Еремия 36:1—32
36 Яһуданың патшасы Жосия ұлы Ехоякімнің+ билік құруының төртінші жылы Ехоба Еремияға сөзін арнап былай деді:
2 “Шиыршық* ал да, оған Жосияның тұсында өзіңе алғаш рет сөйлеген күннен бастап бүгінге дейін Исраилге, Яһудаға+ және барлық халықтарға+ қарсы айтқан сөздерімді түгел жазып қой+.
3 Бәлкім, Яһуданың үйіндегілер мен жібергелі жатқан барлық апат жайлы естігенде, зұлым жолдарынан қайтар. Сонда мен олардың қылмысы мен күнәсін кешіремін+”.
4 Еремия Нериях ұлы Барухты+ шақырды. Сөйтіп, оған Ехобадан алған сөздерді бірін қалдырмай айтып отырды, ал Барух оны шиыршыққа жазып алды+.
5 Сосын Еремия Барухқа былай деп бұйырды: “Мен қамауда отырмын. Ехобаның үйіне кіре алмаймын.
6 Сондықтан сен сол жерге барып, менің айтуыммен шиыршыққа жазып алған Ехобаның сөздерін дауыстап оқы. Оны ораза күні Ехобаның үйіне келген жұртқа естіртіп оқы. Осылай мұны өз қалаларынан келген бүкіл Яһуда халқы еститін болады.
7 Бәлкім, олардың рақым етуін сұраған дұғалары Ехобаның құлағына жетер. Сөйтіп, бет бұрып, әрқайсысы зұлым жолынан қайтар. Өйткені Ехобаның бұл халыққа төккелі тұрған ашуы мен қаһары өте зор”.
8 Содан Нериях ұлы Барух Еремия пайғамбардың бұйырғандарын түгел орындап, Ехобаның шиыршыққа жазылған сөздерін Ехобаның үйінде дауыстап оқып берді+.
9 Яһуданың патшасы Жосия ұлы Ехоякімнің+ билік құруының бесінші жылының тоғызыншы айында Иерусалимнің бүкіл тұрғынына және сол жерге Яһуданың қалаларынан келген күллі халыққа Ехобаның алдында ораза ұстау жарияланды+.
10 Сонда Барух Еремияның шиыршыққа жаздырған сөздерін Ехобаның үйінде, көшірмеші Шафан+ ұлы Гемарияхтың+ бөлмесінде күллі жұртқа дауыстап оқып берді. Бұл бөлме жоғарғы аулада, Ехобаның үйінің жаңа қақпасының маңында орналасқан еді+.
11 Шафанның немересі, Гемарияхтың ұлы Михая шиыршықтан оқылған Ехобаның барлық сөзін естігенде,
12 патша сарайындағы хатшының бөлмесіне барды. Ол жерде әміршілердің* бәрі: хатшы Елишама+, Шемаях ұлы Делаях, Ахбор+ ұлы Елнатан+, Шафан ұлы Гемариях, Хананиях ұлы Седекия және басқа да әміршілер — отырған еді.
13 Михая оларға Барухтың күллі жұртқа шиыршықтан дауыстап оқыған сөздерінің бәрін айтып берді.
14 Сонда әміршілер Құшидің шөбересі, Шелемияхтың немересі, Нетанияхтың ұлы Ехудиді Барухқа жіберіп: “Жұртқа дауыстап оқып берген шиыршықты алып, бізге кел”,— деп айтқызды. Нериях ұлы Барух шиыршықты алып, әміршілердің алдына келді.
15 Олар оған: “Кел, отыршы. Шиыршықты бізге оқып берші”,— деді. Барух оқып берді.
16 Бұл сөздерді естігенде, олар бір-біріне үрейлене қарады да, Барухқа: “Бұл сөздердің бәрін міндетті түрде патшаға жеткіземіз”,— деді.
17 Кейін Барухтан: “Мұның бәрін қалай жазғаныңды айтшы. Оның өз аузынан естіп жаздың ба?”— деп сұрады.
18 Бұған Барух: “Ол маған осы сөздердің бәрін айтып отырды, мен сиямен шиыршыққа түсіріп отырдым”,— деп жауап қатты.
19 Сонда әміршілер: “Бар да, Еремия екеуің бір жерге жасырыныңдар. Қайда екендеріңді ешбір жан білмесін”,— деп ескертті+.
20 Содан өздері сарай ауласына, патшаның алдына барды, ал шиыршықты хатшы Елишаманың бөлмесіне қалдырып кетті. Сөйтіп, олар естіген сөздерін патшаға түгел айтып берді.
21 Патша Ехудиді+ жіберіп, хатшы Елишаманың бөлмесіндегі шиыршықты алдыртты. Ехуди оны патшаға және оның жанында тұрған әміршілерге естіртіп оқи бастады.
22 Бұл тоғызыншы ай* болатын. Патша қысқы сарайында отырған, ал алдында ашық пеште от жанып тұрған еді.
23 Ехуди шиыршықта жазылғанның үш-төрт бағанасын оқып болған сайын, патша оны хатшының пышағымен кесіп алып, пештегі отқа тастап отырды. Осылай бүкіл шиыршық жанып кетті.
24 Мұны естігендердің ешқайсысы — патша да, оның қызметшілері де қорыққан жоқ, киімдерінің өңірін жыртқан жоқ.
25 Елнатан+, Делаях+ пен Гемариях+ шиыршықты өртемеуін сұрап жалынса да, патша оларға құлақ аспады.
26 Сосын ол патша ұлы Ерахмелге, Азриил ұлы Сераяхқа және Әбділ ұлы Шелемияхқа хатшы Барух пен Еремия пайғамбарды тұтқынға алуды тапсырды. Бірақ Ехоба оларды жасырып қойды+.
27 Еремияның айтуымен Барух жазған шиыршықты+ патша өртеп жібергеннен кейін, Ехоба Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
28 “Басқа бір шиыршық ал да, оған Яһуда патшасы Ехоякім өртеп жіберген+ алғашқы шиыршықтағы сөздерді түгел жазып қой.
29 Яһуданың патшасы Ехоякімге Ехоба айтты деп былай де: —Сен шиыршықты өртеп “Бабыл патшасы сөзсіз келеді де, осы елді жойып, адамды да, аңды да қалдырмайды дегенді неге жазасың?” депсің+.
30 Сол үшін Ехоба Яһуда патшасы Ехоякім туралы былай дейді: —Оның ұрпағынан Дәуіттің тағына отыратын ешкім болмайды+. Оның мәйіті күндізгі аптап пен түнгі суыққа қалады+.
31 Мен оның өзін, үрім-бұтағын және қызметшілерін күнәсі үшін жауапқа тартамын. Оларға, Иерусалим тұрғындары мен Яһуданың адамдарына өзім айтқан апаттардың бәрін жіберемін. Бұлар жайлы ескертсем де+, құлақ аспады+”.
32 Содан Еремия басқа бір шиыршықты алып, хатшы Нериях ұлы Барухқа берді+. Еремия Яһуда патшасы Ехоякім өртеп жіберген+ шиыршықтағы сөздердің бәрін қайтадан айтып шықты, ал Барух оларды жазып алды. Сондай-ақ осыған ұқсас басқа да көптеген сөздерді жазып қойды.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “шиыршық кітап”.
^ Немесе “сарай қызметкерлерінің”.
^ Бұл кез қарашаның екінші жартысы не желтоқсанның бірінші жартысы болуы мүмкін. Ә15 қосымшасын қараңыз.