Жохан 10:1—42

  • Бағушы және қой қоралар (1—21)

    • Иса — “ізгі бағушы” (11—15)

    • “Менің басқа да қойларым бар” (16)

  • Бағыштау мейрамы кезінде (22—39)

    • Көптеген яһуди Исаға сенгісі келмейді (24—26)

    • “Қойларым даусыма құлақ салады” (27)

    • “Әкем екеуміз бірліктеміз” (30, 38)

  • Иорданның арғы бетінде көп адамның Исаға сенуі (40—42)

10  Иса былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, кім қой қораға есіктен емес, басқа жерден кірсе, сол — ұры әрі тонаушы+.  Ал кім есіктен кірсе, қойдың бағушысы — сол+.  Қарауыл оған есік ашады+, ал қойлар оның даусына құлақ салады+. Бағушы өз қойларын атын атап шақырып, сыртқа шығарады.  Барлық қойын шығарған соң, олардың алдында жүріп отырады. Қойлары болса артынан ереді, өйткені оның даусын таниды.  Ал бөтен адамға ермей, одан қашады, себебі бөтендердің даусын танымайды”.  Иса оларға осы мысалды айтып берді, бірақ олар айтқандарының мәнін түсінбеді.  Сондықтан Иса тағы да былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, мен қойлар кіретін есікпін+.  Менің атымды жамылып келгендердің бәрі — ұры әрі тонаушы. Алайда қойлар оларға құлақ асқан жоқ.  Мен есікпін. Мен арқылы кірген әркім құтқарылады, ол кіріп-шығады, әрі жайылым табады+. 10  Ұры тек ұрлап, сойып, құрту үшін ғана келеді+. Ал мен олар өмірге, мәңгілік өмірге, ие болсын деп келдім. 11  Мен ізгі бағушымын+. Ізгі бағушы қойлары үшін жанын қияды+. 12  Жалдамалы адам бағушы да, қойдың иесі де болмағандықтан, қасқыр келе жатқанын көрсе, қойды тастап, қаша жөнеледі. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жібереді. 13  Ол — небәрі жалданушы ғана, сондықтан қойлардың қамын ойламайды. 14  Мен ізгі бағушымын. Әкем мені, мен Әкемді білетінімдей+, 15  мен қойларымды, қойларым мені біледі+. Мен қойларым үшін жанымды қиямын+. 16  Менің бұл қорадағыдан+ басқа да қойларым бар. Соларды да алып келуім керек, олар менің даусыма құлақ салады. Сонда бәрі бір бағушысы+ бар бір отар болады. 17  Әкем мені жақсы көреді+, себебі мен жанымды қиямын+. Мен оны қайтып алу үшін қиямын. 18  Жанымды ешкім менен тартып алмайды, оны өз еркіммен қиямын. Оны қиюға да, қайтып алуға да билігім бар+. Мұны маған Әкем өсиет еткен”. 19  Бұл сөздерден кейін яһудилер тағы да өзара жікке бөлініп кетті+. 20  Көпшілігі: “Оның бойында жын бар, есі дұрыс емес. Оны неге тыңдап тұрсыңдар?”— десе, 21  өзгелері: “Бұл — бойында жын бар адамның сөзі емес. Жын соқырлардың көзін аша ала ма?”— деп жатты. 22  Осы кезде Иерусалимде Бағыштау мейрамы* өтіп жатқан еді. Бұл қыс мезгілі болатын. 23  Иса ғибадатхананың Сүлеймен бағаналары деп аталатын жерінде+ жүргенде, 24  яһудилер оны қоршап алып: “Неге өзіңнің кім екеніңді айтпайсың? Мәсіх болсаң, ашығын айт!”— дей бастады. 25  Иса оларға былай деді: “Мен айттым, бірақ сендер сенбейсіңдер. Әкемнің атынан жасап жүрген істерім мен жайлы куәлік етеді+. 26  Бірақ сендер сенбейсіңдер, өйткені менің қойларым емессіңдер+. 27  Қойларым даусыма құлақ салады. Мен оларды білемін, олар соңымнан ереді+. 28  Қойларыма мәңгілік өмір беремін+. Олар ешқашан құрымайды, сондай-ақ оларды менің қолымнан ешкім тартып алмайды+. 29  Әкемнің маған берген қойлары бәрінен де бағалы. Ешкім оларды Әкемнің қолынан тартып ала алмайды+. 30  Әкем екеуміз бірліктеміз*+”. 31  Яһудилер тағы да тас алып, оны ұрмақ болды. 32  Сонда Иса: “Көз алдарыңда Әкем тапсырған көптеген игі істер жасадым. Солардың қайсысы үшін мені таспен ұрмақсыңдар?”— деді. 33  Олар болса: “Біз сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін таспен ұрмақпыз+. Сен адам бола тұра, өзіңді құдай етіп тұрсың”,— деді. 34  Исаның жауабы мынау болды: “Заңдарыңда* Құдайдың өзі “сендер құдайсыңдар*+ деген емес пе? 35  Егер Құдай өзі айыптағандарды “құдайлар”+ деп атаса (ал Жазбаларды жоққа шығару мүмкін емес), 36  онда Әкемнің өзі қасиетті еткен әрі осы дүниеге жіберген мені “Құдай Ұлымын” дегенім үшін қалайша “оны қорлап жатырсың” дейсіңдер+? 37  Егер Әкемнің істерін істеп жатпасам, маған сенбей-ақ қойыңдар. 38  Ал істеп жатсам, өзіме сенбесеңдер де, істеген істерім арқылы сеніңдер+. Сонда Әкем менімен, мен Әкеммен бірлікте екенімді білесіңдер, әрі ұға түсесіңдер+”. 39  Олар Исаны тағы ұстап алмақ болды, бірақ ол ұстатпай кетіп қалды. 40  Бұдан кейін Иса қайтадан Иорданның арғы бетіне — бұрын Жақия шомылдыру рәсімін жасаған жерге+ — барып, сол жақта қалды. 41  Оған көп адам келіп, өзара: “Жақия ешқандай керемет жасамаса да, мына кісі туралы айтқандарының бәрі рас екен+”,— десті. 42  Сол жерде Исаға көпшілігі сенді.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “бірміз”.
Немесе “Мұса Заңы”.
Немесе “құдай іспеттісіңдер”.