Ефестіктерге 1:1—23

  • Сәлемдесу (1, 2)

  • Киелі рух арқылы берілген баталар (3—7)

  • Барлығын Мәсіхтің қол астына жинау (8—14)

    • Белгіленген уақытта “істерді басқару” (10)

    • Киелі рух — мұра алудың кепілі (13, 14)

  • Пауылдың ефестіктердің сенімі үшін Құдайға алғыс айтып, солар үшін дұға етуі (15—23)

1  Құдайдың еркі бойынша Мәсіх Исаның елшісі болған Пауыл Мәсіх Исаның Ефестегі қасиетті де адал шәкірттеріне+ жазып отыр.  Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!  Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол Мәсіхпен бірліктегі біздерге киелі рухы арқылы көкте әр алуан баталар берді+.  Сондай-ақ бізді өзінің алдында қасиетті де таза болуымыз+ және сүйіспеншілік көрсетуіміз үшін, Мәсіхпен бірлікте болсын деп дүниенің негізі қаланғаннан* бұрын таңдап алды.  Ол өз қалауы мен еркіне сай+, Иса Мәсіх арқылы бізді өзінің балалары+ етуге алдын ала белгіледі+.  Бұны сүйікті Ұлы+ арқылы бізге көрсеткен рақымы+ мадақталу үшін істеді.  Құдайдың зор рақымының арқасында Ұлының қанымен төленген құн арқылы азат етілуімізге+, яғни күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды+.  Құдай бізге рақымын молынан жаудырды, зор даналық пен түсінік те берді  және өзінің еркіне қатысты қасиетті құпияны ашты+. Бұл құпияны Құдай өз қалауына сай жүзеге асыруды ниет етті. 10  Оның ниеті — белгілеген уақыты аяқталғанда, істерді басқару, яғни көк пен жердегілердің бәрін Мәсіхтің қол астына жинау+. Иә, ол бәрін соның қол астына жинайды. 11  Барлығын өз еркіне сай жүзеге асыратын Құдай өз ниеті бойынша бізді алдын ала таңдап алғандықтан, Мәсіхпен бірліктегі біздер де мұрагер болып тағайындалдық+. 12  Мәсіхке бірінші болып үміт артқан біздер арқылы Құдай мадақталып, даңқталу үшін осылай болды. 13  Шындық сөзін, яғни құтқарылатындарың туралы ізгі хабарды, естігеннен кейін, сендер де оған үміт арттыңдар. Оған сенген соң, уәде етілген киелі рухпен Мәсіх арқылы сендерге мөр басылды+. 14  Киелі рух — мұраны алатынымыздың кепілі+. Ал мөр басылуының мақсаты — Құдай мадақталу үшін меншікті халқының+ төлем арқылы+ азат етілуі. 15  Сондықтан Иеміз Исаға деген сенімдерің мен барлық қасиеттілерге көрсетіп жатқан сүйіспеншіліктерің жайлы естігенде, мен де 16  сендер үшін әрдайым Құдайға алғыс айтамын. Дұға еткен сайын сендерді еске алып, 17  Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы әрі даңқты Әкеміз сендерге даналық рухын берсе екен және өзі ашып отырған тура білімді түсінсеңдер екен деп сұраймын+. 18  Сондай-ақ көкірек көздеріңді* ашқан ол сендерді қандай үмітке шақырғанын, қасиеттілерге мұра+ ретінде қандай зор байлық беретінін 19  және оның құдіретті күшінің біздерге, сенушілерге, қалай әсер ететінін+ білсеңдер екен деп сұраймын. Бұл күштің қаншалықты зор екені Құдайдың өз құдіретін қалай қолданғанынан көрінеді. 20  Ол осы күшімен Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, көкте өзінің оң жағына отырғызды+. 21  Сондықтан ол қазіргі ғана емес, сондай-ақ келешек замандағы* күллі үкімет пен биліктен, күштен, билеушілерден және күллі есім атаулыдан әлдеқайда жоғары+. 22  Құдай бәрін Мәсіхтің аяғының астына салып, оған бағындырды+, әрі қауымның игілігі үшін бәрінің басы етіп қойды+. 23  Қауым — Мәсіхтің денесі+. Бәрін барлық жағынан толтыратын Мәсіх қауымды да толтырады.

Сілтемелер

Бұл Адам ата мен Хауа ананың балалары туылған кезге нұсқайды.
Сөзбе-сөз “жүрек көздеріңді”.