Елшілердің істері 17:1—34
17 Олар Амфипол мен Аполония арқылы өтіп, Салоникаға келді+. Бұл жерде яһудилердің мәжілісханасы бар еді.
2 Пауыл әдеті бойынша+ сонда барып, үш Демалыс күн қатарынан Жазбалардың негізінде пікір алысты+.
3 Ол Мәсіхтің азап шегуі+ және қайта тірілуі+ керек болғанын түсіндіріп, Жазбалардан дәлелдер келтірді де: “Мен сіздерге жариялап жүрген Иса — сол Мәсіхтің өзі”,— деді.
4 Нәтижесінде, сонда отырғандардың кейбірі, сондай-ақ Құдайға ғибадат ететін көптеген гректер мен беделді әйелдердің біразы Исаның ізбасары болып, Пауыл мен Сыйласқа+ қосылды.
5 Алайда мұны көре алмаған яһудилер+ базар алаңында сандалып жүрген кейбір бұзақыларды өздеріне қосып алды да, тобыр ұйымдастырып, қаланы дүрліктірді. Сондай-ақ Пауыл мен Сыйласты қалың тобырдың алдына апармақ болып, Ясонның үйіне баса-көктеп кірді.
6 Оларды таппаған соң, Ясон мен кейбір бауырластарды қала әкімдеріне сүйреп апарып: “Бүкіл жержүзін шулатып жүрген адамдар енді осында келіпті+.
7 Ал Ясон оларды үйіне қонақ етті. Бұлардың бәрі Иса деген басқа патша бар деп, императордың* жарлықтарына қарсы шығып жүр”,— деп айқайлады+.
8 Қала әкімдері мен жиналған халық осыны естіп, қатты абыржыды.
9 Содан қала әкімдері Ясон мен басқалардан ақшалай кепілдік алғаннан кейін, оларды босатып жіберді.
10 Қараңғы түсісімен бауырластар Пауыл мен Сыйласты Береяға аттандырды. Сонда жеткен соң, олар яһудилердің мәжілісханасына барды.
11 Мұндағылар салоникалықтарға қарағанда дұрыс көзқарас ұстанады екен. Олар естіген нәрселерінің растығына көздерін жеткізу үшін Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеп, Құдай сөзін зор ықыласпен қабыл алды.
12 Сондықтан олардың көбісі Исаның ізбасары болды, араларында елге сыйлы грек әйелдер мен ерлер де аз болған жоқ.
13 Бірақ Салоникадағы яһудилер Пауылдың Құдай сөзін Береяда да уағыздағанын білген соң, жұртты дүрліктірмек болып сол жерге барды+.
14 Сонда бауырластар Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді+, ал Сыйлас пен Тімөте Береяда қала берді.
15 Шығарып салушылар Пауылмен Афинаға дейін барып, одан Сыйлас пен Тімөте+ мүмкіндігінше тезірек келсін деген нұсқау алғаннан кейін, кері қайтып кетті.
16 Оларды Афинада күтіп жүрген Пауыл қаланың пұттарға толы екенін көріп, қатты ашынды.
17 Содан мәжілісханадағы яһудилермен, Құдайға ғибадат ететін өзге адамдармен және күн сайын базар алаңында кезіккендермен пікір алысып жүрді.
18 Эпикур* мен стоик* пәлсапашыларының кейбірі онымен айтысып: “Мына мылжың не айтқысы келеді?”— десе, өзгелері: “Ол бөтен құдайларды уағыздап жүрген сияқты”,— десті. Өйткені ол Иса туралы және қайта тірілу жайлы ізгі хабарды жариялаған еді+.
19 Содан олар Пауылды Ареопагқа* алып барып: “Сіз уағыздап жүрген жаңа ілім жайлы білсек бола ма?
20 Айтып жүргеніңіз құлағымызға оғаш естіледі, сондықтан оның не екенін білгіміз келеді”,— деді.
21 Себебі барлық афиналықтар және сол жерде тұрып жатқан шетелдіктер бос уақыттарын жаңалық айтумен я тыңдаумен ғана өткізетін.
22 Пауыл Ареопагтың+ ортасында тұрып, былай деді:
“Афиналықтар, байқауымша, сіздер өзгелерге қарағанда құдайлардан көбірек қорқатын* сияқтысыздар+.
23 Мысалы, қадір тұтатын* нәрселеріңізге қарап өтіп бара жатқанымда, “Белгісіз Құдайға” деген жазуы бар құрбандық орнын көрдім. Мен сіздерге өздеріңіз танымасаңыздар да ғибадат етіп жүрген осы Құдайды жариялап жатырмын.
24 Дүниені және сондағының бәрін жаратқан Құдай, аспан мен жердің Иесі+, адам қолымен соғылған ғибадатханаларда тұрмайды+.
25 Ол адам баласының өзіне қызмет етуіне де мұқтаж емес+, өйткені оның өзі барлығына өмір, тыныс+ және қажеттінің бәрін береді.
26 Бүкіл жер бетін мекендесін деп+, ол бір адамнан күллі халықтарды шығарды+ әрі олар тұратын жерлердің шегін және мерзімдерді белгілеп қойды+.
27 Құдай мұны адамдар өзін іздесін әрі сезініп, тауып алсын деп істеді+. Бірақ шындығында ол әрқайсысымыздан алыс емес.
28 Өйткені оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз. Араларыңыздағы кейбір ақындар “біз оның балаларымыз” деген ғой.
29 Ендеше, Құдайдың балалары болсақ+, ол алтынға, күміске, тасқа не адамның ақыл-ойынан шыққан нәрселерге ұқсас деп ойламауымыз керек+.
30 Бір кездері Құдай адамдардың осылай білместік жасағанына назар аудармаған+. Ал қазір ол жер-жерді мекендейтін адамдарға өкіну керектігін айтып жатыр.
31 Өйткені ол бүкіл жержүзін әділдікпен соттайтын+ күнді белгілеп, сотты жүргізетін кісіні тағайындап қойды және сол кісіні қайта тірілту арқылы барлық адамзатқа кепілдік берді+”.
32 Қайта тірілу жайлы естігенде, кейбірі оны келеке етсе+, өзгелері: “Бұл туралы тағы бір жолы айтып берерсіз”,— деді.
33 Сөйтіп, Пауыл сол арадан кетіп қалды.
34 Алайда кейбіреулер оған қосылып, Исаның ізбасары болды. Олардың арасында Ареопагтағы соттың мүшесі Дионис және Дамар есімді әйел де бар еді.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “цезарьдың”.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Ежелгі Афинадағы төбе. Жоғарғы сот та сол жерде жиналатын.
^ Немесе “діншіл”.
^ Немесе “мінажат ететін”.