Езра 3:1—13
3 Жетінші айда+ өз қалаларында тұрып жатқан исраилдіктер Иерусалимге бір кісідей жиналды.
2 Ехосадықтың ұлы Ешуа+ мен оның діни қызметкер ағайындары, Салателдің+ ұлы Зоробабел+ мен оның бауырлары Исраилдің Құдайына арнап құрбандық шалатын ошақ жасады. Сөйтіп, Құдайдың адамы Мұсаның Заңында жазылғанға сай, түгел өртелетін құрбандықтар ұсынбақ болды+.
3 Айналасындағы халықтардан қорыққандарына қарамастан+, олар құрбандық ошағын бұрынғы жеріне қайта орнатып, Ехобаға арнап түгел өртелетін құрбандықтарды таңертең және кешке ұсына бастады+.
4 Сосын, Заңда жазылғанға сәйкес, Күркелер* мейрамын өткізіп+, күн сайын түгел өртелетін құрбандықтардың талап етілетін санын әкеліп отырды+.
5 Сол кезден бастап олар күнделікті түгел өртелетін құрбандықтарды+, Жаңа туған ай+ мен Ехобаға арналған қасиетті мейрамдардың бәрінде+ ұсынылатын құрбандықтарды, сондай-ақ әрбір адам Ехобаға арнап шын жүректен ерікті құрбандықтарды+ әкелетін болды.
6 Ехобаның ғибадатханасының іргетасы әлі қаланбаса да, халық жетінші айдың бірінші күнінен+ бастап Ехобаға түгел өртелетін құрбандықтар ұсынды.
7 Халық тас кесетіндер+ мен ұсталарға+ ақша берді. Сонымен қатар Персия патшасы Кирдің жарлығына сай+, Ливаннан Иоппеге теңіз арқылы қарағай бөренелер тасып тұратын сидондықтар мен тирліктерге азық-түлік, сусын және май беріп тұрды+.
8 Иерусалимдегі Құдайдың үйіне оралғаннан кейінгі екінші жылдың екінші айында Салател ұлы Зоробабел, Ехосадық ұлы Ешуа, олардың діни қызметкер және леуілік бауырлары, сондай-ақ тұтқыннан босап, Иерусалимге оралғандардың барлығы+ құрылыс жұмысына кірісті. Олар жасы жиырмаға келген және одан асқан леуіліктерді Ехобаның үйіндегі жұмыстарды басқаруға тағайындады.
9 Осылай Яһуданың* ұрпағы — Ешуа мен оның ұлдары және бауырлары, Кадмиел мен оның ұлдары бірігіп, Құдай үйін соғып жатқан жұмысшыларға басшылық етті. Бұларға Хенададтың+ ұрпақтары — олардың ұлдары және ағайындары (бұлар да леуіліктер) қосылды.
10 Құрылысшылар Ехобаның ғибадатханасының іргетасын қалап біткенде+, арнайы киімдерін киген діни қызметкерлер кернейлерін+, ал леуілік Асаптың ұлдары шыңдарын алып, Ехобаны мадақтау үшін, Исраил патшасы Дәуіт орнатқан тәртіп бойынша тұрды+.
11 Олар Ехобаны дәріптеп+, ризашылық білдіріп: “Ол ізгі, Исраилге деген айнымас сүйіспеншілігі мәңгі”+,— деп кезек-кезек жырлады. Сонда бүкіл халық қатты дауыстап Ехобаны дәріптеді, өйткені Ехобаның үйінің іргетасы қаланған еді.
12 Бұрынғы киелі үйді көрген қарт діни қызметкерлер, леуіліктер мен әулетбасыларының көбісі+ жаңа үйдің іргетасы қаланғанын көргенде, дауыстап қатты жылады. Ал басқалары қуаныштан айғай салды+.
13 Жұрт қуанғандар мен жылағандардың даусын ажырата алмай қалды. Олардың қатты айғайлағаны сонша — дауыстары алысқа жетіп жатты.