсемді көтере алмай, өңім қашты, әл-дәрменім қалмады+.
9 Сосын оның сөйлеген даусын естідім. Оны тыңдап тұрғанда, етпетімнен жатқан күйі қатты ұйықтап кеттім+.
10 Бірақ бір қолдың денеме тигенін+ сездім де, төрттағандап тұрдым.
11 Сосын ол маған: “Уа, Даниял, аса бағалы жан*+, саған айтқалы жатқан сөзіме ден қой. Енді орныңнан тұр, өйткені мені саған Құдай жіберді”,— деді. Ол осыны айтқанда, мен қалт-құлт етіп, орнымнан түрегелдім.
12 Бұдан кейін ол маған былай деді: “Уа, Даниял, қорықпа+. Себебі сен жүрегіңді осы нәрселерді түсінуге бұрған және өзіңді Құдай алдында кішірейткен алғашқы күннен бастап-ақ ол дұғаларыңды естіді, сол себептен мен саған келіп отырмын+.
13 Алайда Персия патшалығының әміршісі+ 21 күн бойы жолыма бөгет болып, қарсылық көрсетті. Сонда басты* әміршілердің бірі Микайл*+ маған көмекке келді. Мен сол жерде Персия патшаларының қасында қала бердім.
14 Саған соңғы күндері+ халқыңмен не болатынын түсіндіру үшін келдім. Өйткені бұл көрініс алдағы күндерге қатысты+”.
15 Ол осы сөздерді айтқанда, мен жерге қарап, сөйлей алмай қалдым.
16 Сонда адам баласына ұқсаған біреу аузыма қолын тигізгенде+, маған қайтадан тіл бітті. Сөйтіп, қарсы алдымда тұрған оған: “Ием, көрген көріністен қалтырап, қатты әлсіреп қалдым+.
17 Қалайша мендей құлыңыз сізбен сөйлесе алады, ием+? Күш-қуатым таусылып, әрең дем алып тұрмын+”,— дедім.
18 Адам баласына ұқсаған біреу маған тағы да қолын тигізіп, нығайтты+.
19 Сосын ол маған: “Қорықпа+, уа, аса бағалы жан+. Саған амандық тілеймін+. Мықты бол, берік бол”,— деді. Ол сөйлеп тұрғанда, бойыма күш бітті. Мен оған: “Ием, айта беріңіз. Сіз мені нығайтып, күш бердіңіз”,— дедім.
20 Сонда ол маған былай деді: “Саған не үшін келгенімді білесің бе? Қазір мен Персияның әміршісімен қайта шайқасуға барамын+. Мен кеткен соң, Грекияның әміршісі келеді.
21 Бірақ мен саған ақиқат жазбасында не делінгенін айтып бермекпін. Бұл істе әміршің+ Микайлдан+ өзге мені қолдап-қуаттайтын ешкім жоқ.
Сілтемелер
^ Немесе “Хиддекел”.
^ Немесе “өте қалаулы”.
^ Мағынасы “Құдай сияқты кім бар?”
^ Немесе “жоғары дәрежелі”.