Даниял 6:1—28

  • Персияның лауазымды қызметкерлерінің Даниялға қастандық ойластыруы (1—9)

  • Даниялдың дұға етуін тоқтатпауы (10—15)

  • Даниялдың арыстан орына тасталуы (16—24)

  • Дарий патшаның Даниялдың Құдайын мадақтауы (25—28)

6  Дарий бүкіл патшалығына 120 сатрап тағайындауды жөн көрді+.  Ал олардың үстінен үш уәзір қойды, солардың бірі Даниял еді+. Патша шығынға ұшырамас үшін, сатраптар+ уәзірлерге есеп беріп тұратын болды.  Даниял асқан қабілетті болғандықтан, басқа уәзірлер мен сатраптардың арасынан озық болды+. Сондықтан патша оны бүкіл патшалығының үстінен қоймақ болып жүрді.  Сол уақытта өзге уәзірлер мен сатраптар Даниялға патшалық істеріне қатысты айып тағуға себеп іздестірді. Алайда оған айып тағатындай бірде-бір қателік не заңсыздық таба алмады. Өйткені Даниял сенімді, жұмысына ұқыпты, ешқандай заңсыздыққа бармайтын адам еді.  Сонда олар: “Даниялдан Құдайының заңына қатысты болмаса, басқа жағынан ешқандай айып таба алмаймыз+”,— десті.  Сөйтіп, уәзірлер мен сатраптар патшаның алдына бір топ болып кіріп, оған: “Уа, Дарий патша, мәңгі жасаңыз!  Патшаның барлық қызметкерлері, басшылар*, сатраптар, жоғарғы қызметкерлер мен әміршілер өзара ақылдасып, патша келесідей жарлық шығарып, тыйым салса екен деген ойға келдік: уа, патша, кімде-кім 30 күн ішінде өзіңізге емес, басқа бір құдайға не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың орына тасталсын+.  Уа, патша, осындай жарлық шығарып, қол қойыңыз+. Осылайша мидиялықтар мен парсылардың ешқашан күшін жоғалтпайтын заңына сәйкес, ол еш өзгертілмесін+”,— деді.  Содан Дарий патша тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды. 10  Даниял жарлықтың қол қойып бекітілгенін ести сала үйіне барды. Үйінің жоғарғы бөлмесінің Иерусалимге қараған+ терезелері ашық тұратын. Даниял сол жерде әдеттегідей күніне үш рет тізе бүгіп, Құдайға дұға етіп, оны мадақтауды жалғастыра берді. 11  Содан әлгі кісілер ішке кіріп келіп, Даниялдың өз Құдайына жалбарынып, рақым етуін сұрап жатқанын көрді. 12  Олар патшаның алдына барып, оның тыйым салу туралы жарлығын есіне салып: “Уа, патша, кімде-кім 30 күн ішінде өзіңізге емес, басқа бір құдайға не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың орына тасталсын деп тыйым салынған жарлыққа қол қоймап па едіңіз?”— деді. Патша: “Иә, мидиялықтар мен парсылардың ешқашан күшін жоғалтпайтын заңына+ сәйкес, бұл мәселе біржола шешілген”,— деп жауап берді. 13  Сонда әлгілер дереу: “Уа, патша, Яһудадан жер аударылып келген Даниял+ өзіңізді де, тыйым салу туралы бекіткен жарлығыңызды да елемейді. Ол күніне үш рет Құдайына дұға етіп жүр+”,— деді. 14  Мұны естігенде, патшаның көңілі қатты түсіп кетті. Ол Даниялды аман алып қалудың жолын іздестірді. Күн батқанға дейін ол оны құтқарып қалудың бар амалын жасады. 15  Ақырында, әлгілер патшаның алдына бір топ болып кіріп, оған: “Уа, патша, мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес, патша салған тыйымды не шығарған жарлықты өзгертуге болмайтынын+ есіңізден шығармаңыз”,— деді. 16  Содан патшаның бұйрығымен Даниял әкелініп, арыстандардың орына тасталды+. Патша Даниялға: “Өзің үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Құдайың сені құтқарып қалады”,— деді. 17  Сосын тас әкелініп, ордың аузына қойылды. Даниялға шығарылған үкім өзгертілмес үшін, патша өзінің және ұлықтарының мөрлі жүзігімен тасқа мөр басты. 18  Патша өз сарайына барып, түні бойы ораза ұстады, көңіл-көтеруден* де бас тартты. Түнде ұйқысы қашып, көз ілмей шықты. 19  Таң қылаң бере патша орнынан тұрып, арыстанның орына қарай асығыс жүріп кетті. 20  Ордың жанына барып, Даниялды аянышты дауыспен шақырып: “Даниял, тірі Құдайдың қызметшісі, өзің үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Құдайың сені арыстандардан құтқарып қала алды ма?”— деді. 21  Даниял дереу былай жауап қатты: “Уа, патша, мәңгі жасаңыз! 22  Құдайым періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып тастады+. Олар маған еш зиян келтірмеді+. Өйткені Құдай мені кінәсіз деп тапты. Уа, патша, сізге де еш жамандық жасаған емеспін”. 23  Патша қатты қуанып кетті де, Даниялды ордан шығаруды бұйырды. Ордан шығарылғанда, Даниялдың бірде-бір жері зақымдалмаған екен, себебі ол өз Құдайына сенім артқан еді+. 24  Содан соң патша әмір беріп, Даниялды айыптаған* кісілерді алдыртты. Сөйтіп, оларды әйелдерімен, бала-шағасымен қоса, арыстандардың орына тастатты. Ордың түбіне жетпей жатып-ақ, арыстандар оларға бас салып, парша-паршасын шығарды+. 25  Сосын Дарий патша жер бетіндегі барлық халықтарға, ұлттар мен әртүрлі тілдің адамдарына былай деп хат жолдады+: “Сендерге мол тыныштық тілеймін! 26  Мен мынаны бұйырамын: патшалығымның бүкіл аймағындағы халықтар Даниялдың Құдайынан қорқып, діріл қақсын+. Өйткені ол — тірі Құдай, ол мәңгі жасайды. Оның патшалығы ешқашан жойылмайды, билігі мәңгіге жалғасады+. 27  Ол өз халқын құтқарады+, аман сақтайды, аспан мен жерде белгілер көрсетеді+, таңғажайып істер жасайды. Сол Құдай Даниялды арыстандардың азуынан аман алып қалды”. 28  Даниялдың жағдайы Дарийдің+ де, парсы патшасы Кирдің де патшалығында өркендей берді+.

Сілтемелер

Немесе “префектер”. Түсіндірмедегі “Префект” сөзін қараңыз.
Мүмкін: “ән-күй орындаушыларды алдыртудан”.
Немесе “жала жапқан”.